Стр. 135 - Ulisel4tom

Упрощенная HTML-версия

134
— Қазақ дейсiз бе? — дедi Нияз таңғалып.
— Қазақ болғанда, қандай қазақ?! — дедi әлгi әйел сампылдай сөйлеп. — Мына
атайымыз осыдан бес-алты жыл бұрын жаугершiлiкте түрiкмендердiң қолына түскен бiр
қазақ келiншегiн мал берiп сатып алған едi. Ол байғұс осы есiкте күң болып жүрдi. Оның
артынан қуғыншы келе қоймады. Сосын... көрдiң бе, мына кiшкентайды туып, ауылымызды
қуанышқа бөлеп жатыр! Кәне, жиенiңнiң көрiмдiгiн бер! — Ол Ниязға жақын кеп,
нәрестенiң жүзiн көрсетпей тоқтады.
— Е, олай болса берейiн, — деп Нияз қалтасына қол салып, iлiккен күмiс теңгелердi
сылдыратып алып бердi.
Келiншек содан кейiн барып нәрестенiң жүзiн көрсеттi. Нияз дiр ете түстi. Сәбидiң бет-
жүзi аумаған Ағлес! Ол кiрпiгiн қағып-қағып жiберiп, қайта қарап едi, Ағлестiң бет-әлпетiне
келетiн белгiлердi осы жолы анық таныды. Соны байқаған келiншек ыңғайсызданып қап:
— Қайным, көзiң өтiп кетiп жүрмесiн, түкiр! — дедi.
— Тiпә, тiпә, жаман бала екен, — деп, Нияз iргеге қарай үш рет түкiрдi.
Әлгi әйел мұның көзiнен басқа бiр сырды оқығандай кейiн қарай шегiнiп кеттi.
Нұриддин ештеменi аңғармаған түр көрсеттi. Сосын ас-су үстiнде бұлар Сыр бойында
кейiнгi кезде болған уақиғаларды әңгiме етiсiп отырды.
Нияз өзiне бiрдеме болғанын сездi. Сол арада баяғыдан берi бiр жанын қинап жүрген
саздың қайта оралғанын аңдады. Iштей ыңылдай отырып, оның белгiлi бiр ырғаққа бағынып,
өлең жолдарына өздi-өзiнен құйылып келе жатқанын байқады. Ол қалай ас қайырып, далаға
шыққанын аңдаған жоқ. Қазақтар тiккен отауға қарай келе жатып, жаңағы әуендi ыңылдай
бердi.
Мұның қасында келе жатқан Қалдыбай жеңiнен тартты:
— Әй, жаңағылардың қазағы нес, а?
Нияз ұйқыдан оянғандай, селк ете қалды:
— А, не дейсiң? А, қазақ па? — Ол ендi Қалдыбайға қарады. — Мен де сол арасын
түсiнбедiм.
— Сонда о кiм болды? Түрiкмендер бес-алты жыл бұрын бiздiң жақты шапқан. Сонда
олардың қолында Ағлес кетiп едi, — деп Қалдыбай да жанын қинайтын сол уақиғаны есiне
алғысы келмей тоқтады.
— Мен де солай деп отырмын. Сосын... жаңағы нәрестенiң бет-жүзi Ағлестен аумайды-
ау, аумайды!
— Мен де байқап қалдым. — Қалдыбай басын шайқады. — Қыз қасқаның өмiрi қысқа
ғой. Қызғалдақша өсiп шығады да, аздан соң үзiлiп қалады. Қайран, Ағлес-ай! Мына шалға
қор болып отыр екен ғой!
Нияздың түрi бұзылып кеттi. Көзiне жас келiп қалды. Тек сыр алдырғысы келмей:
— Айтары жоқ, — дедi.
Сол арада Қалдыбай тұрып:
— Сен сыр берме, — дедi. — Әуелi байқап көрейiк, Мен бiр жiгiттi жұмсап, анық-
қанығын бiлейiн.
— Бұ да жөн.
Кешкiсiн Қалдыбай оның анық-қанығын бiлдi. Ниязды оңаша шығарып ап, сыбырлай
сөйлеп:
— Жаңа бiр қарақалпақ жiгiтiнен сұрап бiлдiм. Соның дәл өзi екен. Екi-үш жыл мына
байдың есiгiнде күңдiкте жүрiптi. Сосын артынан iздейтiн ағайыны болмағасын, былтыр өзi
алыпты, — дедi.
— Оның отауы қаяқта екен? — дедi Нияз толқи сөйлеп.
— Анаяқта. Олар кешегiден кейiн кiп алып қапты. Отауды қарулы жiгiттерге күзеттiрiп
қойдырыпты. Ағлестiң аяғын қия бастырмай отырған көрiнедi.
— Қап, әй, ә? Тым болмаса бiр көрiп, арыздасып шықсам ғой? — дедi Нияз шынымен
өкiнiп.
— Оған дейiн әлi бiраз бар емес пе? Тек сыр берме. Бiреу-мiреу сұраса, танымаймын де.
— Ол тағы да сыбырлай сөйледi. — Осы тойға қазақтардың жырау шақыр деп болмаған
Ағлес екен. Ол байғұс та бiр келсе, сенi келедi деген-ау.
— Алда, айналайын-ай, — деп ендi шыдамай, Нияз босап сала бердi.
Сол сәттен бастап Нияздың тақаты қашты. Кешкiсiн домбырасын қолына алып,
баяғыдан берi жанын жегiдей жеп келген қоңыр, мұңлы әуендi кеуiлiнен аударып, екi шектi
домбыраның пернелерiне әкеп қондырды. Гөй-гөйлетiп тартқан кезде, кiсiнiң жаны безек
қағар бiр саз! Нияз соны қайта-қайта тартып, мазасы қашып, бiр түрлi мұңға батып,
тұнжырап отыра бердi.