112
— Рахмет қадырданды ұлық, — деп Елмырза басын идi. Iшiнен кiжiнiп: “Осы...
мынаған сенiп жүрген мен де ақымақпын”, — деп қойды.
Әскерлер орын-орындарына кеткесiн, қазақ жiгiттерi Елмырзаны қоршап алды.
Олардың бәрi де жаңағыдан өлердей қорқып қалған екен. Дереу шуылдаса жөнелдi:
— Елеке, бұлардың мынау қай қорлығы?
— Солардың сойылын соғып жүргендегi көргенiмiз осы ма?
— Суға сенбе, түбi жоқ, орысқа сенбе, дiнi жоқ деген нақ осы. Болмаса бүйтер ме едi?
— дедi бiр Қошқаралының жiгiтi судырап.
— Қой, сен олай деме, — дедi Елмырза қабағын шытып, — орыстың бәрi бiрдей емес
қой. Жаңа өздерiң көрдiңдер, бүлiкшiлер өз сазайларын тартты. Жандарал соны жаңа маған
айтып кеттi.
— Айтсын, айтпасын, мынадан кейiн... қиын өзi, — деп бiр Кете жiгiтi қиястап шыға
бердi.
Елмырза ештеңе дей алмады. Бәрiнен бұрын өзiн жұрт алдында масқаралап,
буындырғанына жыны келдi. Сосын сазарып, қанын iшiне тартып ала қойды.
Ертеңiне олар таң азаннан тұрып, қоқандықтардың шебiне көз салды. Олар бұрынғыдай
емес, бiр түрлi араларына абыржу кiргендей қозғала бастапты. Бұлар оларды қайтадан
шабуылдайды деп қорқып едi, жоқ, кенет Қоқан әскерi атқа қонды да, шығысқа қарай
шұбалып, суыт жорта жөнелдi. Перонский өз көзiне өзi сенбей аң-таң:
— Бұл қандай маневр? Қандай қулық ойлады, а? — Ол Елмырзаға қарады.
Елмырза екi иығын қиқаң еткiздi:
— Өзiм де түсiнбей тұрмын. Шынында да, бұлардың мынасы несi?
— Ит бiлiп пе?
Қоқандықтар көзден көрiнбей кеткесiн де, орыс әскерi қамалдан шығуға қорқып, iркiле
бердi. Түн өттi. Ертеңiне де олар көрiнбедi. Сосын Елмырза қасына жүз шақты жiгiтiн ертiп,
барлауға шығып қайтты. Қоқандықтардың iзi сайрап жатыр. Олар асығыс жүрiп отырып,
бiраз жердi ұтып алыпты. Соны көрiп, Елмырза ендi олардың қайтып келмесiн бiлiп керi
қайтты. Сол күнi ол да, Перонский де Ұратөбеге Насрулла әмiрдiң көп әскермен кеп, Хұдаяр
ханның қолын қыспаққа алғанын, сосын оның амалсыздан Якуббектiң сарбаздарын көмекке
шақырғанын бiлмеген едi.
Осы шайқас үшiн Елмырза ат-шапан кидi. Перонский Петербургқа шайқасты суреттеп,
ұлы жеңiс деп асқақтата мадақтап, өтiрiк ақпар берiп жiбердi.
Елмырза тағы да Ақмешiт қамалында екi жетiдей кiдiрiп, шiлде туа Аламесекке
қайтатын болды. Одан бiр күн бұрын Перонский мұны шақырып ап, оңаша сөйлестi. Мұның
бiр байқағаны, жандарал әлденеге абыржулы екен. Сөзiнен оның осы арада онша көп
тұрмайтыны сезiлiп қап отырды. Ол бiр әңгiменiң келе жағында, Тоғанақ батырды қалайда
ұстау керектiгiн, болмаған күннiң өзiнде онымен келiсiмге кеп, мына бұратана халықты
тиыш билеп тұруға зиян келтiрмейтiндей етiп тiл табысудың қажеттiлiгiн ұзақ-сонар әңгiме
етiп айтты. Соны мұның өзiне сенiп тапсырғалы отырғанын және де жасырмады. Елмырза
бәрiн қара ақылына сала отырып, уәде бермесе де, көрермiз дегендей сыңай бiлдiрдi. Және
бiр аңдағаны — Перонский ашу үстiнде кешегi Қазалыда болған көтерiлiске
қатынасқандарды аямасқа бел буыпты. Содан кiп алып қалған бұл елiне ертерек жетiп алмақ
болды. Сол күнi сарбаздарын түгендеп, қамалдан шығып та кеттi.
8
Елмырза кең далаға шыққасын барып уһ деп демалғандай болды. Бiр айға жуық
Ақмешiт қамалында қамалып, таза ауаны аңсап, әбден сағынып шыққан едi. Шiркейлiнiң
тұсына келгенде, бүр жарып, жемiстерiн түйнектетiп шығарып, көкпеңбек боп тұрған жиде
тоғайға жете бере кеуде кере дем алды. Бұл араның оты бөлек екен. Қалыңдықтың бер
жағында нарқамыс өскен тоғай бар. Оның шығыс тұсында шiлде айы жақындап қалса да
өңiн әлi бере қоймай, дарияның табанында жатқан ызадан нәр алып, көгерiп жатқан алқап
көз тартады.
Елмырза осы алқапты кесiп өтiп, сарбаздарын асықтырмастан, Алмамесек жаққа бет
қойды. Жолшыбай Жаппастардың ауылдарына қонды. Онан кейiн Алаша мен Алтындардың
ауылдарына түстенiп, өз ордасы тұрған жерге қарай жақындай бердi. Со кезде мұның есiне
Қостаңбалы Табындар Байқадам мен Бұхарбайдың бiр қыз үшiн араздасып жүрген жәйi
есiне сап ете қалды. Соның арғы-бергi жайдайын екшестiре келе, әлдеқандай бiр есеппен ол
атының басын Табындар жайлап отырған көлге қарай бұрып алды. Сол күнi сиыр сәскенiң
тұсында олар тобын жазбастан Байқадамның ауылына кеп құлады.
Осыншама аттылы кiсiнi көрiп, әуелгiде Байқадам шошып кеттi. Бұлардың жау
еместiгiн көргесiн барып, оның кеуiлi орнына түсiп, бұны үйге кiр деп шақырды. Елмырза