121
Әлжан, Нияз және бiр жiгiт үшеуi мүрделер артылған түйенi тайрақтатып, қорым жаққа
қарай қуалай жөнелдi. Қалдыбай мен Қожақ бастаған он шақты жiгiт тосқауылда қалды.
Жәнiбек қасына қалған жiгiттердi ертiп, ызаланып, бағанағы оппа жаққа қарай ағыза
жөнелдi. Ызадан көзi түк көрмей кеттi. Казактардың қарамы көп екенiн, осы пәтпен барса,
өзiнiң де мерт болатынын мүлдем ұмытып кеттi. Ағызып отырып оппа жерге қарай
жақындай түстi. Бiр қараса, казактардың көбiнiң аттары ақсап қалыпты. Басқалары не
iстерiн бiлмей үрпиiсiп тұр екен. Ағызып келе жатқан бұларды көрiп, олар дереу бiр тiзерлей
отыра ғап, мылтықпен атқылай бастады. Мылтық даусы тарс ете қалғанда барып,
Жәнiбектiң көзi алды шайдай ашылды. Ол мына қадамының қауiптi екенiн, өз жiгiттерiн
тура ажалдың аузына бастап келе жатқанын бiлiп, кенет атының басын қатты тартып:
— Кеттiк! Кеттiк! — деп бiр бүйiрлей шапты.
Жiгiттерi мұның iзiнен салды.
Жәнiбек ендi атының басын қорым жаққа қарай бұрып алды. Қалған жiгiттер де
соңынан салып келедi. Олар бiр-екi төбеден асып, жаудың қарасы көрiнбей кеткесiн барып,
ырсылдаған аттарын шоқырақтатып отырды. Қалдыбай мен Қожақ бастаған топ та бұлардың
қарасын көрiп, қиғаштай шауып жеткен едi. Олар бiр арада түйiскеннен кейiн, ендi аттарын
қинамай, жан-жағына сақ қарап желе шоқытып келе жатты.
Қалдыбай мұнымен қатарласа берiп:
— Жәке, ендi не iстедiк? — дедi.
Жәнiбектi де қинап келе жатқан сол ой едi. Мамырайдың сүйегiн ел келгенше сақтау
қиын. Оның үстiне ауылға хабар берем, одан халық жиналып болам дегенше, кемi он шақты
күн өтедi. Мына ыссыда оған өлiк шыдамайды. Жәнiбек амалсыздан:
— Басқа лаж жоқ, әзәлда жазуы осылай шығар. Ағасымен бiрге қатар жерлеймiз, —
дедi.
— Апырмай, мынадай да болады екен-ау, — дедi Қалдыбай дағдарып.
— Ендi кәйтесiң? Осы жолға марқұм сырқат екенiне қарамастан құлшынды да тұрды.
Құдай өзiн бiрдемеге бастап тұр екен ғой.
— Иә, айтпа. Жақсы адам едi, иманды болсын!
— Топырағы торқа болсын! Бiздiң қолымыздан осыдан басқа не келедi? — дедi
Жәнiбек өңi бұзылып.
— Ойпырмай, мыналардың иманы жоқ екен. Қаралы көштi де кiсi шаба ма? Қаншама
жау болса да, адам баласы емес пе? — дедi Қожақ ақ сұр жүзi құп-қу боп келе жатып.
— Иә, айтпа. Бұдан артық қорлық жоқ шығар, — деп Қалдыбайдың иегi кемсеңдеп
кеттi. Дiнi қатты жiгiттiң бұл тұңғыш рет босағаны едi.
Бұ кезде күн еңкеиiп көлеңке ұзара бастаған-ды. Қуаңға жақындай түскесiн, алдан
салқын самал ескендей болды. Олар жiтi жүрiп отырып, атты казактар қалған жерден ұзап
шығып кеттi. Атты казактардың ендi жете алмасын бiлген олар Әлжандарды алға қарай
оздырып жiберiп, арт жақтарына сақ қарап, екi бiрдей арыстың денесiн артқан түйенiң iзiнен
ата-бабасы жатқан қорымды бетке алып, суыт жүрiп келе жатты.
11
Жәнiбек ата-бабасы жатқан қорымға кеп, екi көр қаздырды. Лахатын қазып болғасын,
өлiктi жорық кезiндегiдей етiп көметiн болды. Алдымен өзi әкесiнiң жаназасын шығарды.
Содан кейiн барып Қалдыбай екеуi Мамырайдың денесiн тар лахатқа түсiрдi. Сосын
Жәнiбек қайтадан дұға оқыды. Дұға бiткесiн көзiнен жасы ағып тұрып:
— Жатқан жерiң жайлы болсын, — деп, қолымен шеге топырақты көрге қарай ысыра
бастады.
Басқа жiгiттер де:
— Иманды болсын!
— Жатқан жерiң мамық болсын! — десiп, қолдарымен топырақ тастасты.
Сәлден кейiн жаңа ғана қазылған шұқыр шеге топыраққа толып, алпамсадай кiсiнiң
жамбасы жерге тиiп, бiр сәтте томпиған молаға айналды. Мына қара жердiң бетiнде
алшаңдап жүрген кiсiнiң ендi бұ дүнияда болған, болмағаны белгiсiз боп, томпайып қана
жатыр. Жәнiбек шыдамай солқылдап жылап жiбердi. Басқа жiгiттер де көздерiнен ыстық
жастарын төгiп тұрып:
— Топырағы торқа болсын!
— Жайың сегiз пейiш кең сарай болсын!
— Иманың жолдас болсын, — дестi.
Аздан кейiн Жәнiбек жiгiттерiн бастап, кейiн қарай жүруге оқталды. Бiр мал сойып,
құда жолы жасап жiберуге жақын маңда ел жоқ. Әкесiнiң осылайша қапыда қаза тапқаны
жанына қатты батты. Сүйегiн өз қолымен көмгенiн ғана дәтке қуат қылды.