Стр. 134 - Ulisel4tom

Упрощенная HTML-версия

133
— Соған да шүкiршiлiк де. Ал ендi қарақалпақтың тойына қашан жүресiң?
— Жақын арада.
— Сен былай қыл. Ояққа жаңғыз барма. Қанша дегенмен, жол алыс, қасыңда
серiктерiңнiң болғаны дұрыс. Кiм бiледi, басқа жер, басқа ел дегендей, — деп Жәнiбек аз-
кем мүдiрдi. — Баяғыдағы жағдайды бiлесiң ғой. Жарыс үстiнде кiсiнiң делебесi қозып
кетедi. Дау-дамайдың шығып кетуi мүмкiн. Сондықтан сақ болғаның мақұл.
— Өзiм де солай деп жүрмiн. Қасыма кiмдi ертсем екен?
— Қалдыбайды ерткенiң дұрыс. Оған өзiм айтармын.
Сол күнi Нияз Жәнiбектiң үйiнде қонып отырып, өзi дайындап жүрген “Көрұғылыдан”
бiраз айтты. Басынан бастап баяндай кеп, негiзгi салаға түсiп алды да, маңдайы жiпсiп,
тынысы кеңiп, ұзаққа сiлтедi. Ауылдың бар кiсiсi жиналып қалған. Қатын-қалаштар есiк
жақта ұйлығысып отыр. Соларды көрiп, Нияз ендi даусын аса қинамай, көкiрегiн аяқ қаптай
ғып кере, әбден аңыратты. Ол Көрұғылының көрде туылған сәтiн айтқанда, кәрi әйелдер
көздерiне жас алып, жеңдерiн су-су ғып тастады. Осы тұста Нияз асықпай, бабына келтiре
нәштәп, толқыта созып, мұңлы әуеннiң жаңа бiр қыртысын ашқандай болды. Әсiресе, бiр
қайырып ап, қайтадан лекiлдете жөнелгенде бұрын белгiсiздеу басқа бiр иiрiм пернеге орала
кеттi. Сол иiрiмдi екiншi рет қайырғанда, бұл берiк жаттап та алған едi. Ендi ол қиссаның бiр
саласын толық айтып шығайын деп төге жөнелдi. Бiр жағынан сөзiн жадында беркiтiп
ұстасам деген ниетi де бар. Сүйтiп отырғанда түннiң бiр уағы болып қалған да едi. Нияз әлгi
саланы тәмамдап, домбырасын керегеге сүйеп қойып, сүлгiмен терiн сүртiп, демалып
отырды.
Жәнiбек ырза болғанын жасыра алмай:
— Өй, бәрекелле! Кеуiлiмiздi бiр көтерiп тастадың, — дедi.
Кештеу болғанына қарамастан, Ақкербез ет асқан екен. Ендi жұрт тегiс қол жуып,
тамақ жеуге кiрiстi. Нияз еттен жұқалап туратып, аз ғана жедi де, ыссы сорпа iштi. Артынан
қара шәй iшiп, жатуға кiрiстi.
Ертеңiне ол түске таман тұрды. Бойы ал-сал боп қапты. Даусы бiр түрлi бiтелiп
қалғандай. Ол кеше бiраз сiлтегенiн бiлiп, ыссы сүтке май салып iшiп, бiраз отырды.
Маңдайынан тер шыққасын барып, тамағы бiр түрлi ашылғандай болды. Содан кейiн бiраз
демалып, тер басқасын, атына мiнiп ауылына келдi.
Бiр жұмадан кейiн Нияз қасына Қалдыбай бастаған бес-алты жiгiттi ертiп, қарақалпақ
жағына қарай аттанып кеттi. Олар Дәуқараға жеткенше асықпай, жолдағы қазақ ауылдарына
қона-түстенiп бабын бұзбай, жүрiп отырды. Бұлар келгенде, Қаразымның ойында даңқы
шашылған не бiр дүлдiл бақшылар жиналып та қалған екен. Араларында атақты түрiкмен
бақшысы Дүрды да бар. Қарақалпақты сiлтiдей тындырып жүрген Әжiбай бақшы бөлек үйге
түсiптi. Жарыс, негiзiнен, осы үшеуiнiң арасында болатын сияқты. Дәуқараға жақын
отырған қазақ ауылдары тегiс кеп, сойысқа деп малын аямай айдап әкеп, өз алдарына он
шақты үй тiгiп тастаған екен. Ниязды тоғашылар сол үйлердiң iшiндегi ең бiр жасауы
келiскен, ең ажарлы дегенiне түсiрдi. Бұл үйлердi тiккен осы жақтағы Шөмекейлер мен
Қарасақалдар да екен. Олар мұны көрiп:
— Ә, өзiңсiң бе? Барыңды базар қыл!
— Мына бақшылардың алдында ұятқа қалмайық!
— Өйдей, бiр аңырат! — десiп, қауқылдасып жатыр.
Бiрiншi күнi Нияз қасына серiктерiн ертiп, нәрестелi болған, той жасап жатқан
Нұриддин деген байдың үйiне барып, сәлемдесiп шықты. Ол iрi денелi, екi бетi қып-қызыл,
қалың сақалды кiсi екен. Сақалын түрiкменшелеп қойыпты. Мұртын тақырлап қырып
тастапты. Мұны көрiп, iлтипат қып, орнынан түрегелiп, қолын кеудесiне қойып амандасты.
Сосын аман-саулық сұрасты. Өзi паңдау кiсi екен, ақырын бабпен сөйлеп:
— Құрметләп келгенiңiзге көп рахмет! Осындай қуанышты болып жатырмыз, — деп
қойды.
— Қуанышыңыз қуанышқа ұлассын! Ендi соның келiншек алған тойына келейiк, —
дедi Нияз кеуiлдене отырып.
— Алла жазса, оны да көрерсiңдер! Бiздер болсақ, иман ойлайтын шақтамыз.
Түгеншенiң тұяғы едi деп жүрсеңдер болды да, — деп Нұриддин кеуiлдене күлдi.
— Неге, сiз әлi пақуаттысыз ғой. Кәрi өле ме, жас өле ме? Оның бәрi бiр Алланың
қолында емес пе?
— Әрине, туры. Бiрақ пәндәның демi өлшеулi ғой. Өлшеуден артыққа барып, пайда
табу қиын. Алла өзiнiң абырайымен алса, содан артық iждеме жоқ.
— Бұл айтқаныңыз да тура.
Сол арада iшке басына орамал тартқан бiр жас келiншек кiрiп, бұған күле қарап:
— Қазақ құдаларымыз келiп қалған екен. Мына киттәй Тұяқбай дайыларынан
көрiмдiгiмдi алып бер деп жатыр, — деп құшағындағы құндақта жатқан жас нәрестенi
нұсқады.