129
кейiн атына мiнiп, басқа қақпандарын қарады. Жәй қараған аты болмаса, еш нәрсеге ынта-
ықылассыз. Уақыт өткiзгелi жүрген адамның кейпi бар.
Сүйтiп ыңылдап жүрiп бiр арада, қаншама ойлағысы келмесе де, кешегi көтерiлiс есiне
түсе бередi. Әсiресе, атының өлер алдындағы көзi жадынан бiр кетпейдi. Сонда ана
сатқындар қашпағанда, не болатынын кiм бiлiптi? Орыс әскерi де екi аяқты адамдар. Оларға
да жан керек шығар. Бiрақ не пайда, мұны өлдi деп ойлаған сарбаздары құты қашып, быт-
шыт боп, бет-бетiмен босып кеттi. Қашқан қолды қайта құраудан ең қиын нәсте жоқ.
Тоғанақ бораған оқ арасынан шыққаннан кейiн де оларды қайтадан жиналар деп үмiт еткен
едi. Онысы бекер боп шықты. Кеше ғана тез жиналған қалың қол дем арасында тоз-тоз боп
кеттi. Сосын аз ғана адамымен бұл соңынан қуған атты казактарды адастыра отырып,
қыстың көзi қырауда Қарақ тауына қарай асты. Содан берi осы жақта жүр. Мұның қай жердi
жайлап, қай жердi қыстайтынын көп кiсi бiле бермейдi. Жән де бұнымен осы арада
қатынасып жатқан адам да жоқ. Тек анада Жәнiбек келiп кеттi.
Тоғанақ Мамырайдың қанды қолдан қалай қайтыс болғанын естiп, қатты аяп, iшiнен
бiлетiн дұғасын оқыған. Соңғы кездерi өзi о дүния жайын көп ойлайтын боп кеттi. Сақал-
мұртын ұқыппен алып, бес уақыт намазын оқып, бiр Аллаға мiнәжат етiп отырғаны. Сондай
кездерi ол бұ дүниядан баз кешкендей боп, көзiн жұмып ап, шалқасынан түсiп жата бередi.
Әйелiне де ештеңе демейдi. Жанын қинаған әлдеқандай сағыныш ешбiр маза бермейдi.
Кәзiрде де сол пәле қинап келедi.
Ол күн батып бара жатқанда ауылына қайтты. Iшiнен бүгiн қоянды астырып, сорпа
iшсем деп қойды. Сүйтiп келе жатқанда ол бiр бүйiрден келе жатқан үш аттыны көрдi.
Өздерi жайбарақат. “Бұлар кiмдер екен?” — деп, ол әлi нұры тая қоймаған көзiн қадап қарап
едi, мiнген атына қарап, Есiм Байбарақты шырамытты. Қасындағыларын қанша үңiлсе де
тани алмады.
Әлгi үшеу де бұны таныса керек, аттарының бастарын бұрып ап, берi қарай салды.
Жақындағасын барып бұл атының басын тартты. Байбарақ бұған сәлем бердi. Қалғандары да
жалпылдасып амандасып жатыр. Байбарақтың қасындағы Әбдiржан молда екен. Олар
мұнымен бiрге ауғанда, осы арадан күншiлiк жердегi бiр отты алқапта қалған едi. Содан берi
олардан хабар-ошар болмай кеткен едi. Ендi бұлардың тегiн жүрмегенiн бiлiп, Тоғанақ
әлденеге райланып:
— Қалай, ауыл-елдерiң аман ба? — дедi.
— Шүкiршiлiк, — дедi Әбдiржан молда. — Өзiңiз қалайсыз, пақуаттысыз ба?
— Әйдә! Бiр Аллаға сүйенiп жүрiп жатырмыз. Ал кәне, жүрдiк пе? — деп Тоғанақ атын
тебiне бердi.
Ендi олар қатарласып жүрiп келе жатты. Әбдiржан сол арада шыдамай, сабырсыздық
жасап:
— Төке, Ақмешiтке жаңа жандарал келiптi, — дедi.
— Е, бұрынғың қайда кеткен? — дедi Тоғанақ таңырқап.
— Оны ел ақ патшаға жақпай қалыпты, сосын басқа жаққа ауыстырыпты деп жүр.
Өтiрiк, шынын кiм бiлсiн?
— Басқа жаққа дейсiң бе? Ол түспегiрiң... ояққа да жақпай жүрмесе едi.
— Жақпаса, жақпасын. Бiзге керегi ол емес, — деп Байбарақ атын сипай қамшылап
қойды. — Мына жаңадан келген ұлықтың сөз iләмi жаман емес көрiнедi. Ол
көтерiлiсшiлерге кешiрiм жасаймыз дептi.
— Сонда қалай?
— Ақ патшаға шын ықыласымен қызмет етсе, тиiспеймiз дептi.
— Е, солай де. — Тоғанақ қолын бiр сiлтедi. — Олар деген... айта бередi. Баяғыда
Сырым батырға да солай деген. Соның ақыры не болды? Шаруасын бiтiрiп алғасын, сөзiнен
танып шыға келедi.
Сол арада Әбдiржан молда сөздi ушықтырма дегендей Байбараққа қатарласа берiп,
қамшысының ұшымен бүйiрiнен бiр түртiп өттi. Байбарақ ымды түсiнiп, жым болды.
Тоғанақ ендi олардан Сыр жақтың хабарын сұрастыра бастады. Бұлар бiлгендерiн,
естiгендерiн айтты. Кәзiр Сыр бойында халық онша тиыш емес. Қазалыға келген мұжықтар
зауыт салып, керпiш күйдiрiп, жағалай там тұрғызып жатқан көрiнедi. Атты казактар жақын
маңдағы қазақтардың ауылдарын әбден тонап болыпты. Оларды отырған жайлауларынан
зорлап көшiрiп, балығы тайдай тулаған терең көлдердi егеленiп алыпты. Ол аздай-ақ, Сырға
он шақты кеме әкеп, бықып жатқан құстарды үркiтiп, әрлi-берлi жүзiп жүр дейдi. Және бiр
қызығы, жақын арада Перонский хан сайлаған Өткелбай Торғай жағындағы Жаппастарына
қашып кетiптi. Ендi орыс ұлығы бұл арада жөн болмайды, үйез болады дептi. Сол арада
Тоғанақ елең ете қалды:
— Онысы тағы немене екен?
— Соны бiз де түсiне алмадық, — дедi Әбдiржан молда. — Шамасы, бөлiк-бөлiк етiп
билейдi-ау.