Стр. 121 - Ulisel4tom

Упрощенная HTML-версия

120
есесiне он шақты атты казак берi қарай аттарын шоқы- рақтатыпкеледi екен. Бiр пәленiң
болғанын iштей сезген Жәнiбек қылышын қынабынан суырып алды. Қасында қатар шауып
келе жатқан Қалдыбайға қарап:
— Мыналарды жайпап өтейiк! — дедi.
— Сүйтейiк! — дедi Қалдыбай күрек тiсiн ақсита күлiп.
Оның неге күлгенiн Жәнiбек түсiнген жоқ.
— Сүйтсек, сүйтейiк!
Басқа жiгiттер де сойылдарын қолдарына оңтайлап ұстап алды. Барлығының да көздерi
жарқырап, ұрыс әруағы ұстап, неге болса да қайыл түрмен бекiнiп алған сыңайлы.
Атты казактар бұлардың сұрын көрiп тайқақтап шыға келдi. Жәнiбек ағызған қалпы
жете бере бiр ұзын бойлы, көк көз казакпен айқаса кеттi. Оның да қылышы бар екен. Екi
қылыштың жүзi бiр-бiрiне тиiп, шақ ете қалғанда, от жарқ ете түстi. Жәнiбек орай тартар
әдiспен керi тартып қалғанда, ананың қылышы екпiнiмен барып, мұның атының шоқтығын
азырақ тiлiп өттi. Со кезде Жәнiбек қылышының өткiр ұшын казактың денесiне бойлата
кiргiзiп кеп қалды. Ол “оһ” деп шыңғырып жiбердi. Қолынан қылышы түсiп кеттi. Сосын
қолымен iшiн басып, жерге қарай құлай бердi. Жәнiбек атының басын бұрып ап, осы кезде
Әлжанды екеулеп ортаға ала берген казактарға ұмтылды. Келе бiреуiн сыртынан қиялай
шауып түсiрдi. Екiншiсi қорқып кетiп, бұған қарай бергенде, Әлжан сойылымен қара құстан
соғып үлгердi. Казактың басындағы фуражкасы жерге ұшып түстi. Өзi ес-түсiнен айрылып,
жерге құлап бара жатты.
Бұл кезде Қалдыбай мен Қожақ екi жақтап, қалған казактарды сатырлатып сойылдың
астына алып үлгерген де екен. Олар қылыштарын сiлтей алмай, сойыл тобығынан тиiп,
аттарынан бiр-бiрлеп құлап жатты. Кенет ортада жүрген, еңгезердей бiр казак әлдене деп
айқайлап, найзасын бiлей ұстап, бұған қарай ұмтылды. Жәнiбек найза ұшынан шақ дегенде
жалт етiп бұрылып үлгердi. Найзаның болат ұшы мұның ерiнiң қасына тиiп шақ ете қалды.
Сол арада әлгi казак найзасын тастай сап, керi қарай тайқып шыға бердi. Осы сәтте Жәнiбек
ерде дұрысталып отырып алып, атын тебiнiп қап, оны қуа жөнелдi. Келе оны қиялай шаппақ
болды. Ол неме тәсiлқой екен. Бұл қылышын сермеп кеп қалғанда, аттың әр жағына қарай
аударылып үлгердi. Мұның қылышы оның қара санын тiлiп түстi. Лезде қарақошқыл қан
бұрқ ете қалды. Ол екiншi рет шабуға келтiрмей, қайтадан дұрысталып отыра қап,
қолындағы келте шоқпарымен мұның атының шекесiне ұрып үлгердi. Ат жалт бердi.
Екпiндеп келе жатқан Жәнiбек жерге ұшып түстi. Бет-аузы құм-құм боп, орнынан ұсып
түрегеп, атына қарай жүгiргенде, шошыған ат әрi қарай шаба жөнелдi. Әлгi казак алды-
артына қарамай безiп барады. Жәнiбек ентiгiп тұрып:
— Қап, құтылып кеттi-ау! Иттiң баласы-ай! — дедi өз-өзiнен кiжiнiп. Сосын ол осы бiр
казакты қайда көргенiн есiне түсiре алмай аз-кем тұрды. Шамалыдан соң барып оның анада
Қаракесектердiң ауылын шапқанда айуандық көрсеткен Нахаев екенiн бiле қойды.
Бұл кезде жiгiттер он шақты атты казакты жайпап тастаған да едi. Жаралыларды
Қалдыбай мен Қожақ қара құстарынан сойылмен бiр-бiр ұрып сұлатып тастап жатыр. Әлжан
жүйрiк атымен қуып барып, Жәнiбектiң атын шаққа дегенде ұстап әкелдi. Жәнiбек атына
мiнiп, есiн жиып, өлген казактардың қылыштары мен найзаларын жiгiттерiне алдырды да,
бұларға үрке қарап тұрған түйе жаққа бет алды. Жақындай бергенiнде ол шошып кеттi.
Қайратты әкесi бiр казакты алқымынан алған қалпы етпетiнен құлапты. Астындағы
казактың екi көзi бақы-райып, аспанға қарап, қатып қалған. Әкесiнiң оң шеке-сiнде
алақандай ұйыған қан бар. Басындағы бөркi жерге ұшып түсiптi. Шекпенiнiң оң жауырыны
жағынан екi оқ тесiп өтiптi. Аузынан қара қан ағып, Мамырай селт етпей жатыр.
Соны көрiп Жәнiбек атынан қарғып түсе сап:
— Иттер-ай! — деп еңiреп жiбердi.
Әлжан да атынан түсе сап, әкесiн құшақтап, жылап қоя бердi. Қалдыбай да, Қожақ та,
Нияз да жылап жiбердi. Қалған жiгiттер де шыдамай:
— Көкемдi өлтiрiп кетiптi!
— Малғұндар-ай!
— Ойбой, көке! — деп аңырап қоя бердi.
Жәнiбек бойын тежеп, әкесiнiң тас боп қатып қалған добалдай саусақтарын өлген
қазақтың алқымынан шаққа дегенде уқалап отырып ажыратып алды. Сосын әкесiн
шалқасынан салып, уқалап көзiн жұмдырды да, бетiн жапты. Өзi шекпенiн шешiп, денесiн
орап, Сағынайдың мүрдесiн алып келе жатқан түйеге теңдестiрiп артты. Кейiннен қуғын
келiп қалар деп ойлап, жiгiттерiне қарап:
— Қарақтарым, сабыр қылыңдар! Алланың бұ да жазуы шығар. Болар iс болды. Ендi
қалған тiршiлiктi ойлайық, — дедi де, Қалдыбайға бұрылды. — Сен Қожақ екеуiң арт жақта
тосқауылда тұра тұрыңдар. Әлжан мен бiр-екеуiң мына түйенi қорымға қарай жетелей
берiңдер. Аямай қуыңдар! Бiз... анаяқты көрейiк.