Стр. 138 - Ulisel4tom

Упрощенная HTML-версия

137
керектiгiн бiр қыдыру жыр еттi. Ақырында өзiнiң қызмет жасап болғанын мәлiм ғып,
өлеңнiң соңғы жағын баппен қайырып, былқытып барып бiтiрдi.
Жұрт дуылдасып жатыр:
— Өй, бәрекелле!
— Өркенiң өссiн!
— Қатарыңның алды бол!
— Нағыз жырау қайда жатыр, ә?
Сол арада тоғашы тұрып, жиылған жұртқа қарап:
— Уа, жиылған жоралар, ағайындар! Бағанағы шартымыз бойынша кiм елдi көп жинап
ала алса, бас бәйгi соныкi дегенбiз. Сонау Сыр бойынан келген Нияз жырау бәрiмiздi ырза
ғып, кеуiлiмiздi бiр көркейтiп тастады. Жұрттың барлығы соны келiп тыңдады. Ендеше бас
бәйгiнi де сол алады! — дедi.
— Дұрыс!
— Бәйгi осынiкi!
— Тұп-туры! Лайығы осы! — десiп, жұрт дабырласып қалды.
— Бай атамыз жыраудың бәйгiсiне бiр түйе, бiр жорға ат, бiр кiлем тiккен едi. Соны
Нияз ертең алады, — дедi тоғашы.
— Рахмет, — дедi Нияз оған ырза бола қарап.
— Ал, ағайындар, бүгiнге осы жетер. Тарайық. Ертең той тарқар, — деп жариялап,
тоғашы жиылған елдi үйдi-үйiне таратты.
Нияз орнынан тұрып, ұйып қалған аяғын жазып, домбырасын қолына ұстаған қалпы
жүре бердi. Қасында Қалдыбай ыржалақтап келедi:
— Әй, бiр қатырдың! Мынау бiр абырай болды-ау!
Қасына ерген басқа да серiктерi мәз-майрам. Бәрiнiң де екi езулерi екi құлақтарында.
Барлығы да түнiмен ұйықтамай, көздерi қып-қызыл боп кеткендерiне қарамастан, дабырласа
сөйлесiп, қуанып келедi. Нияз үндеген жоқ. Жағының аздап ауырғанын сездi. Үйге келгесiн
басы жастыққа тиiсiмен бiрден қатып ұйықтап қалды.
Ертеңiне ол түске таман бiр-ақ оянды. Жуынып-шайынып шәйға отыра бергенде,
хабаршы кеп, бұларды байдың өз отауында күтiп отырғанын айтты. Нияз кесесiн асығыс
төңкере сап, қасына Қалдыбайды ертiп, сыртқа шықты. Шынында да, байдың үлкен
отауының маңында кiсi-қара көп екен. Олар бұл екеуi жақындап келгенде, жылы амандасып,
халын сұрап, жалпылдады да қалды. Нияз сәлем берiп iшке кiрiп келгенде, Нұриддин өз
елiнiң барша жақсысын жинап, мәслихаттасып отыр екен. Ол орнынан түрегеп, мұның
қолын алып, құрметпен төрге апарып отырғызды. Оның сол жағына Қалдыбай жайғасты.
Нұриддин бұған қарап:
— Қарағым, жасың кiшi баласың ғой, кешегi өнерiңе бәрiмiз ырза болдық. Бас бәйгi
сенiкi, — дедi.
— Алдыразы болсын, отағасы, — дедi Нияз шын ықыласымен.
— Ал ендi мына жиылғандар — осы елдiң кiлги жақсылары. Олар кеше сенiң
жырлағаныңды шала-пұла естiген едi. Бүгiн өзiңдi қайтадан тыңдасақ дейдi. Соған бiр кешке
өнерiңдi аямассың дейiм, — дедi Нұриддин бұған қарап.
— Мақұл. Тек аздап... қара шәй болса, — деп Нияз өтiнiш еттi.
— Кәзiр алдырамыз. — Нұриддин есiк жақта тұрған тоғашыға қарады. Ол лып етiп
сыртқа шығып кеттi.
Аздан кейiн бiр қызметшi бала аяғын тез басып, Нияздың алдына аққұман мен бiр
пиала әкеп қойды. Ниязға Қалдыбай шай құйып бердi. Жырау шәйдi жәйiмен iшiп отырып,
жұртшылыққа қарап:
— Кеше сiздердiң құлақтарыңызға жағар Көрұғылыбектi айтып бердiм. Бүгiн
қазақтардың өз қысасынан тыңласаңыздар кәйтедi? — дедi.
— О да болсын!
— Қазақ ағайындардың жырларын да көрелiк!
— Кәне, бастап жiбер, — деп жиылған жақсылар бiрден қоштады.
Нияз пиаласын жерге қойды да, киiз қабынан домбырасын алып, құлағын келтiре
бастады. Құлақ күйi келгеннен кейiн, ол Сыр бойының қоңыр сазды термелерiнiң әуенiн
дүрiлдетiп тарта жөнелдi. Содан кейiн барып-барып, даусын iштей байқап көрдi де, орташа
үнмен бiр рет боздата айғайлап алды. Жұрттың назары өзiне ауған-нан кейiн, дүния, тiршiлiк
жайында сыр шертетiн бiр терменi айта бастады. Түндегi ұлы сүргiннен кейiн дауысы сәл-
пәл қарлығыңқырап қалған екен, аздан кейiн қыза келе ол да жоғалды. Ендi даусы сыңғырай
шығып, еркiн сiлтеп кеттi.
Термелетiп болғасын, бұл жұртшылықтың қолқалауымен “Қыз Жiбектi” айтты. Сол
түнi еркiн сiлтеп, шаршағанын ұмытып, ұзақ жырды төге бердi, төге бердi. Содан таң
алдында барып қиссаны аяқтап, ұйықтауға кiрiстi.