142
от жанып жатқан жерошаққа киiздiң бiр жағын кесiп ап күйдiре бастады. Әлгi iнiсi бұған
көмектестi.Ол бықсып жанып, қарақошқыл тартқан киiздi қанаған жерiне ашыта басып
жатып:
— Шәкидiң кәдiрi өттi-ау, — дедi.
Ережеп дiр ете түстi. Өзiнiң сол iнiсiнiң кәдiрiн бiлмегенiне кейiнгi кездерi өкiнiп
жүрген едi. Шындығында, мынадай қысталаң тұста ол бұл үшiн жанын аямайтын. Сүйткен
жiгiтке құдайдың өзi құрап жатқан тегiн малынан еншi беруге қимай, өзiнен iргесiн
алшақтатып алдырды. Ана жолы алдап-сулап қасына алғанымен, ақыры жанында оты бар
жiгiт бұдан мүлдем күдер үзiп, нағашы жұртын сағалап кеттi. Со жолы Шәкидiң мұның
сөзiн аяқасты қып, қашып кеткенiне қатты ашуланған едi. Бiрақ Сыр бойында болған әлемет
жағдай оған мойын бұрғызуға келтiрмеген. Ендi соның зардабын тартып отыр.
Ол мына iнiсiнiң алдында сыр бермеуге тырысып, оған ашулана қарап:
— Сен неге үйдейсiң? Немене осы ауылда одан басқа қолына сойыл ұстарлық еркек
кiндiк құрып қалған ба? Әлде барлығың.... ұрғашысыңдар ма? — деп ақырып жiбердi.
— Мен... аға...
— Өшiр үнiңдi! Ыңғи сiлiмтiктер! Жаңағыдай жерде қырылып қалсаңдар да, бiр қайрат
көрсетпейсiңдер ме? Керiсiнше от басына тығылып, — дедi Ережеп ызадан қалш-қалш етiп.
Оның бетiне тиген қамшы iздерi қарая бастады.
Ережептiң қасына аяғын баппен басып, бұралаңдап Мәниға келдi. Ол мұның жанына
бiр тiзерлей отыра ғап:
— Мырза қайным-ау, ана иттер басыңды жарып кеткен бе? Кәзiр тездеп жата қал.
Үйтпесең болмайды, — деп, күндес әйелдiң тiл тапқыш сиқырлығына басып, мұның
қолтығына жармасты. Ережеп оның қолын қағып жiбере алмады. Iшке қарай беттеп келе
жатып, сықырлауық есiктiң қасында өзiне атып жiберердей боп, қызғана қарап тұрған
Нағиманың сұп-сұр жүзiн көрiп, ызадан жарылып кете жаздады. Әсiресе, өзiн ана
Байбосындардың қатынының көзiнше өлiмшi ғып сабағаны жанына батты. Нағиманың өзiне
табалай қарап тұрғанын көрiп, iшi күйiп кеттi. Iшке кiрiп, төсегiне жатты. Мәниға сулы
шүберек әкеп, мұның бетiндегi қанын сүрттi де, орамалмен таңып тастады.
Ережеп жарасын ендi ғана ауырсынып, ыңырсуға арланып, ернiн тiсiмен қырқа тiстеп
алған едi. Басы зыңқ-зыңқ етiп, сынып барады. Тұла бойы да алдырмайды. Әсiресе, тепкен
жерлерi қатты ауырады. Ол түске дейiн нәр татпай жатып алды. Басына неше түрлi ой түстi.
Бiрақ миы дыңғыдай боп, көп ойлануға құлқы соқпады. Түс әлетiнде iшке Нағима кiрдi.
Бүгiн ол таңертеңнен қазанға ет салып қойған екен. Сол былқып пiсiптi. Мәниға екеуi буы
бұрқыраған еттi ағаш табаққа салып әкеп, дастархан жайып, ортаға қойды. Сосын Мәниға
сайқалдығына басып, екi бiлегiн түрiп жiберiп, майлы еттi өткiр пышақпен майдалап турай
бастады. Нағима үлкен кесеге сорпа құйып, үстiне жуа турап, мұның алдына әкеп қойды.
Ережеп шаққа дегенде басын көтердi де, дыриып iсiп кеткен қолымен сапар кесенi әзер
алып, аузына жақындатып, ыссы сорпадан бiр-екi рет ұрттады. Сосын әрi қарай тәбетi
шаппай, кесенi жерге қоя салды.
Екi әйел екi жақтан қыштағанмен, ол тамақты жөндеп жей алмады. Табаққа бiр-екi рет
қол созды да, қолын сүртiп, төсегiне қисайды. Содан кешке дейiн басын көтерген жоқ.
Ол түн бойы да ауырып шықты. Аздан соң бағана соққы тиген жерлерi түн ауа мүлдем
қақсап кеттi. Соны ауырсынған Ережеп таңға дейiн ыңқылдап, қара тер боп шықты. Екi
әйелi басында отырып, мұның бабын жасап, көз iлмедi. Әшейiнде бiр-бiрiн атып жiберерге
оғы жоқ күндес әйелдер осы арада татуласқандай, мұны өбектеп, қасынан шықпай қойды.
Ережеп таң қылаң бергенде ғана азырақ кiрпiк iлiндiрдi. Содан ұйықтап кетiп, бiр кезде
барып селк етiп оянса, тыста әлдекiмдер абыр-сабыр болып жатыр екен. Бұ не деп,
таңғалып, сыртқа құлағын тiксе, Мәниғаның айналып-толғанған даусы анық естiлдi. Содан
көп ұзамай, сол дабыр берi қарай жақындай түстi. Сықырлауық есiктi ойбайлата ашып, iшке
Мәниға кiрдi. Оның соңында — Орынборда оқып жатқан iнiсi Дiнәлi! Өзi iрейiп, сырықтай
боп өсiп кетiптi. Үстiнде әскери киiмi бар. Өткен жолы демалысқа келгенiнде ашаңдау
сықылды едi, ендi аздап толыса бастағандай ма қалай? Ол мұны көрiп, екi қолын iлгерi
қарай созып:
— Ассалаумағалайкүм, — дедi.
— Әлiксалам. — Ережеп оның қолын алды да, қасына отырғызды. — Қалай, аман-есен
жеттiң бе?
— Шүкiршiлiк, аға.
— Бұл ... оқуыңды бiтiрiп қайтқаның ба?
— Иә, аға.
— Ал ендi... қалай? — дедi Ережеп оған тура қарауға ыңғайсызданып.
— Қалайы сол, осы жаққа жiбердi. Ертең ана Захваткинге барып, қызметке тұрам, —
дедi Дiнәлi тез-тез сөйлеп. Ол мұның жайына қанық болса керек, сұрауға аз оқталып тұрды
да батпады.