115
— Мақұл.
Олар сол күнi ауылына келiп қонды. Ертеңiне Елмырза үш-төрт Шобдар жiгiтiн
Шатайға қосып, Қызылға аттандырып жiбердi. Өзi сосын төсекте жатып ап, жас тоқалына
аяғын уқалатып жатып, арғы-бергiнi өлшестiрiп, оң-терiстi анықтауға көштi.
9
Сағынай соңғы көздерi туып-өскен жерiн түсiнде көп көретiн боп кеттi. Тұла бойын
құрсап алған бiр ауру төсектен басын көтертпей қойды. Шәй iшiп терлеп, маңдайы
жiпсiгенде барып ара-тұра әңгiмеге зауқы соғады. Өткендегi билердiң сөзiн көп бiлетiн
кәрияның қу сүйегi ғана қалған. Бұрынғы гүжбан мойын етi қашып таралып, жардай кiсiнiң
бүгiндегi сияғы адам аяғандай. Оның сырқатының не екенiн Бұхарадан шақыртқан тәуiптер
де таба алмады. Жасы сексеннен асып кеткен Сағынай бiр күнi Мамырай мен Жәнiбектi
шақырып алды. Бұл шiлде жаңа басталған кез едi. Құлдың етегiне орналасқан ауыл үстiн
ешқандай да шаң баспайды. Жан-жағы көгәл. Соның ортасынан жердiң қалың қыртысынан
жылып шыққан киттей ғана бұлақ ағады. Сағынайдың үйi сол жерден сәл алыстау етiп
тiгiлген-дi. Нияз көптен берi ел араламай, әкесiнiң қасынан ұзап шықпай, соның қасы мен
қабағына қарап отырған болатын. Бұл кезде ол екi бөпелi боп, бұрынғыдай жеңiлтектiгiн
қойып, салауатты мiнез аша бастаған едi.
Соңғы кезде ыңқыл-сыңқылы шыға бастаған Мамырай төрге отырып жатып, Ниязға
қарап:
— Қалай мал-жан аман ба? — дедi.
— Шүкiршiлiк, — дедi Нияз биязы үнмен.
Осы кезде iшке келiншегi Мамық кiрiп кеп, бұларды көрiп, ұялып қалды. Сосын ернiн
сылп еткiзiп, қолымен бетiн шымшып:
— Ұят-тағы-ай, атам отыр екен ғой. Сәлем бердiк, — деп, екi қолын алдына айқастыра
қусырып, сәлем берген болды.
— Көп жаса, қарағым. Өмiрлi бол, — дедi Мамырай осы келiнiнiң алдыр-салдыр
мiнезiн ұнатпайтынын сездiрмей.
Нияз ыңғайсызданып қалды. Ана жылы әкесi құда түсiп алып берген келiншегi әуелгiде
үндемейтiн сықылды едi. Бала туғалы берi тiлi шығып, жақсы бар, жаман бар демей,
бiрдеменi қойып қалатын боп жүр. Бiр рет сояғын ескертiп айтып едi, басы пәлеге қалды.
Ауыл-үйдi шаңғытып, әбден масқарасын шығарды. Сол күнi Нияз оны көк ала торғайдай
ғып сабап-сабап, домбырасын алып Қызылдағы басқа ауылдарға кетiп қалған. Содан арада
бiр ай өткеннен кейiн барып келсе, келiншегi iнгендей қайқаңдап жүгiрiп жүр. Шәй қойып,
бабын жасап жатыр. Оның бұл жайлылығы екi-ақ күнге созылды. Үшiншi күнi қайтадан
баяғы мiнезiне басты. Ендi Құлға көшкелi, төркiнiмнен қашықтап кеттiк деп құлағының құрт
етiн жеп жүр. Соны бiр рет Сағынай да естiп қалған едi.
Сағынай арқасына түйе жүн салынған шапанын жамылып отырып, бұларға қарады.
Бәйбiшесi тез қозғалып, қымыз құйып, бұлардың алдарына әкелдi. Жас келiннiң сырттан
үрген иттердi қуалап, шаңқылдаған даусы естiлдi.
Мамырай мырс етiп, жеңгесiне қарап:
— Жеңiше, қалай келiндi боп, қолың ұзарып қалған шығар? — дедi.
— Ойбай, айтпа, қайным. Мұның тiлi де ұзын, қолы да ұзын боп шықты. Жатыры
белгiлi болғасын, қалыптан асып қайда барсын, — деп бәйбiше кеуiлiнде жатқан бiр өкпесiн
сездiрiп өттi. Оның мұнысы Сағынайдың өзiмен кеңеспей құда түсе салғандығы едi.
— Әй, тәк, — деп Сағынай оған ала көзiмен қарады. Бәйбiше жым болды. Сағынай
терiс қарап қақырынып алды да, бұларға бұрылды. — Сендер менi қартайғанда кеңес
құрайын деп, бiздi неге шақырды деп дал боп отқан шығарсыңдар. Лаж жоқ, сүйтуге тура
келдi. — Ол ентiгiп барып тоқтады. — Өздерiң де байқап отқан шығарсыңдар, шыбын жан
шiркiн қашанға шыдайды, оның да өлшеулi демi бар болар. Әзiрейiл ашпайтын есiк, сiрә, өзi
бар ма екен? Сол бiздiң даруазаға да тақап қалған сықылды. — Ол күрсiнгендей болды. —
Мына бiр жаңғыз баланы армансыз ойнап-күлсiн деп көпке дейiн мойнына қамыт кигiзбеп
едiм. Сүйтiп жүрiп тапқанымыз таңдаған тазға жолығадының керi болғандай ма қалай?
Олай-бұлай боп кете қалсам, әуелi құдайға, сосын сендерге аманат.
— Қой, қайдағыны айтпай, — деп Мамырай шошынып қалды.
— Жаман айтпай, жақсы жоқ деген. Өлiмнен ессiз кiсi ғана қорқады делiнген кiтәбта,
— дедi Сағынай сөзiн сабақтап. — Қартайған кезде аласатқа ұшырап, iшкi жұртқа қарай
ауып кеттiк. Болмаса Қуаңның бойына жер жете ме? Ата-бабамның сүйегi сол арада жатыр.
Сол жер күнде түсiмнен шықпайды. Бұ да құданың бiлдiрген бiр нышаны ма деп пәмлейiм.
Оның үстiне ана келiнi түспегiр де жаңғыз баланың құлақ етiп жеп болды. Соны ойластыра