Стр. 115 - Ulisel4tom

Упрощенная HTML-версия

114
Байқадамның түрi өзгерiп сала бердi. Ол үлкен танауының үстiнде тiзiле қалған тердi
саусағымен бiр сырып тастап:
— Дұрыс айтып отсың, — дедi ол сәл кекештене қап. — Халықтың қарғысына
ұшыраған оңбайды. Сол жорықта өзiмiз болдық. Оның айтатын iждемесi жоқ.
— Сонда осы... Бәке, мына iнiңiз де болды ғой, ә?
— Болған. — Ол қолын бiр сiлтедi. — Оның несiн айтасың, бiр ұрғашының айтқанынан
шыға алмай отыр. Көсiк бар да, тесiк құрып қалатындай көрiп...
Елмырза жорта шиқылдай күлдi:
— Ойпырмай, Бәке, жақсы айттыңыз-ау! Мынау бiр өзi... кiтәбқа жазып қоятын сөз
екен.
Бағанадан берi тиыш отырған Шатай сол арада дүңк ете қалды:
— Өй, соны да жiгiт деп.
Байқадам оған қабағын аша қарады. Сосын бiр жөткiрiнiп ап:
— Сен өзiң жөн бiлетiн жiгiт екенсiң ғой, — дедi. — Кәзiр екi адамның арасын жақын
етем дейтiн ағайын бар ма? Қайта араңды аша түспесе, қоспайды. Iнiмiз солардың
азғырынды сөзiне ерiп...
Елмырза Шатайдың орнымен айтқан сөзiнiң нысанаға дәл тигенiне қуанып кеттi.
Сосын сәл ойланып отырып:
— Бәке, осы әңгiменiң шет жағасын естiгем. Апырмай, қазақта бұрыннан келе жатқан
олжа деген болушы едi. Соған қимағаның қай уақта да қызыл итке жем болатын. Мынаның
ақыры қайыр болса игi едi, — дедi.
— Қызыл ит дейсiң бе? — деп, Байқадам тағы да шиқылдап күлдi. Ол шәй құйып
отырған қатынына қараған да жоқ.
Елмырза мына әңгүдiк батырдың әбден жыны келiп жүргенiн анық байқады. “Қандай
шаруаға да осы қолай екен”, — деп бiр рет ойлап қойды. Тек оның ретiн бiлсе, жетiп жатыр.
Оның үстiне ол жақын арада Байқадамның iзiнен қалмай жүрiп, Шынармен оңаша жолығып,
мүддәғасын бiлдiргенiн естiген. Сонда естi келiншек мұның қайнаға екенiн, со жолды бұзбай
келгенiн айтып, тарту-таралғысын берiп, масқара қылыпты. Соған ашуланған Байқадамның
ендi қандай пәледен де бас тартпайтынын Елмырза анық сездi. Оған райлана қарап:
— Әй, Бәке, ұрғашы деген не? Ол деген айдап алған мал сықылды бiрдеме емес пе?
Кiмнiң күшi артық болса, қатын соныкi. Сол сәбәптi қазақтар: “Астыңдағы атыңа сенбе,
қойныңдағы қатыныңа сенбе”, — деген. Олар ауыздары күйгеннен кейiн айтқан-ау, — деп
қойды.
— Бұ сөзiңнiң iж қалетi жоқ, — дедi Байқадам елпiлдей түсiп.
— Қайрағы мен сайманы әйдiктер қай заманда да сыбағасынан кем қалмаған ғой. Кейде
сондайда әдәләтсыздық болып жатса, бұрындары теңдес батырлар бiр-бiрiмен хабарласып,
басқада кеткен өшiн алып бер деушi едi, — деп Елмырза оны бiр шаруаға қарай
көземелдепқойды.
Байқадам мұның сөзiн түсiнiп, ыржаң ете қалды:
— Оған не сөз бар? Бiз қозғалсақ, қиын ғой. Әрi айтқан сөзiмiздi, құдайға шүкiр, әлге
дейiн iжкiм жерге тастап көрген жоқ.
— Өй, шiркiн десеңшi! Бұдан артық iж абырайдың керегi де жоқ, — деп, Елмырза ендi
басқа әңгiмеге қарай көше бердi.
Кешке таман ет келдi. Етке тойып алған Елмырза бұл ауылда қонып жатқанын мақұл
көрмей, ертең басқаша бiр сөзге iлiгермiн деп, жiгiттерiн тегiс атқа қондырды. Былай шыға
бере қасына елу шақты сарбазын қалдырып, басқаларын ауыл ауылдарына таратты. Сосын
ол елу шақты жiгiтiмен Алмамесекке қарай жедел жүрiп отырды. Ол қасында жампаңдап
ерiп келе жатқан Шатайға адам екен деп қарамады. Қосшы жiгiттерi мұның алдына түспей,
арт жағында аттарының бастарын iрке ұстап келе жатыр. Қашаннан төре сүйегiне сiңген
дағдыны қатты ұстайтын ол қарашыларын бойына жуықтата бермейтiн едi. Осы жолы бiр
есеппен ол Шатайға күлiмсiрей қарады:
— Осы сен ғой... Қызылдың жолын жақсы бiлесiң, а?
— Е, бiлмей менi қара басып па? — дедi Шатай атын тебiнiп қап, мұнымен қатарласа
түсiп.
— Сонда... бар жықпылын бiлесiң, а?
— Бәрiн деуге болады.
— Ал бiлсең, айта қойшы. Ана Тоғанақ батырдың орыс әскерiнен бас сауғалап
қайерлерге баруы мүмкiн?
— Қайер дейсiз бе? — Ол ойланып, көзiн қыса қарады. — Ол ана Борсыққұмға не Жем,
Сағызға аумайды. Неде болса, iшкi жаққа кетедi.
— Мынауың ақылға қонады екен. — Елмырза ендi сыбырлай сөйледi. — Гәп былай боп
тұр. Сен ертең қасыңа екi-үш жiгiттi ертiп, елдi тиыштандырған боп әңгiме айта жүрiп,
Тоғанақтың отырған жерiн iздестiресiң. Мұны екеумiзден басқа тiрi пәндә бiлмейтiн болсын.