Стр. 137 - Ulisel4tom

Упрощенная HTML-версия

136
Нияз үндемей, домбырасын алдына алып, оңтайланып отыра бердi. Сәлден кейiн
түрiкмен бахшысының даусы естiлдi. Ол әуелi оң қолын жоғары қарай көтерiп, ащы
дауыспен ұзақ айғайлап алды да, әлдеқандай жырды төге жөнелдi. Қарақалпақ бахшысы да
сүйттi. Нияз бiрден қатты айғайлағанды ұнатпайтын. Осы жолы неде болса қалыспайын деп,
саусағын төменгi сағаға апарып, домбырасын безектете тартып, ұзақ айғайлап алды. Жұрт
шу ете түстi:
— Өй, бәрекелле!
— Өлме, өлсең қайтып келме!
— Бас! Бас!
Нияз айғайлап болғаннан кейiн, өзiнiң бұрыннан айтып жүрген бастауын әдемi бiр
қоңыр дауыспен былқыта, әр сөзiн анық қып, тасқа қашағандай етiп айтып, саңқылдай
бастады. Сәлден соң басын кегжитiп ап, орнынан ұшып кететiн қыранша қомданып қойып,
кенет өлеңдi төге жөнелдi. Ара-арасында, оу деп созатын тұстарына келгенде, даусын сәл
соза түсiп, иiрiмдерiн әсемдеп қайырып, қиын тұстардан жаңылмай өте бердi. Сосын
бастауды бiтiрiп, бiр қайырып алды да, Қаразым жұртының құлағына жағатын бiр мақамды
былқыта тартып шығып, “Көрұғылының” бас жағын аңыратып айта жөнелдi. Ел тып-тиыш
боп тына қалған. Кемпiр-шалдар жағы мына саз құлақтарына жағып кетiп, берi қарай
ұмсына түскен. Соны көрген Нияз арқаланып, ендiгi бiр сәтте көзi оттай жанып, кiрiспе
баяндауды аяқтап болғасын, о-о-о-у деп әдемiлеп бiр аңыратып созып алды. Жұртшылық:
— Өйдөйт! — деп шу ете түстi.
Соны медеу тұтқан Нияз ендi Қаразым мақамына жақын, үйлес әуенмен Көрұғылының
қалай туылғанын, Кәжденбектiң құлды қалай сатып алғанын, Ақанайдың зарын былқытып
айта бердi. Даусы бiрте-бiрте күшейiп, осы кезде түскен қою қараңғылықтың таңын дар-дар
айырып, сонау алысқа қарай сiңiп кетiп жатыр. Аздан кейiн ол мүлдем арқаланып, өкпесiне
толтырып алған ауаны еш кедергiсiз шығарып, арлай жөнелдi. Өзiнiң екi көзi оттай жанып
алған. Өзi сәл алға қарай еңсерiле түскен. Домбыраның даусы гүмпiлдеп, мұның қайырған
майда иiрiмдерiне өзгеше бiр саладай боп қосылып, жортағынан тынар емес. Саусақтары
лашынның қанатынша лып-лып етiп, он екi перненiң бойынан адам жанының не бiр нәзiк
тұстарын қыдықтайтын әсем сазды төгiп жатыр. Халық сiлтiдей тына қалған. Бiр уақта ол
Ақанайдың зарын түрiкмендердiң мақамына салып кеп жiбергенде, ана жақта жиналған
елдiң елең ете қалғанын байқады. Соны пайдаланып, бұл тағы да бүткiл жұртқа естiлердей
етiп ащы айқайлап алды. Содан кейiн барып кiсi бойын тебiрентер зарды аңырата жөнелдi.
Мынадай мақамды бұрын-соңды естiмеген, бастарында қауғадай бөрiктерi бар
түрiкмендер кенет бұ жаққа қарай ауа бастады. Олар жақын кеп отырып жатқанда,
қарақалпақтардың бiр шетi сөгiлiп, Нияз жаққа қарай тартты. Олар келiп, жақын отырып,
қазақ жырауының сыңғыраған әсем даусына, сыршыл үнiне таңғалып, таңдайларын қағып
қояды. Мына мақамның өздерiне етене таныс, тым жақын екенiн сезгенмен, не
қарақалпақтың, не түрiкменнiң әуенi деп айту қиын. Оның үстiне Көрұғылы жайлы хикая
мұнда жиылған жұрттың баршасына таныс. Әрi Нияздың нұсқасында Қаразым жұртына
түсiнiктi Шарқы халқының сөздерi өте көп едi. Содан да болар, бұл айтып жатқан ұлы қисса
жұрттың бәрiне түсiнiктi болып шықты. Соны байқаған Нияз елдiң ықыласын өзiне аударып
алғанын сезiп, әр сөзiн нақтай нақтай айтып, қарақалпақ пен түрiкмендердiң бахшыларының
әдетiмен қайырымдарын соза түсiп, мәнерлеп жырлай жөнелдi. Соны тыңдап отырған
түрiкмендердiң ақсақалдары өзара сөйлесе бастады:
— Қазақтар Көрұғылыбектi қашаннан берi қазақша айта бастаған?
— Мынаусы қызық екен!
— Мақамы бiздiң мақамға ұқсаңқырайды.
— Аздап айырмасы бар.
— Мына қазақтың даусы құлаққа жағымды екен!
Сол арада Нияз бiр саланы аяқтап, қалған жағын аздап әңгiме еттi де, қайтадан
Көрұғылыбектiң Шағдат ханнан қалай қашқанын боздата жөнелдi. Ендi даусы мүлдем
күшейiп, айналаны қатты жаңғырықтыра бастады. Ана екi бахшының даусы естiлмей кеттi.
Сәлден кейiн қараса, басқа жақтағы ел де бұл отырған төбеге қарай ағыла бастаған екен.
Соны көрiп Нияз мүлдем ексiмденiп, бойына бар қуатын жинап, ұзақ жырдың бiр саласын
аңырата жөнелдi.
Дүрди да, Әжiбай да ашуланып, дутарларын қолдарына алып, төбе басынан кетiп
қалды.
Нияз содан талмастан таң бозарып атқанша жырлады. Көрұғылыбектiң басынан кешкен
неше түрлi ахуал жұрттың бәрiн қызықтырды. Ол таң бозара бергенде барып ұзақ қиссаны
бiтiрдi. Тоғашы кеп, бұған бiрдеме дей бергенде, Нияз қайтадан домбырасын дүрiлдете
тартты да, қатты бiр айқайлай ап, өзiнiң жыр соңында айтар қоштасу өлеңiн сылқыта
жөнелдi. Онда жырау тойға шақырған қарақалпақ байына ырзашылығын, ас-суына қанып,
сый-сияпат көргенiн бiр терiп шықты. Содан кейiн екi халықтың ағайын екенiн, татулық