Стр. 126 - Ulisel4tom

Упрощенная HTML-версия

125
— Ойбай-ау, мынау өзiмiздiң төренiң оң қолы ма? Арнайы ат жiберiп шақырғанда
келмейтiн Шатай ма? Құдай айдап келе қалдың. Кәне, бiр мал сыбағаңды жеп кетесiң.
Түспесең, жолың болмайды, — деп дәудiрлей сөйлеп, оның жанын алып бiттi.
Мұндай болады деп ойламаған Шатай iшiнен сүйсiнiп қап, райланып:
— Е, сен де бiр атаның баласы едiң. Сенен аттап қайда барам? Түсем ғой, — деп Шатай
атынан түсе бердi.
Олар iшiндегi жабдығын аздап жаңалаған қараүйге кiрiп, малдас құрып отырды. Жаңа
ғана ет қызуымен артық айтып қалған Тиышбек iшке кiрiп-шығып жүрген Ақрәшқа
қарайлап қойып, қибыжықтап:
— Шатеке, өзiң бiлесiң, бiз деген шиеттей бала-шаға асырап отқан жанбыз. Мал дейтiн
құрғырың биыл жұтқа ұшырап, аздап бас берiп алдық, — деп бiр қойды.
Шатай оның сөз iләмiн онша түсiнбей:
— Ондай нәсте әркiмде де болды ғой, — дедi.
— Ойбай, болғанда, менiкi мүлдем қиын, — деп Тиышбек артымен бұған қарай бiр
ысырылып отырды. — Басқа байлардың он-он бес қойы өлсе, несi кетедi? Мыңғырған
малдың төлiмен есесi келiп жатады. Сорлағанда, бiз сықылды бишаралар сорлайды ғой.
Қолда он шақты уақ жандық бар едi. Соның бiр де бiрi қалмай аштан өлдi, — деп, ол кенет
жылайтын баланың кейпiне кiрiп, екi иығы селкiлдеп, иегi кемсеңдеп қоя бердi.
Шатай оны шынымен аяп:
— Қап, қиын болған екен, — дедi.
— Содан кейiн ғой... менiң ханға бергiсiз азамат басымның кемiп жүргенi. Болмаса мен
деген... кәзiр ана билердiң оң тiзесiн ала отыратын адаммын ғой. Немене үйтпестей менiң
олардан атам кем бе, әлде анам кем бе? Асылын сұрасаң, екеуi де тектi жерден. Құдай
құртқанда, менi алақаныма бiр қарға тышпай құртты қой. Басың алтын болғанмен, миманға
берер асың болмаса, бәрi бiр кемисiң. Соның зардабын тартып-ақ болдым, — деп Тиышбек
ендi жұдырығымен кеудесiн бiр салып өттi. — Болмаса менiң бiр мал үшiн жалданып,
Ақмешiтке барып, соғысатын не жөнiм бар едi? Онан да мына сен секiлдi ел-елдi аралап,
хан-төредей шалқақтап жүрмеймiн бе?
Осы кезде iшке кiрген Ақрәш көкбеттенiп:
— Қайнаға, iнiңнiң түрi осы. Кеуiлi Атымтайдай болғасын, олай өткен, былай өткен көк
аттыны мал соям деп үйiне түсiре бередi. Бұ шiркiннiң сонда көгенiне байланған тышқақ
лағы болса едi-ау, — деп ернiн шығарды.
Шатай қысылып қап:
— Келiнжан, бiз тек... жол түскесiн... Болмаса, — деп қозғалақтай бастады.
— Ойбай, қайнаға, мен сiзге айтып отқан жоқпын. Сенiң кiм екенiңдi бiлем ғой. Сiз
ана... төреге қызмет қылып жүрсiң. Жо-о-қ, осы үйде барды жеп кетесiң. Болмаса,
өкпелеймiз, — деп Ақрәш ендi былай шықты.
Шатай ыңғайсызданып: “Ойпырмай, мұндай да адамдар болады екен-ау”, — деп
қобалжи бастады да, қабағын шытып:
— Келiнжан, пейiлiңе рахмет. Бiз асығыс жүр едiк. Лұқсат болса, қозғаламыз. Нан әкел,
ауыз тиейiк, — дедi.
— Жоқ, қайнаға, мынауыңыз болмайды. Мен қазанға ет салып қойдым. Дастарханнан
аттап өткендi қай заманда кiм көрген? Әлде сен маңдайыма бiткен жаңғыз байымды
менсiнбей отсың ба? Мұның сөзi көп болғанмен, дығы жоқ. Хан-қараға бергiсiз басы бар
байым айтқасын, мен қалай қазанға ет салмайым? Пәленшенiң үйiнде боп, бiр тамақ жемей
кеттiм деген естiген құлаққа ұят емес пе? Жоқ, мынауыңыз жарамайды, — деп Ақрәш ендi
түсiн жылытып, жылмия қарап, сыртқа шыға жөнелдi.
Оны көрiп, Тиышбек тарқ ете қалды:
— Шәке, бiздiң қатын дегендер нағыз бибәтима ғой. Нағыз бәйбiше осындай-ақ болар.
Жөн-жобаны ханның қатыны да мұндай бiлмес. Көрдiң бе, менi адам ғып отқан осы ғой, —
деп, ол ендi бiр сәтте кеуiлi босап, көзiне жас келiп, дың еткiзiп бiр сiңбiрдi. Сосын иегi
кемсеңдеп: — Мен қасқа ғой осының кәдiрiн бiлмей жүрген. Болмаса бұ деген... ойба-а-й,
айтпа, Шобдардың iшiндегi асыл сiдiктен ғой. Құдай осы Шобдарлардан қыз алдырған менiң
iж арманым жоқ, — дедi де, құйрығымен сырғанап кеп, қолымен мұның санын басып-басып
қойды.
Шатай мына сөздiң қайсысына сенерiн бiлмей дал болды. Қасындағы серiктерi де үнсiз
отыр. Сосын бiрдеме айту керек екенiн бiлiп, күле қарап:
— Тиышбекжан, бiз деген шаруаның адамымыз. Көп отыратын уақытымыз жоқ. Ана
келiнге айт, жеңiл бiрдеме жасай салсын, — дедi.
Тиышбек оған қарап шақ ете түстi:
— Шәке, айда-жылда бiр келiп, менiң дастарханымды билемеңiз. Жеңiл ме, ауыр ма,
оны бiр құдайдың өзi бiледi. Бергендi iшiп-жейсiз. Ояғынан қам жемеңiз.