Стр. 117 - Ulisel4tom

Упрощенная HTML-версия

116
кеп, ел жаққа қарай жақындасақ па дейiм. Ақ патшамен жау болса, Тоғанақ жау болды.
Айдалада жатқан менде оның не әкесiнiң ақысы бар?
— Көке, олар әй-шәйға қарап жатпайды. Анада Қаракесектердiң киттәй да жазығы
жоғына қарамастан, атып-асып кеттi. Елге қарай көшу кәзiр кәуiптi, — дедi Жәнiбек сөзге
араласып.
— Кәуiптi боп маған не iстей қояды? Оның соғысына араласқан жоқпын. Сексеннен
асқан шалда ақ патшаның несi бар? Олардың да мендей әкелерi бар шығар?
— Ойбай, олар сақалға қарамайды. Кәзiргi бетi тiптен жаман. Көке, аздап сабыр етiңiз.
Күзге дейiн аялдасақ, мына аласапыран да басылар. Сосын көшу қайда қашар дейсiз, — дедi
Жәнiбек қозғалақтап қойып.
Сол арада Мамырай мұны қоштады:
— Аға, туған жердi кiм сағынбай жүр дейсiң. Мынадай жағдайда сабырдан басқа айла
жоқ. Көшiп барып қонған бойда, ана баскесерлердiң қолдарына түссең, олар iжкiмдi де
аямайды. Келiн елiн сағынса, атқа мiнгiз де қоя бер, кете берсiн. О нағылған көргенсiз
байының миын жеп жүрген? — деп, ол ашуға булығып қалды. — Аға, айтқанды тыңласаң,
күзге дейiн сабыр айлайық. Бұяқ та жаман емес қой.
— Бұяқты жаман деп жатқан кiм бар? Тек мына шыбын жаны құрғыр, — деп Сағынай
жөтел буып қиқылдап, табан астында қып-қызыл боп кеттi. Жөтелi басылғасын барып, демiн
алып: — Сендерден бөлiнiп менi қайда барар дейсiң? Олай-бұлай бола кетсем, менi ата-
бабамның қорымына апарып қоя алмассыңдар, қоям деп қиыншылық көрерсiңдер деп
отырым да. Сосын ғой бәрi, — дедi.
— Қойшы, аға, қайдағыны шақырмай, — дедi Мамырай. — Осыншама адам отырып,
сенi ата-бабамыздың қорымына жеткiзе алмасақ, не болғанымыз? Одан да алладан
саушылық тiлесейшi. Жаман битбалақ келiннiң қасы мен қабағына қарап, немене қажиын
дегенсiң бе? Әлiң жетпесе маған бер, әкесiнiң ауылына апарып тастайын, — деп, Мамырай
есiне жас кездегi қайраты түсiп, сәл-пәл көтерiлiп отырды.
Сағынай оған қарап аздап күлiмсiредi:
— Әй, сен де осы қызықсың. Қазақтың қай еркегi қатынын сабамаған. Сонда бiр де
бiрiнiң со қатынды жөнге салғанын көргенiм жоқ. Құдай ондай тексiздi басқа салмасын де.
Ұрғашының ұрғашыдан артығы болмайды. Ендi кәртейгенде қолыңа қамшы алып, бiр
бәлекейдi жөндемекпiсiң? Ау, ел-жұрттан ұят емес пе? — Ол қабағын ашып, жадырап
отырды. — Жақсы әйел жаман еркектiң есiктегi басын төрге шығарады, жаман әйел жақсы
еркектiң төрдегi басын есiкке шығарады деген ып-рас. Бұ да соның бiрi шығар. Ендi балама
лұқсат берiп отырмын. Осыншама малды жиғанда, оның рәтiн көрмесе, не болғаным? Баяғы
жер тартқан Қарынбай атанбайым ба? Одан да Атымтайдай жомарт болмасақ та, қайыр-
садақаңды жұрттан аямағаннан турысы жоқ. Соны ойлап, балама қалаған адамыңды ала бер
дедiм.
— Е, жаңа жөнге келдiң, — деп Мамырай да көтерiлiп қалды.
Шәй үстiнде олар шаруа жайын сұрасып отырды. Бұлардың жылқылары Қуаңның
бойында қалған болатын. Жылқышыларға әр төбеге қарауыл қой, сақ болыңдар деп қатаң
тапсырып кеткен-дi. Малдың бiр парасын осы жаққа қарай айдаған-ды. Сол арада Сағынай
Жәнiбектен кешегi соғыстың анық-қанығын сұрады. Жәнiбек шайқастың қалай болғанын
айтып шықты.
Сағынай басын шайқады:
—Апырмай, ә? Соңғы кездерi осы шатақтан құтылмай-ақ қойдық қой. Мұның түбi
жақсы болмайды.
— Ол рас. Жақында Жаманқұлды Орынбор жаққа бара атқанында Қабақ Есеттiң
жiгiттерi өлтiрiп кетiптi, — дедi Мамырай кеседен қой шәйдi сораптап отырып.
— Қойшы, рас па?
— Рас болғанда қандай. Жақында Сырға барып қайтқан кiсiлер айтты.
— Өзiне со керек. Сазайын тартқан екен. Баяғыда Дадабекпен ауыз бiрiктiрiп ап, не
iстемедi ол заңғар?
— Ана Ақмешiттi Якуббек кеп қайтадан шауыпты, бiрақ жеңе алмапты, — дедi
Жәнiбек жақында естiген хабарын айтып.
— Өй, ендi бiр кеткен нәсте қайтып келмейдi. Менiң пәмлеуiмше, Қоқаннан да,
Хиуадан да бақ тая бастады, — дедi Сағынай алдындағы шәйға нан салып, жiбiтiп жеп
отырып.
— Айтпа. Әр нәстенiң бiр зауалы болады ғой. Сол осы шығар. — Мамырай күрсiндi.
Олар сол күнi ағасының ауылында қонып қалды. Түн ортасына таман Сағынайдың
ыстығы көтерiлiп, борша-борша болып терледi. Тынысы жиiлеп, кеудесi қысылып, шал
бiрде есiнен танып қалды. Мамырай қорқып кеттi. Ағасының қол-аяғын уқалап, көзiнен
жасы тамшылап, көпке дейiн күзетiп отырды. Содан таң алдында ғана Сағынай терлеп,
тынысы жөнделгендей болды. Түнiмен көз шырымын алмаған Мамырай ағасының қасында