Стр. 139 - Ulisel4tom

Упрощенная HTML-версия

138
Ертеңiне түстен кейiн Нияз елiне қайтатын болды. Нұриддин бай уәдесiнде тұрып,
бәйгiге тiккен малын мұрнынан тiзiп мұның жетегiне байлады. Нияз түйенi Қалдыбайға, ат
пен кiлемдi басқа жолдастарына бөлiп бердi. Сосын Қаракөкке мiнiп, домбырасын алдына
өңгерiп ап, жүрмекшi болды. Дәл осы кезде қараүйдiң iшiнен бөпесiн қолына алып, Ағлес
шыға келдi. Бұлай болар деп ойламаған Нияз сасып қалды. Кешелерi сұрау салып көрiп, оны
мықты күзетпен iште отырғанын, жолығудың мүлдем қиын екенiн бiлiп, iшiнен тынған-ды.
Мiне, ендi кетер кезде бiр бет өжет қыздың өзi шыға келдi. Нұриддин қабағын шытып,
жақтырмай қалды. Бiрақ Ағлес оны елеп жатпастан, мұның жанына жақын кеп, көзi боталап
қарады. Сосын жүзiн төмен салып, анық қылып:
— Нияз, менiң тойымда жырлап, түскен жерiмдi ырза қылдың! Соның үшiн де мың да
бiр рахмет! Мен бiр тағдыр-талайы даладағы қаңбақтай болған жанмын. Оған өкiнiп
жататындай халым да жоқ. Сен мына Тұяқбайдың тойында жырлап едiм деп көзiмдей көре
жүр, мә, — деп, оң қолынан күмiс бiлезiгiн шешiп, бұған ұсынды.
— Алдыразы болсын, Ағлес, — деп, Нияз ат үстiнен еңкейiп, бiлезiктi алды. Ала
бергенде саусағы оның қолына тиiп кеттi. Сол екен, iштей дiр ете түстi.
Ағлес ендi бұған тура қарап:
— Ендi осы сый-сияпатқа ырза боласың. Елiңе барғанда, менiң тойымда жырлап едiм
деп айта жүрерсiң. Сосын саған айтар сәлемiм бар. Елiмдi көрмегелi бiраз жылдың жүзi
болды. Әке-шешеме, ағама хабарымды айтарсың. Көп ұзатпай бiздiң жақтан кiсiлер барып
та қалар. Ал ендi кетерiңде мына киттайымның аузына түкiрiп кет. Сендей әйдiк жырау
болар ма екен, — дедi.
Нияз көзiне келiп қалған жасты әзер дегенде iрiктi. Сол сәтте бойын тез жинап ап:
— Айтқаныңның хал-палы жоқ. Түкiрсем, түкiрейiн, — деп, ол ат үстiнен еңкейiп,
Ағлес көтерiп тұрған, аузын қаймаңдата берген сәбидiң аузына “түф” деп үш рет түкiрдi.
Мұны көрiп тұрған Нұриддин сыр алдырмай, жарқылдап күле бердi. Ағлес бұл
түкiргенде, әлдене есiне түскендей, жүзiн бiр қырын бұрып әкеттi. Сол арада жиылған жұрт
бiрдеменi сезгенедй боп, тым-тырыс бола қалды. Нияз оған назар аударып жатпады, сәбидiң
маңдайын қолынмен сипады да, ат үстiнде дұрысталып отырды. Осы кезде Нұриддин iлгерi
қарай бiр аттап, жұртшылыққа қарап:
— Оу, ағайын, — дедi қаттырақ сөйлеп. — Сендер жал-жағдайды жақсы бiлесiңдер.
Мына азғантай тiршiлiкте менiң бiр кiсiге жасаған қиянатым болды ма осы?
— Жоға, болған жоқ, — дедi бiрнеше кiсi қатарласа дауыстап.
— Ал ендi менi тыңдасаңдар, мынадай бiр ахуалға тап боп тұрмын, — дедi ол
жұртшылыққа жағалай қарап. — Өздерiң бiлесiңдер, қанша қатын алсам да, балам тұрмай
қойды. Бүгiнгi күнi маған ұл тауып берген мына қазақ қызының тойын тойладыңдар. Ендi
байқап көрсем, мына жырау мен бiздiң әйәлдың ертеректе арасында сөзi болғанға ұқсайды.
Сол арада түрiкмендер шауып, мына қыз пәндә боп кетiптi. Оның менiң ауылыма қалай
келгенi бәрiңе аян. Ау, ағайын, жасым пайғамбар жасынан асқанда, бiр-бiрiне ықыласы
суымаған екi жастың обалына қалай қалам? Алғашқы күнi пәндәшiлiкпен қарауыл қойып
бағып ем. Мына Нияз жiгiт екен, сөкет қылық көрсетпедi. Қайта елдi де, менi де
жыраулығымен ырза қылды. Мен осы арада құдайымды ойлап, бiреудiң баласының обалына
қалмасам дейiм. — Ол Ниязға тура қарады. — Қарағым, сен де менiң баламсың.
Жаугершiлiк заманда не болмайды? Әгәр ықыласың болса, мына ашығыңды адалдап алып
кет! Қолыңды қақпаймын! Тек маған ана кiшкентай Тұяғымды тастап кетсең болды!
Жұрт самсоз болды да қалды. Нияз да не дерiн бiлмедi. Бұлай болады деп ойламаса
керек, Ағлестiң көзі жарқ етiп, бұған бiр рет тура қарады. Сосын көзiн төмен сала бердi.
Нияз өз басына сын түскенiн анық аңғарды. Сол сәтте iшiнде баяғыдан берi мазалап
жүрген қоңыр саз қайта оянды. Ендi жырау жiгiт шыдамады, атынан қарғып түсiп,
Нұриддиннiң алдында қос тiзерлей отыра қалды:
— Отағасы, сiз нағыз әулие кiсiнiң сөзiн айттыңыз. Ағлестi жау алып кеткенде iзiнен
қуа алмай қап, өмiр бойы жапа шегiп жүр едiм. Одан күдерiмдi үзе бастағанымда өлгенiм
тiрiлiп, өшкенiм жанғандай болды. Бұ тойға келгенде оны көрем деген ойымда да жоқ едi.
Бұл тойдың сiздердiкi екенiн бiлгенiм де жоқ. Әгәр шынымен айтсаңыз, маған өкiл әке
болыңыз, өз балаңыздай көрiңiз. Мына Тұяқбай iнiм болсын. Өлшеулi демiм таусылғанша,
алдыңыздан кесе өтпейiн. Мен сiзге екi дүнияда разымын.
Жұрт не дерiн бiлмей, қозғалақтасып қалды. Сол арада Нұриддин әлдене деп
күңкiлдесе бастаған өз туыстарына алара қарап:
— Әй, ағайын, мен құдайдан қорқып, мына қызды күң ретiнде бiраз жыл ұстадым.
Ондағы ойым — елiнен iздеушi келiп қала ма деп ем. Содан хабар болмай кеттi. Онан кейiн
осыны зорлағандай ғып маған алып берген сендер едiңдер. Мен соған да көндiм. Ау, ендi
мына iстiң шыны ашылып тұрғанда, алдында тiлеуi бар жастың обалына қалып, күнәһар
болар жайым жоқ. Құдайдың осы бергенiне де дән ырзамын. Қалған күнiм менiң иман
ойлаумен ғана өтсiн. Мына жiгiт тойыма қуанып келiп едi, қан жылап қайтпасын, — дедi.