110
беттен шауып келе жатқан едi. Казактар солармен бетпе-бет кеп қалды. Олармен қылыштасу
басталған сәтте екi айырылған қоқандықтардың тобы сырт жақтан қаусырып орап ала
қойды. Айқай-сүрен, боқтасу, ырс-ырс еткен кiсiлердiң кiжiнгенi естiлiп тұрды.
Қоқандықтар қоршап ап, әп-сәтте казактарды туралап тастады. Бiр казак топ арасынан
бұлқынып, шыға қашып едi, iзiнен екi қоқандық қуып бердi. Казак жаралы болса керек, оң
қолындағы қылышын дұрыстап ұстай алмайды. Екi қоқандық екi қапталдан жақындай бере,
найзасымен түйреп, оны ер үстiнен аудара бердi. Казак жерге дүрс еткенде, бiр қоқандық
екiншi рет найзамен шаншып үлгердi. Казак тыпырлап бiраз жатты. Қоқандықтың бiрi сол
кезде атынан түсе қап, қылышымен бiр тартып, казактың басын кесiп алды да, найзасының
ұшына түйреп, атына қайта мiндi. Сосын қамалды айнала шауып жүрiп, бұлар жаққа қарап,
бiрдеме деп айқайлап, әлгi басты қамалдың iргесiне қарай лақтырып жiбердi де, керi салды.
Перонский қап-қара боп кеттi:
— Мына малғұнды-ай! Атыңдар, атыңдар! — дедi ол қырылдап. — Әй, болыңдар!
Заря-я-я-жай! — Ол шыдамсызданып, қолын жоғары көтердi де, төмен сiлтеп қалды.
Мылтықтар бытырлап атыла бастағанда қоқан сарбазы оқ жетер жерден шығып
үлгерген де едi. Елмырза ол жаққа шошына қарады. Сәлден кейiн жаңа ғана лепiрiп шыққан
казактардың аттары ойнап шыға келдi. Майданда кескiленген денелер тау болып үйiлiп
жатты.
Перонский не iстерiн бiлмей, қалшылдап, адъютантына бұйырып, француз коньягын
iштi. Аузын жеңiмен сүртiп тұрып:
— Қап, бәлем, сендердi ме, басурмандар! — дедi.
Елмырза осы бiр сөздiң астарында не жатқанын түсiнбедi. Соңғы күндерi осы сөздi
генерал жиi айтатын болып кеткесiн-ақ, оның соншалық жақсы сөз еместiгiн түсiне қойды.
Сосын кәзiргi жағдайды таразыға сап, есептеп жiберiп, осы қалыппен бұлардың
қоқандықтарға әлдерi келмесiн сездi. Тек қана қорғанып күнелтпесе, басқа амал жоқ деп
бiлдi.
Перонский де солай ойлап тұр екен, дереу бұйрық бердi:
— Қақпалардың алдына әскерлердi топтаңдар. Қорғанып соғысамыз! Артиллерия
сақадай-сай тұрсын! Тамақ сол жерге апарылып берiлсiн!
Оның көмекшiсi бұйрықты бөлiмшелерге жеткiзбек боп, екi өкпесiн қолына алып,
жүгiре жөнелдi.
Қоқандықтар түс болып қалғасын ба, қайтып шабуылға шықпады. Өз шептерiне
қайтып, аттарынан түсiп, демалуға кiрiстi. Аспаздардың қолдарына табақ-табақ палау алып
жүгiрiп жүргенi бұларға анық көрiнiп тұрды.
Қамал басында тұрған казактар оларға қызыға қарады. Кейбiреулерi боқтап жатыр:
— Вот, оңбағандар, а?
— Ана палауды жейдi кәзiр!
— Баяғыда Түркияда да осындай бiр қамалда қоршауда қалған едiк, — дедi бiр сақал-
мұрты қауғадай қарт казак цигарының түтiнiн бұрқыратып тұрып. — Сонда янычарларда
дәл осылай өткен. Олар көз алдымызға әкеп, қойларын сойып, iстiкке тығып, шашлык жасай
бастаған. Бiз болсақ, өлердей ашпыз. Аналарға қарап, әбден ит жынымыз тырысты. Атайық
десек, оқ жетпейдi. Оның үстiне патрон да аз. Сосын лаж жоқ, боқтап-боқтап отыра бердiк.
— Дмитрич, мына қоқандықтар да янычарлар сияқты емес пе? — дедi бiр мұрты жаңа
тебiндеп келе жатқан жас қазақ.
— Оны құдай бiлсiн.
— Өздерiнiң түрлерi ұқсас қой.
— Все они магометане же, — дедi бiр ұзын бойлы казак бiлгiшсiнiп.
— Сен де бiр! — деп басқа бiреуi кейiп қалды. — Бәрi де басурмандар ғой!
Сол арада олар бiр-бiрлерiн түрте-түрте қалысты:
— Тише! Хорунжий келе жатыр! Ол ит құлағы салпайған бiрдеме, естiгенiн генералға
айтып барады.
Олар дереу ауыздарына құм құя қойды. Ұзын сирақты, мұрты ширатылған хорунжий
қастарынан өтiп кеткесiн барып, олар сыбырласа бастады:
— Англияның әскерi Ауғанстанда жүр дейдi.
— Олар Үндiстанды басып алғалы қашан. Содан бермен қарай жылжып келедi.
— Бiздiң патшаның солармен соғысып қалуы мүмкiн деген қауесет тарап жүр.
— Жоға, үйтпес. Үйте қалса, ол Ұлы Британияның арыстанын мышық қып, джунглиге
жiберемiз.
— Ана француздар да жайына қарап жатқан жоқ. Олардың да дәмелерi зор.
— Қарай гөр өздерiн. Лягушатники! Баяғыда он екiншi жылы быт-шыт қылып едiк.
— Айтпа!
Сол күнi қоқандықтар еш әрекет етпестен жатып алды. Қамалды қоршап, ешкiмдi
сыртқа шығармай, ешкiмдi де кiргiзбей, екi екi күн ұдайы тұрды. Қамал iшiнде азық-түлiк