Стр. 118 - Ulisel4tom

Упрощенная HTML-версия

117
отырып қалғып кеттi. Жәнiбек те, Нияз да, бәйбiше де көз iлмедi. Оларды көрiп бүкiл ауыл
аяғынан тiк тұрды. Таң азанда барып Сағынайдың мызғып кеткенiн көрiп, қатын-қалаштар
орындарына барып жатысқан болды. Жәнiбек те төсекке киiмшең қалпы қисая кеткен едi.
Бiр уақытта әлдекiмнiң даусынан оянып кеттi. Басын көтерiп қараса, Сағынай мен әкесi
сөйлесiп отыр екен. Таң ағарып атып қалыпты. Қараүйдiң iшi бозамық тартыпты.
Сағынайдың жүзі бозғылт тартып көрiндi. Ол Сағынайдың:
— Мына жаңғызға көз қырыңды салып, қанатыңа ала жүр. Ұрпағым саяқ тартып
кетпесiн, ретi келiп жатса, бала-шағасы молдау жерден бәлекейге ен сал. Шамасы, Алланың
аманатын тапсыратын уақыт боп қалды-ау! Олай-бұлай бола кетсем, ауыл-үйдi осы жерде
тастап, өздерiң жеңiлдеп барып, ата-бабамның жанына қойып қайтыңдар! Аз ба, көп пе,
мына тiршiлiкте асарымды асадым, жасарымды жасадым. Iжкiмге iжқандай да өкпем жоқ.
Алла иманын берсе болды да. — Ол ендi аяқ жағында жылап отырған бәйбiшесiне қарады.
— Ал, бәйбiше, бiраз жыл бiрге тұрдық. Ищаласқан iждемемiз жоқ. Артық-кемдi бiрдеме
болса, мен кештiм, сен де кешiр. Бор боп егiлмей, мүше ұстайтын тайыңа еге бол. Жаратқан
жаңғыз ием, өзi сендерге жар болса болды да. Ла илләһа ил Алла, Мұхаммәд расулалла, —
деп шал сол арада тiлiн кәлимаға келтiрдi. Сосын ойына бiрдеңе түскендей, Жәнiбекке қарап
саусағымен шақырды. Жәнiбек қасына келдi. Сағынай қолымен мұның маңдайын сипап,
өзiне жақындатып, бетiнен иiскедi. Сосын көзi жасаурап тұрып: — Ауыздарың бiр болсын.
Ана жаңғызды қанатыңа ала жүр. Сен де бiр ақ кеуiлсiң ғой. Абайлап жүргейсiң, — дедi де
кенет тиыштала қалды. Қолы мұның маңдайынан төмен түсе бердi.
Жәнiбек керi шегiнiп отырды. Көзiнен ыстық жас ерiксiз ытып-ытып шыға келдi.
Сағынай ендi мүлдем үнсiз қалды. Иегi кемсеңдегендей боп дiр-дiр етiп, бiрте-бiрте
бүкiл денесiн майда дiрiл жайлап ала бастады. Содан кейiн сол дiрiл басыла бердi. Мамырай
шошынып, Жәнiбекке қарап:
— Ағаң кетiп барады. Бол тез, иманын үйiр, — дедi.
Жәнiбек жүгiнiп отыра қап, “Құранның” “Йәсин” сүресiн аңыратып оқи жөнелдi.
Көзiнен аққан жасы сақалын сулап тастады. Ол сүренi оқып болғанда, Сағынай да жан
тәсiлiм қылған едi. Соны көрген бәйбiше ойбайын салып қоя бердi. Жәнiбек сол арада тез
қимылдап, үй iшiне шымылдықты оң жаққа тұтқызып, Сағынайдың денесiн сонда
жатқызды. Сосын дереу екi-үш үйдi тiктiрiп, жақын жердегi ауылдарға шабар жiберттi.
Әлжан мен Ниязға сойысқа деген малдарды тез алдыр деп тапсырды.
Түске таман Сағынайдың азасына деп малдарын жетектеп, Аспан аталығына қарасты
ауылдар түгел келдi. Кiсi сыймайтын болғасын, қайтадан жиырма шақты үй тiгiлдi. Он
шақты ту бие сойылды. Саба-саба қымыз үй бас сайын үзiлмейтiндей етiп қамдастырылды.
Сосын Жәнiбек атасының жаназасын шығаратын бас молда етiп Әбдiржанды шақыртты.
Түнiмен “Құран” оқытып, кеуiлқос айтуға келгендердiң жайын жасап, тыным таппады.
Шiлде айы болғандықтан, өлiк шыдамас деп, ертеңiне жетi кiсiнi сүйегiне кiргiзiп, жудырып
тазалатты. Содан кейiн жаназасын шығартты. Мамырай қайратына мiнiп, ағасын өз қолымен
қоймақшы боп, мүрденi текеметке орап, қызыл нарға арттырды. Қасына жиырма шақты
жiгiт ерттi. Сүйттi де күн түске тармасқанда, ауылдан ұзап шыға бердi. Солардың қатарында
Жәнiбек те кете барды. Ол әлдеқандай заман болады деп, Қалдыбай, Қожақ, Нияз,
Әлжандарға қару-жарақтарыңды ала жүрiңдер дедi. Жiгiттерге де қылыштарыңды
тастамаңдар деп тапсырды. Сүйттi де өзi атасының мүрдесi артылған түйенi жетегiне алып,
топ алдында жүрiп отырды.
10
Жәнiбек ұзақ жолда бұрын-соңды мұндай шаршамайтын едi. Осы ретте ол түйе басын
жетелеп келе жатып, өзiнiң соңғы кездерi қажи бастағанын анық сездi. Бiресе Ақмешiтке,
бiресе Қазалы жағына барам деп, әбден әуре-сарсаңға түсiп, от басынан алшақтап, титықтап
бiттi. Ендi, мiне, әкесiнiң алдындағы қарызын өтемек боп, Қызылдағы ата-бабасының
қорымына қарай келе жатыр.
Шiлде айының бұ кез нағыз өз күшiне дендеп енген шағы едi. Қызылдың құмы мүлдем
жанып кеттi. Аспан жерге айналып түскендей қапырық тартып сала бердi. Маңайдан үп
еткен леп сезiлдейдi. Аспанда теңгедей де бұлт жоқ. Жәнiбек басындағы ақ қалпағының
iшiнен басына орамал салып алған-ды. Терлей бергесiн, жан қалтасынан орамалын алып,
маңдайын сүрттi. Оны қалтасына қайта тығып, артында маң-маң басып келе жатқан қызыл
маяға қарады. Жануар үлкен көздерi мөлт-мөлт етiп, басын кегжитiп ап, ауанымен жүрiп
келедi.
Жәнiбек ендi түзелiп отырып, шалғайын тақымына қыстырып, атын сипай қамшылап
қойды. Көзi сәт сайын алдындағы құба даланың қурай бастаған шөбiне түсiп кете бередi. Бiр
сәт iшiнен: “Мына шөп те адам сияқты, көктеп өсiп-өнедi, сосын мезгiлi жеткесiн, қурап