Стр. 112 - Ulisel4tom

Упрощенная HTML-версия

111
таусыла бастады. Перонский қордағы бар арақты казактарға үлестiрiп бергiздi. Әскердiң
жейтiн сыбағалы тамағын қытып ұстап, мөлшерiн әбден азайтты. Мына қалпымен бұлардың
қамалды бiр ай да ұстап тұра алмасы белгiлi боп қалды. Осындай қиын кезде казактар бүлiк
шығарды. Олар шуылдасып, Елмырза жақты сiлтеп:
— Мына ит киргиз бiздiң тамағымызға ортақ болды!
— Оның жiгiттерi еш соғыспастан, нанды күйсеп жатыр!
— Соларды осы шақырған кiм? — деп топталып, бұның жанына келдi.
Елмырза оларға шоши қарады. Ара түскен тiлмәштi бiр iрi казак бiр ұрып жалп еткiздi.
Сосын ол бұның жағасына жармасып, сары тiстерiн көрсетiп, аузынан темекi мен арақтың
иiсi мүңкiп тұрып, талап жейтiндей боп, бiрдеме дедi. Мұның түсiнбегенiн бiлiп, тiлмәштi
бiр теуiп, қасына шақырып алды. Өзiнiң қолы қарулы екен, өңешiн сығып бара жатқасын,
Елмырза жан-дәрмен дөп қимылдап, оның қолына жармасты. Анау мұның жағасын босата
қоймады. Сол кезде Елмырза жас кездегi бiр қайратына салып, екi қолымен ананың қолын
қатты жұлқып жiберiп, тамағын босатып алды. Ол ендi бұрын ұрмақ боп ұмтылып едi,
Елмырза әл бермедi. Қапсыра құшақтап, тырп еткiзбей қойды. Әлгi казак бақырып:
— Иттер! Киргиздар! Бәрiлерiңдi қыру керек! — дедi.
Тiлмәштiң көзi бақырайып кеткен. Басқа казактар қолдарына қылыш, қанжарларын
алып, берi қарай жүгiрiп келе жатты. Мына қалпымен қырғын болатыны анық едi. Шошып
қалған қазақ жiгiттерi кейiн қарай шегiне бердi. Барлығы да қарусыз болатын. Перонский
бұларға сенбей, мылтық бергiзбей қойған-ды. Ендi-ендi қырғын басталады-ау деп тұрғанда,
бұлардың қасына Перонскийдiң адъютанты ағызып жеттi. Келе казактарға айқайлап:
— Кетiңдер, мерзавцы! Әскери трибуналға берем! Кетiңдер! — дедi.
Казактар оған тына қойған жоқ.
— Мынаның трибунашылын қарай гөр!
— Шiңкiлдеген неменiң қорлығы-ай! Өзiн берi әкелшi!
— Әй, казактар, тепкiлеңдер ананы!
Олар адъютантқа қарай тұра ұмтылды. Ол болса, атының басын бұрып ап, кейiн қарай
қаша жөнелдi. Сосын өзiн ұстамақ болған бiр казакты қамшысымен басына бiр тартып, топ
арасынан атқып шықты да, әрi қарай шаба жөнелдi.
Елмырза ендi кешiксе, өлетiнiн бiлдi. Дереу шалт қимылдап, казакты итерiп жiберiп, өз
жiгiттерiне қарай қорбаңдай жүгiрдi. Қорқып қап, үркiп тұрған оларға қуат берiп:
— Әй, қорықпаңдар! Бұлар да адамның баласы! Сойылдарыңды қолдарыңа алыңдар!
Қорғана отырып төбелесемiз, — дедi. Келе өзi бiр жiгiттiң қолындағы сойылын жұлып алды.
Казактар ендi бұлар жаққа жапа-тармағай жүгiрдi. Келе жұдырықтасу басталып кеттi.
Елмырза сойылмен ұрып, бағанағы iрi казакты жер қаптырды. Казактар жұдырықтасуға
мықты екен. Құлаштап ұрып жүрген қазақ жiгiттерiне әл бермедi. Сол арада Елмырза ақыл
тауып, қатты айқайлап:
— Сойылмен ұрыңдар! Қаптаңдар! — дедi.
Сойылы бар жiгiттер жиырма шақты едi. Ендi олар топтасып, қалған жiгiттердi
қалқалап, шегiне отырып ұрыса бастады. Келген казакты келгендей ұрып жыға бердi.
Қолдары жетпеген казактар ендi қылыштарын суырып-суырып алысты. Нағыз қырғын
басталғалы тұрған осы бiр сәтте олардың сырт жағынан дүбiр шықты. Жалт-жалт қараса,
жүзге жуық атты казак дүсiрлетiп келiп қалған екен. Олар келе казактарды қамшымен сабап,
боқтап, керi қарай ысыра бастады. Адъютант бас болып жүрiп, бүлiк шығарған казактарды
қуып таратты. Iшiнде бағана көзге түскен бес-алтауын ұстап ап, қолдарын арттарына қайыра
байлатып, бiр дараққа таңып тастатты. Осы кезде ақбоз атқа мiнген Перонскийдiң өзi
көрiндi. Оның өңi қашып кетiптi. Ол барлық әскердi екi бөлiп, сапқа тұрғызып, бiрдеме деп
сөйлеп жатты. Қасында тiлмәшi жоқ Елмырза оның не дегенiн түсiнбедi. Әйтеуiр, оның
казактарға ұрысып жатқанын бiлдi. Сосын жиырма шақты солдат барабандарын дүрсiлдетiп
соға жөнелдi. Бiр солдат жүгiрiп барып, ұсталғандардың бiрiн жағасынан алып, жетелеп
отырып, қатар тұрған екi саптың арасынан өткiзе бастады. Әлгi казакты екi жақта сапта
тұрғандар кезекпе-кезек қолдарындағы темiр шыбықтарымен ұрып-ұрып қалады. Сәлден
соң бүлiкшiл казактың арқасы дал-дал болды. Қып-қызыл қаны ағып, жерге тамшылай
тамды. Ол саптың арғы бетiне шыға бергенде есiнен танып, жерге құлап түстi. Оны әлгi
солдат сүйретiп апарып, шаң арасына тастай салды.
Қалған бүлiкшi казактар да саптап өттi. Олар да қып-қызыл боп, естерiнен танып,
сұлап-сұлап жатысты.
Перонский тағы да сөз сөйлеп, әскерлерiн таратты да, Елмырзаға жақын келдi. Ашуын
жинай алмай тұрып:
— Полковник мырза, сiз осындай... былайша айтқанда, түсiнбестiк болғанын, Христ
үшiн, кешiрiңiз. Айыпты кiсiлер тиiстi жазасын алды. Оларды аямаймыз. Бiз сiздiң ақ
патшаға берiле, адал қызмет етiп жүргенiңiзге сенемiз, — дедi.