119
Жәнiбектiң бойы дiр ете түстi. Қолы ерiксiз қылыштың балдағына барып қалды. Қожақ
та шошып, қолындағы найзасын оңтайлап ұстады. Басқа жiгiттер де абыр-сабыр боп,
бұлардың қасына жиналып қалған едi. Бәрiнiң өңдерi сұп-сұр:
— Ендi нағылдық, а?
— Өздерi елу шақты екен. Сәл көптеу.
— Бәлкiм, тие қоймас.
— Керi қайтқанмен, аттылы кiсi тез қуып жетедi.
— Неде болса нар тәуекел. Маңдайдан көрелiк.
Жәнiбектiң басына қысылғанда ешқандай айла келмей қойды. Ол шекесiн қолымен
қасып тұрып:
— Жiгiттер, абыржымай, жолымызбен жүре берейiк. Тiлге келсе, кiсiнi жерлеуге келе
жатқанымызды айтармыз. Болмай бара атса, лаж жоқ, шайқасамыз, — дедi.
Олар ендi топтала отырып, iлгерi қарай тартып кеттi. Бұлардың қарасын көрiп, атты
казактар да иiрiле қалды. Шамасы, ақылдасып жатқан болуы керек. Олар бiраз тұрды. Бұ
кезде қаралы көш олардың тұсынан қиястап өтiп бара жатқан да едi. Кенет атты казактар
аттарының бастарын бұрып алысып, қиқулап қоя бердi. Бәрi қылыштарын төбелерiнде күн
нұрына жарқылдата ойнатып, заулап келедi.
Жәнiбек қатты айқайлап:
— Көке, сен кете бер. Бiз тосқауылға тұрайық! Кәне, жiгiттер, қиғаштап шауып,
жеткiзбей, әуре-сарсаңға түсiрейiк, — дедi де, атын тебiнiп қалды.
Олар заулап келе жатқан қолға қарсы шықпай, бiр қиястап шоқырақтай жөнелдi. Атты
казактар ендi бұларға қарай бұрылды. Жәнiбектiң күткенi де осы едi. Атын қамшымен бiр
салып, батысқа қарай заулай жөнелдi. Атты казактар бұларды қуып келедi. Қазақ жiгiттерi
аралары жазылмай, түйдектеле түсiп, қаша бердi. Жәнiбектiң ойы бойынша, олар қуам деп
аттарын қан сорпа қыла бастағанда, керi қашу керек. Осы араларда борсық қорыс қып
тастаған оппа жер бар. Оларды соған бiр сала алса, аттарының аяқтарын сындырып, аман-
есен құтылып кете алады. Жәнiбек шауып бара жатып, артына қарап едi, он шақты атты
казактың әкесiне қарай ағызып бара жатқанын көрiп қалды. “Қап!” — деп iшiнен өкiнсе де,
мүрденi көрiп, тие қоймас деген әлсiз бiр үмiт жанын демегендей болды. Және де өзiнiң оған
барып көмек бере алмайтынын бiлдi. Үйтер болса мына елу шақты атты казак бұларды
жайпап тастайды. Жәнiбек ендi жiгiттерiне қарай қатты айқайлап:
— Қаша берiңдер! Оппа жерге барғанда, жарыла шабайық! — дедi.
Жiгiттерi мұның айтқанын естiп, алға қарай ағызып шаба бердi. Бұлардың астарына
мiнгендерi түрiкмен шалыс, сирақты, қолтығы кең жүйрiк аттар едi. Құлақтарының түбiнен
жылтырап бiр тер шыққасын олар тынысы кеңiп, төрт аяғын тең тастап, iлгерi қарай заулай
жөнелдi. Әсiресе, Нияздың Қаракөгi елiрiп алған. Атты казактардың мiнгендерi де шабысқа
жарамды екен. Олар көпке дейiн бұлардың соңынан қалмай қойды. Ақыры жете алмасын
бiлiп, олар иықтарынан мылтықтарын ала сап, тоқтайқап, бұларды көздеп ата бастады. Бiр
оқ Жәнiбектiң құлағының түбiнен ысқырып өте шықты. Тағы бiр оқ алдындағы топырақты
бұрқ еткiздi. Аты шошып қап, жалт бере жаздады. Бiрақ талай қырғынды көрген тектi мал
жалт бұрылмай, бұрқ еткен жерден атыла қарғып өттi де, алға қарай шаба бердi. Жәнiбек
ерге қарай жабысып ап, заулап келе жатып, арт жағына көз тастады. Атты казактардың бiр
тобы бұлардан елу-алпыс қадамдай жерде iлесiп келедi екен. Арт жағының бәрi ала шаң.
Ештеңе анық көрiнбейдi. Ол бiр жерде өз жiгiтiнiң құлап түскенiн көрдi. Аты ойнап шыға
кеп, құлағын жымитып, айдалаға қарай безiп барады. Оған қарап жатар уақыт тар, Жәнiбек
iлгерi қарай шаба бердi.
Казактар бұлардың тағы да бiр-екi жiгiтiн жаралап үлгердi. Олар аттарынан құлап
түспесе де, жарақат жерлерiн қолдарымен басып, шауып келедi. Жәнiбек сол арада өздерiнiң
бағанағы борсық қорыс қып тастаған оппа жерге жақындап қалғанын байқады. Әлi де
жақындай түсiп, кенет ол қатты айқайлап:
— Жарыла шабыңдар! — дедi де, атының басын бiр бүйiрге қарай бұрып алды.
Жiгiттер тез екi жарыла шапты. Осы кезде ызы-қиқумен өздерiне жетем деп, қызып
алған казактар дүмелiп келiп те қалған едi. Олардың аттары бастарына әл бермей, оппа
жерге қойды да кеттi. Не болып, не қойғанын түсiне алмай қалған казактар боқтасып, өзара
бажылдасып, аттарының бастарын керi бұрмаққа тырысты. Со кезде кейiннен жеткен аттар
алдыңғыларын кеуделерiмен соғып, бiр-бiрiн ұшырып түсiрiп жатты. Бiраз казак ер үстiнен
ұшып түстi. Бiраз аты аяқтарын сындырып, шоңқиды да қалды. Ендi олардың өздерiн iндетiп
қуа алмасын бiлген Жәнiбек бағана әкесi қалған жерге қарай салды.
Бұл кезде күн тас төбеден ауып бара жатқан едi. Ат үстiнде келе жатқасын ба, алдан
аңқылдап жел соққандай болды. Езден соң қызыл май болған аттар ырсылдап, аяқтарын
ауыр алып, қара тер бола бастады. Оларды қанша аяса да, Жәнiбектiң жаудан қара үзiп
кеткiсi кеп iлгерi қарай шаба бердi. Содан жарым сағаттай уақыттан соң ол бағана әкесi
қалған жерге жақындады. Алдыңғы жағына қараса, түйе iркiлiп тұр. Әкесi көрiнбейдi. Оның