Стр. 119 - Ulisel4tom

Упрощенная HTML-версия

118
солады. Ақырында ол жерге үгiтiлiп жүсiп, кейiннен қайтадан көк боп қаулап шығады.
Мына тiршiлiк деген де сондай бiр бастауы жоқ, аяғы жоқ бiрдеме екен ғой”, — дедi. Мiне,
кеше ғана көз алдында жарқылдап жүрген әкесiнiң ағасы мәңгiлiкке көз жұмып, ақирет
сапарына аттанып кеттi. Аттанғанда, өз абырайымен, өз иманымен аттанды. Тiрiсiнде оның
бiр кiсiге зияны тимептi. Сағынайды бiр адамның хақын жедi, момынды жылатып, тiзе
батырды деп бiр пәндә айта алмас. Керiсiнше ол қолынан келгенше жетiм-жесiрге болысып,
қайыр-шапағатын тигiзiп бақты. Қашаннан өз бойын балап ұстап, бабынан жаңылмаған кiсi
жеңiл iс жасамай, қандай бiр шақта да алды-артын байқап, тексерiп барып әрекет қылатын.
Сондай қасиет осы өзiнiң бойында бар ма? Былай қарағанда, бар сықылды. Бар дейсiң?
Сонда қалай? Ау, бар болса, сен бiресе Хиуа деп, бiресе Ақмешiт деп сабылмас едiң ғой?
Соңғы жылдары сенiң шабуылдағаның көбейiп кеткен жоқ па? Жарайды, мұның бәрiн өзiңе
қараған қауымың үшiн iстедiң дейiк. Сонда не ұттың? Одан не пайда таптың? Ол өз алдына,
кешелерi Ақмешiтке барып, бораған оққа қарсы шаптың. Ол аз болғандай, кеше Тоғанақ
батыр көтерiлiс ашып, жұртты аяғынан тiк тұрғызғанда, шыдамай көмекке барып, тағы да оқ
пен оттың ортасына шырылдап түстiң. Сенiң түспейтiндей шараң қалған да жоқ едi. Қызыл
қарын жас баланы атты казактар тiрiдей отқа өртеп, жерге көмiп жатқанда, қалай шыдап,
басыңды бағып отыра аласың? Бұл амалсыз қолына қылыш алды. Соның соңы жақсы бола
қойған жоқ. Көтерiлiс жеңiлiс тапқаннан кейiн өзi Қызылдың ең бiр түкпiрiне қарай ауып
кеттi. Тоғанақ болса, кәзiр Қарақ тауы жағында жүр. Мұның ұзынқұлақтан естуiнше, орыс
әскерлерi әлi де, ара-тұра болса да, атты казактардан топ құрап, көтерiлiске қатынасқан
қазақ ауылдарын шауып, мал-мүлкiн талап, жазалап жатқан көрiнедi. Кешелерi бұл осы
сапарға шығарда өз жiгiттерiне қаруларыңды ала жүр дегенi сол едi. Кiм бiледi, жымысқы
жау аяқ астынан тап келсе, мәнтәй-шәнтайыңа қарай қоя ма? Құдай оның бетiн әрман
қылсын де.
Ол қозғалақтап қойды. Қасында келе жатқан Мамырай гүжбан мойнын бұрып, бұған
қарап:
— Апырмай жер деген тозбайды екен, — дедi. — Баяғы бала кезде осы аралармен
талай жүрдiм. Со жер кәзiрде сол қалпында жатыр. Бiз болсақ, мiне, ауру-сырқау көбейiп,
тоза бастадық.
— Иә, — деп қойды Жәнiбек оған не дерiн бiлмей.
— Аллатағалам иманымен, өз жолымен алса болды да. Құдай ғапыл өлiмнен сақтай
көрсiн. Мына бiр заманның түрi өзгерiп бара атыр ғой. Жаугершiлiк заман орнағалы тұр ма
қалай? Ақ патшаң да бiздiң жаққа сұғын қадап алды. Мұның ақыры қайыр болса жарады да,
— деп, ол ауыр күрсiндi.
— Ақыры болғанда, ақ патша ендi бұ жерден кетпейдi-ау! Кейiннен жалаңаяқ
мұжықтарын көшiрiп әкеле бастағанына қарағанда, оның бұ йерге мықтап орналасқысы бар.
— Сонда ата-бабамыздың жерiнен айырылғанымыз ба?
— Ендi қалай дейсiз? Кiм күштi болса, жер сонiкi. Кешегi бiр кезде осы ара
Қарақалпақтардiкi едi. Әлiм, Шөмен бiрiгiп, Қарақалпақтарды Шымбай асырып жiбердi де,
осы йердi егелендi. Ендi соның керi өзiмiзге келсе, оған таңғалатын не бар? — деп Жәнiбек
әкесiне көз қиығын салып қойды.
Әкесiнiң иығы еңкiш тартып кеткен екен. Мұртының шалғысы қыран құстың
қанатындай салбырай бастапты. Иегiнде жылтыраған майда тер тамшылары көрiнiп тұр.
Кәйтсiн, өзiмен тете ағасынан айырылу оңай ма? Кiсi деген бауырға шыдай ма? Жәнiбек
әкесiнiң iштей бор боп егiлгенiмен, оны бiлдiрмеуге тырысып, өзiн-өзi қатты ұстап келе
жатқанын анық аңғарды.
Осы кезде алдыңғы жақта шолғыншы ретiнде келе жатқан Қалдыбай мен Қожақ
әлденеге тоқтай қап, биiк төбенiң басында тұрып, әлденеге көз тастады. Бұлар олардың неге
қарап тұрғанын көрген жоқ. Мүрде артылған түйенi жетектеп төбе басына шыққанда барып,
Жәнiбек Қуаң жақтан келе жатқан көп аттылыны көрдi. Көзiн уқалап жiберiп қайта қарады.
Сырт пошымдарына қарағанда, салт атты, салбыр қамшылы қазақтарға онша ұқсай
қоймайды. Әсiресе, киiмдерi бөлек сияқты.
Мамырай шошып қалды:
— Мыналардың жүрiсi бөлек екен. Жау боп жүрмесiн?
— Қайдам, — дедi Жәнiбек iлгерi жаққа көз тастап тұрып. — Жау болғанда бiзге не
iстейдi? Қаралы көштi шауып...
— Түрiкмендер болса, үйте қоймас. Мен осының... атты казактар ма деп қорқып
тұрмын.
— Менiң де күдiгiм осы. — Жәнiбек әкесiне қарады. — Ендi нағылдық?
— Нағылайық? Iлгерi жүре берейiк. Жiгiттерге сойылдарыңды дайын ұста дейiк.
— Одан басқа амал жоқ.
Сол арада Қалдыбай тұрып:
— Мыналар... орыстар! — деп айқайлап жiбердi.