135
15
Ертесiне бәйгi аттарды шабатын жерге қарай алып кеткесiн, палуандардың күресi
басталды. Жиналған халық қалың нөпiр екен. Барлығы қоршап тұрып, екi алыптың
айқасқанын көрiп, айқайлап, ұран тастап қояды. Ортаға қарақалпақ жағынан денесi онша iрi
емес, бiрақ бұлшық еттерi ойнап тұрған орта бойлы жiгiт шықты. Оған қарсы Қаразымның
басқа бiр түкпiрiнен келген, ұлты өзбек пе, әлде басқа ма, адам айырып болғысыз, денесi
буылтық-буылтық, өте жуан бiр палуан шығып, аяғын алшаңдай басып, ортаға кеп тұрды.
Екi палуанның күресiн тамашалауға келген халық тым-тырыс боп қалған едi. Аздан кейiн
күрес басталып кеттi. Ендi барлығы шуылдасып, қот-қоттап, гуiлдесе бастады. Қаршығадай
жiгiт қаншама тәсiл қылғанымен, салмағы ауыр палуанды жыға алмады. Анау болса пiл
табан екен, қанша жұлқығанымен орнынан бiр қозғалмайды. Ақыры ол тәсiлқой палуанды
бiр қапысын ұстап ап, белiн сындырып жiберердей боп өзiне қарай тартып, қорбаңдай
қимылдап, астына ала құлады. Жұрт шу ете түстi. Сол арада жеңген палуанды жақтастары
қоршап ап, бөлек алып кеттi.
Нияз палуандардың күресiне қызыққан жоқ. Қалдыбай қанша қызғанымен, осы жолы
күреске түспедi. Сосын олар палуан бәйгiсi аяқталғасын, өздерi түскен үйге қарай беттедi.
Жолда келе жатып, Нияз әлденеге абыржып, Ағлес отырған отау жаққа жалтақтай бердi.
Бұл кезде түс болып, келген қонақтарға табақ-табақ ет тартыла бастаған да едi.
Бұлардың түскен үйi жас құлын сойып, әбден бабына келтiрiп пiсiрген екен. Көзi қанша
қызса да, Нияз тамақты аз жедi. Сорпа iшiп, терлеп, өз бабын ойлап отырды. Үйткенi бүгiн
кешке қарай жыраулардың жарысы өтетiн едi. Онда да қарақалпақтардың ақсақалдары өзара
келiсiп, үш төбенiң басына үш жүйрiктi отырғызатын болыпты. Кiмге халық көп жиналып
тыңдаса, сол жеңуге тиiс. Бұл кеше-ақ түрiкменнiң атақты бахшысы Дүрди мен
қарақалпақтың бахшысы Әжiбайдың алдын ала кеп, қамданып жатқанын естiген болатын.
Олардың анда-санда дайындық жасап, айқайлап қойған дауыстарын сырттан құлағы шалып
қалып тұр. Қышқырып салғанда, екеуiнiң дауыстары да зор болып естiледi. Оның үстiне бұл
жұрт — олардың өз елi. Қарақалпақтардың Сыр бойының мақамын қалай қабыл алатынын
бұл онша бiле бермейдi. Сондықтан да бұл дайындығын жасырып, күшiн кейiнге сақтап,
үнсiз отыра бердi.
Кешке таман ас-судан соң халық үш төбеге қарай шұбыра бастады. Төбелердiң арасы
онша қашық емес екен. Тоғашы әуелi жиылған жұртты бiр араға жинады да, өзi ортаға
шығып, айғайлай сөйлеп:
— Бүгiн жыраулар мен бахшылардың сайысы болады, — дедi. — Олар үш төбенiң
басына үшеу боп отырады. Кiмнiң даусы құлағына жақса, сол кiсi соған қарай баруға
хақылы. Қай бахшының даусы ұнап, кiсiнi көп жинап алса, сол жеңген болады. Ендi
жыраулардың өнерiн көрейiк.
— Құп, жора!
— Тыңдалық!
— Дүрдиға кiм жетер дейсiң!
— Әжiбай да одан қалыса қоймайды.
— Мына қазақтың жырауын бұрын көрген кiсi бар ма?
— Бiлмедiк, — деген кiсiлердiң сөздерi бiразға дейiн ию-қию араласып, тиыштықты
бұза бердi.
Нияз өзiне арналған төбешiкке кеп, жайылған кiлемнiң үстiне екi көпшiк төсеп, сәл
биiктеңкiреп отырды да, домбырасын қолына ап, саусақтарын қадай басып, жоғарылы-
төмендi бiр жүгiртiп өттi. Домбыраның үнi бабында екен. Сосын ол алдында шәй құюлы
тұрған кесеге қол созды. Бұ жақтың елi көк шәй iшедi екен. Нияз үйренбесе де, көк шәйден
бiр ұрттап, тамағын шылады. Сосын қашан бастасам екен дегендей тоғашы кеткен жаққа
қарады.
Қасында тұрған Қалдыбай:
— Саспа! Олар да адамның баласы шығар! — деп мұның кеулiн демеп қойды.
Мына үйлердi тiккен қазақ ауылдарының кiсiлерi осы төңiрекке түгелдей жиналыпты.
Олар малдастарын құрып, жерге отыра кеткен. Барлығы елу-алпыс шамалы боп қалады.
Аналардың маңайында жиылған ел жүдә көп. Қарақалпақтардың кiсiлерi түгелге жуық
жиылып, өз бахшысын делбеп, гуiлдесiп барады. Түрiкмен бахшысының қасында да
топталған ел жетерлiк. Келген кiсiлер соны сездi ме, Ниязға қарап:
— Қарағым, қорықпай айт!
— Даусыңды байқап айтарсың!
— Мына бахшылар ұзаққа дейiн қышқыра бередi. Содан сақ бол!
— Жарыстың қызығы түн ортасы ауғаннан кейiн басталады ғой. Оған дейiн баппен
айта берсең де болады, — деп жатыр.