Стр. 123 - Ulisel4tom

Упрощенная HTML-версия

122
Бұл кезде күн де көкжиекке тақалып, көлеңке ұзарып қалған да едi. Шiлде айының күнi
бойғы қапырығы басылып, солтүстiктен соққан майда самал денеге жайлы тиедi. Күн
қызарып батып барады. Оның табақтай дөңгелегi қып-қызыл боп, әлдеқандай қуатты пешке
салған шойындай тұтаса алаулайды. Көк жүзiнде бiр-екi селдiр ғана бұлт бар. Олардың
бауыры да қып-қызыл. Жәнiбек Сағынай мен Мамырайға бағыштап, тағы да ұзақ отырып
дұға оқыды да, бетiн сыйпап, олардың қатар жатқан зираттарына кезекпен топырақ салды.
Сосын орнынан тұрып, атына мiндi. Жiгiттер де аттарына қонды.
Жәнiбек ендi бұл маңайда айналудың қауiптiлiгiн бiлiп, кешегi атты казактармен
шайқасқан тұстан қиғаштай жүрiп отырып, Қарақ жақты бетке алды. Күн батып, ымырт
үйiрiлген кезде олар бұрын жүрмеген жолы болса да, ескi соқпақпен аңыратып тартты да
отырды. Астарындағы аттары кешегi аласүргiнде борбайларын созып, әбден қалжырап
қалған екен. Асыққан жiгiттер оған қараған жоқ. Бiр көш жүргеннен кейiн барып, Жәнiбек
ай туғанша кiдiргендi мақұл көрдi. Аттарынан түсiп, қалың жыңғыл арасында аялдай тұрды.
Үйткенi олар кешегi қақтығыс кезiнде атынан құлап қалған үш жiгiттiң қайда екенiн бiле
алмай, дал болған-ды. Атты казактар тұрған жаққа баруға батпады. Ендi неде болса деп сол
тұсты түнде бiр шолып шығып, ауылдарына қайтпақшы.
Шамалыдан кейiн шығыс жақтан бетi шарық табақтай боп ай шықты. Оның екi бетi
қып-қызыл. Жаңа ғана қап-қараңғы боп тұрған шалқар дала ай нұрына шомып, бас қатырар
дәнеме де болмағандай көсiлiп жатыр. Жәнiбек жiгiттерiн аттарына тез мiндiрiп, өзi бас
болып, кешегi тұсқа қарай тартып бердi. Суыт жүрген жолаушылардың аттарының тұяқтары
қара жерге топ-топ түсiп, әлдеқандай кеңiнен керiлген алып шанашты ұрғылап жатқандай
боп көрiнедi. Ара-тұра аттардың бастарын шұлғып, ауыздықтарын қарш еткiзiп қалғаны,
шiлделiктiң дамылсыз шырылдағаны естiледi. Қаракөк аспан сонау биiктен өздерiне қарай
төңкерiлiп құлап келе жатқандай. Шетсiз-шексiз дала ай нұрына бөленiп, әдемiлене
қалыпты. Айналаның бәрi сондай сұлу. Осындай керемет дүниеде адамдар бiрiн-бiрi қуалап
өлтiрiп, атып-асып жатады дегенге мүлдем сенбейтiндейсiң. Жәнiбек азырақ күрсiнiп қойып,
баяғыда дәл осындай бiр кеште өзiнiң Ақкербездi ойлап, сайын даланы жаңғыртып ән
салғанын есiне алды. О бiр тамаша сәт едi. Онда өзiн осылайша түн қатып, арып-ашып
жүрем деп ойлап па едi? Ендi, мiне, кешегi арпалыста қан майданда қалып қойған iнiлерiн
iздеп келедi.
Олар едәуiр жүргеннен кейiн, кешегi ұлы сүргiн болған жерге жақындады. Жәнiбек
жастайынан жершiл едi. Жетi қараңғы жерде де бiр көрген тұсын ат басын аудырмай
табатын. Бұ жолы да сүйттi. Алдыңғы жақтарына абайлап қарап, атыс болған тұс осы-ау деп,
сары-аяңмен келе жатты. Кенет мұның астындағы аты әлденеге елеңдеп, қалт етiп тоқтай
қалды. Соңында келе жатқан жiгiттер де аттарының бастарын тартысты. Жәнiбек алдыңғы
жаққа қарады. Ай жарығында ештеме көрiнбейдi. Не жанған от жоқ. Сосын ол атының
жалына қарай еңкейiп, iлгерi көз тастап едi, бұта түбiнде қарайып жатқан бiрдеменiң
сұлбасын көрдi. Қасындағы Қалдыбайға ақырын дауыспен:
— Анау арада бiрдеме бар ма осы? — дедi.
Қалдыбай да анықтап қарап тұрып:
— Бiрдеме қараяды, — дедi.
— О не болды екен?
— Кiм бiлсiн. — Сол арада Қалдыбай батылданып: — Барып көрсем қайтедi? — дедi.
— Абайла, — деп Жәнiбек Сақтық ойлап, қынабынан қылышын суырып ап, оң қолына
оңтайлап ұстады.
Қалдыбай атын тебiнiп қап, әлгi қарайғанға қарай барды. Ол он шақты қадам ұзағаннан
кейiн тоқтап, әлгi жаққа үңiле қарап аз тұрды да, бұларға:
— Әй, келiңдер! Мұнда екен, — дедi. Сосын өзi атынан түсiп, әлгi жаққа қарай
адымдай жөнелдi.
Жәнiбек те атынан түсiп, Қалдыбайдың жанына келдi. Анықтап қараса, бұта түбiнде
кеше оқ тиiп құлаған үш жiгiттiң денесi жатыр екен. Ай жарығында жүздерiн кiсi танып
болғысыз. Атты казактар олардың денесiн қылышпен әбден туралапты. Бас бiр жерде, қол
бiр жерде, аяқ бiр жерде жатыр. Жәнiбек шыдамай, ызаланып жылап жiбердi:
— Иттер-ай, өлiктi қорлап не әкесiнiң құны бар екен?
Басқа жiгiттер де жылап жүр:
— Бауырым-ай!
— Қорлықпен өлiптi-ау!
— Әй, осының кегiн алмасам, Қалдыбай атым құрсын! — дедi Қалдыбай тiстене
сыбырлап.
Жәнiбек жерге қос тiзерлей отыра қап, үш өлiкке бағыштап дұға оқыды. Сосын көк
шыбын қонып, иiстене бастаған денелердi жамбасы тиген жерге онша терең етпей көр
қаздырып, жiгiттерге көмдiрдi. Кейiн қайта айналып келгенде таба алмай жүрмейiк деп,
сексеуiлдiң жiгерiн сындырып, бастарына белгi қойды. Сосын томпиып жатқан үш зираттың