124
— Сыбағалы малыңды жемей кетпейсiң. Мынадай қамкеуiл боп келе жатқаныңда, сенi
демеп жiбермесек, ағайынның несi ағайын? Әй, — деп ол сыртқа қарады. Iшке бiр жiгiт
кiрдi. Оған Қалақ: — Ертең соятын малды алдырыңдар! — дедi.
Ана жiгiт:
— Мақұл, — дедi де сыртқа ата жөнелдi.
Жәнiбек ендi қарсыласқанның қисынсыз екенiн бiлдi. Сосын оларға қарап:
— Бiз ұзақ жолдан шаршап келдiк. Тамақ бататын түрi жоқ. Бiр-бiр кесе шұбат болса,
жатып демалар едiк, — дедi.
— О да болсын, — деп Қалақ тез шұбат алдырды.
Шегенделген тас құдыққа салынған шұбат мұздай екен. Жәнiбек бiрден екi сапар
кесесiн iштi. Жiгiттер де рахаттанып iшiп жатыр. Содан ас қайырып, олар салынған төсекке
қисая кеттi.
Ертеңiне олар күн арқан бойы көтерiлгенде барып оянды. Бетi-қолдарын жуып, шәйға
отырды. Тиыш ұйықтаған Жәнiбек әп-әжептәуiр тынығып қалыпты. Аздап көзiнiң алды iсiп
кеткен. Шәй үстiнде ол бұл ауылдың мән-жайына қанды. Олар осы төңiректi жайлайды екен.
Қысқа қарай Қызылдың iшiне тереңдеп көшетiн көрiнедi. Өздерi өсiп-өнген жандарға
ұқсайды. Жәнiбек әңгiме үстiнде бұлардың кешегi зор дүрбелеңнен тыс қалғанын байқады.
Бiр кезде Лаубай сақалын сипап отырып:
— Жақын арада осы ауылға Шатай келiп кеттi, — дедi.
— Е, о нағып жүр? — деп Жәнiбек елең етiп, оған еңсерiле қарады.
— Сояғын онша түсiнбедiм. Қасында үш-төрт жiгiтi бар. Осында болып, ақ патша
қазаққа тиiспейдi, орындарыңнан көшпеңдер деп үкiттеп бiттi. Оның үкiтiн нағылайын,
жүрiсiнiң мәнiсiн қазбалап сұрамадым.
— Е, түсiнектi, — дедi Жәнiбек. — Оны Елмырза жiберген ғой.
— Сонда... оның не ойы бар.
— Ау, кәзiр ол жандаралға жаққан кiсi боп отыр емес пе? Ақмешiтте боп, бiрге
соғысты. Ендi аяқ астында әлемет боп, ел-жұрт аударыла көшiп жатқанда, жандарал оған
мынаны тоқтат деп айтпады дейсiз бе? Айтады ғой. Сосын ол Шатайды жiберiп, жұрттың
тамырын басып байқайын деген болар, — дедi Жәнiбек сәл көтерiле түсiп.
— Әй, сұм-ай! Басқан iзiн бiлдiртпейдi-ау!
— Сосын не дедi?
— Құдай-ау, не деп едi, есiмде қалмапты. А, иә... Ол қиялап отырып, Тоғанақ жайлы
айтты. Оның қайда көшкенiн бiлмейтiн тәрiздi. Аздап соны сұрады.
— Сiз не дедiңiз?
— Бiлмейiм дедiм.
— Дұрыс айтқансыз. — Жәнiбек ойланып қалды. — Ол сұм батырдың отырған жерiн
бiлмекшi екен ғой. Демек... бiр нәсте бар деген сөз... О не екен сонда!
— Қайдам, — дедi де, Лаубай үнсiз қалды.
Сол күнi сыбағалы малын жеп болғасын, аттарын суарып, жем берiп, Жәнiбектер Құлға
қарай жүрiп кеттi. Жолда келе жатып ол Тоғанақ батырды жандаралдың iздете бастағанын
iштей сездi. Мұның ақыры жақсылыққа соқпайтыны белгiлi. Дегенмен де Қарақ тауының
етегiнде жүрген Тоғанақтың ауылына атты казактардың жол тауып бара қоюы қиын.
Шатайды ел аралатып жiбергенiне қарағанда, жандаралдың қалайда батырдың көзiн
құртпақшы болғаны мәлiм боп отыр. Ендi мұның алдын алмаса болмайды. Әйтпесе
батырдың қапы қалуы мүмкiн.
Осыған табан тiреген Жәнiбек жол үстiнде келе жатып, ауылға барған бойда, сенiмдi
бiр жiгiттi жiберiп, батырға хабар бермекшi болды. Сосын қабағы түсiп кеткен ол ендi еш
жерге айналмай, астындағы атының шаршай бастағанына қарамастан, Құлды бетке алып,
сылқытып тарта бердi.
12
Шатай қасына ерткен жiгiттерiмен Қызылдың iшiн бiр ай бойы шарлады. Ел-елдi
аралап, ақ патша жайлы әңгiменi өсiрте айтып, кейбiр ашықауыздарды таңғалтты. Ретi
келген жерiнде баспалап отырып, Тоғанақ туралы сұрап бақты. Халық оған батырдың қайда
екенiн айта қоймады. Олардың бiлмеймiз дегенiне бұл сенбедi. Сүйтiп жүргенiнде ол
Қызылдың бiр жықпылында отырған Тиышбектiң ауылына тап болды. Тиышбек бұ кездерi
ер балалары үйленiп, өз алдына отау тiгiп, ауылының қарамы көбейiп, лепiрiп отыр едi. Сол
үстiне Шатай тап ете қалды. Тиышбек мұны көрiп, үйiнен жалаңаяқ, жалаңбас, көйлек-
дамбалшаң қалпы жүгiре шығып, келе шылбырына жармасты.