123
жанына жеке-жеке барып, Жәнiбек дұға оқып, бетiн сипады. Жас қабiрге топырақ салды.
Жiгiттер де сүйттi.
Ендi олар бұ жерде көп айналмады. Аттарына мiнiп ап, Қарақ тауына қарай тартты да
отырды. Жаңағы қорқынышты тұстан әбден ұзап шыққаннан кейiн барып, Жәнiбек атын
сары аяңға көшiрiп, жер жағдайын шамалады. Бұлар бұ кезде Кекiрелiден өтiп, Қарақ
тауына баратын тура жолға түскен де едi. Осы араларла ел болуға тиiс. Бiр ауылға барып
демалмаса, аттарының ертеңгi сүргiн жүрiске жарамауы да мүмкiн. Жәнiбек осы жермен көп
жүрген Қалдыбайға бұрылып:
— Жақын маңда ел жоқ па? — деп сұрады.
Ол тез жауап бердi:
— Болуға тиiс. Бұяққа атты казактардың табаны тие қоймаған. Бозғұл Жолайлар осы
маңды жайлаушы едi. Қайдам, кiмнiң қайда отырғанын?
— Байқап қара, iз жоқ па екен? Лажы болса бiр ауылға жетiп, демалайық. Аттар да
әбден шаршады.
— Iз көрiнбейдi. — Қалдыбай жерге қарап қойып келе жатты. Бiр арада: — Тоқта!
Мынау бiр... — дедi де, жерге түсiп, жылқының құмалағын қолына алып уатып көрдi. —
Мынау жас құмалақ қой. Жақын маңда осы арадан көш өткен секiлдi. Былай қарай кетiптi,
— деп ендi ол атына мiнiп ап, алға түсiп, сылқытып тартты да отырды.
Жәнiбектер оның iзiнен ердi. Бұ кезде ай батып, дала қайтадан тас қараңғы боп кеткен
едi. Сүт пiсiрiмдей уақыттан соң олар алыстан жылтырап жанған отты көрдi. Шамасы, отыз
шақты үйi бар ауыл. Жерошақтың астында жанған оттар түн iшiнде алыстан жарқырап, бiр
түрлi зорайып көрiнедi екен. Соны көрiп, Жәнiбек қуанып кеттi. Жiгiттерiне:
— Ендi азырақ шыдайық! Ана ауылға жетiп қонайық, — дедi.
Олар келгенде, ауыл адамдары пырдай боп ұйықтап жатыр екен. Тек қана бiр-екi
ақжаулық құрт қайнатып отыр. Жаңағы жылтыраған солардың жерошақтарының астында
жанған оттар екен. Бұлардың қарасын көрiп, төбет иттер арсылдай үрiп, алдарынан шықты.
Жәнiбек иттердi сойылымен жасқай отырып, ауыл шетiне кеп, хабарлас қып тоқтады.
Бимезгiл жүрген жолаушылардан сескенiп қалған ауыл кiсiлерi бiрден шыға қоймады. Аздан
кейiн барып бұлардың қастарына бiр-екi жiгiт келдi.
— Бұ кiм? — дедi олардың үлкенi бұларға аса жақындамай тұра қап.
— Мұсылманбыз. Құдайы қонақпыз, — дедi Жәнiбек қаттырақ дауыстай сөйлеп.
— Сонда кiмсiңдер?
— Аспандағы Жәнiбекпiн.
— Ау, Жәнiбек деген Құлда емес пе едi? Бұяқта нағып жүр? — дедi де, жiгiттiң бiрi
бұларға жақындады. Сосын от жарығында мұның жүзiн көрiп, тани кеттi: — Ау, Жәкеңбiсiз?
Ассалаумағалайкүм, — деп ол екi қолын ұсынды.
Жәнiбек жiгiттiң қолын алды. Оны қайда көргенi есiне түспедi. Жiгiт мұны баяғыдан
танитын адамдай келе шылбырына жармасып:
— Кәнеки, түсiңiз! — дедi.
Жәнiбек атынан түсiп жатып:
— Бұл қай жақсының ауылы? — деп сұрады.
— Балқы Лаубай, Қалақтың ауылы, — дедi жiгiт жарқылдай сөйлеп.
— Өй, жақсы болды ғой, — деп жiгiттер қуанысып қалды.
Жәнiбек осы екi ағайынды адамдарды бұрын-соңды көрмесе де, сыртынан дақпыртын
көп еститiн. Жастайынан сақи аты шыққан осы ауыл iргелi бiр жер едi. Соларға тап
болғанына қуанып, ол жiгiттерiне қарап:
— Аттар қызып қалды. Су бермей, таң асырып тастаңдар, — дедi де, өзi әлгi жiгiтке
ерiп, үлкен үйге келдi.
Мұның хабарын естiп, үлкен үйде жатқан Лаубай мен Қалақ орындарынан тұрып, тас
шам жақтырыпты. Мұнымен жылы ұшырай амандасып, әйелдерге төрге көрпе салдырды.
Жәнiбек, Қалдыбай, Қожақ, Әлжандар отырғасын барып, орта бойлы, ұзын сақалды, ақ сары
кiсi Лаубай бұдан жөн сұрады. Жәнiбек асықпай отырып, өзiнiң жөнiн айтты. Лаубай
сақалын сипап қойып:
— Иманы жолдасы болсын. Сағынай да, Мамырай да жақсы адамдар едi. Артының
қайырын берсiн, — деп бұған кеуiл айтты. Сосын бұлардың шайқасқан жағдайын естiп,
басын шайқап: — Апырмай, мынау бiр сұмдық екен. Құдай бiр пәледен сақтапты, — деп
ұзақ отырып қалды. Сосын бұған қарап: — Жәнiбекжан, арнайы шақырып келтiре алмайтын
жiгiт едiң. Құдай айдап келе қалдың. Ендi сен асықпа. Ертең сыбағалы малыңды жейсiң.
Бүгiн жеңiл-желпiмен жатасың, — дедi.
— Алдыразы болсын, ақсақал, оған қарай алмайым.
— Жоқ, ол болмайды.
Осы кезде iшке Қалақ кiрiп келдi. Ол да ағасына ұқсаған, ажарлы кiсi екен. Сырттан
бұлардың әңгiмесiн естiсе керек, амандасып жатып: