143
— Е, оның жақсы болған екен. Әкең марқұмның арманы да сол сенiң атқа мiнiп, әкiм
болғаныңды көру едi. О байғұс көре алмай кеттi. Ат тұяғын тай басар деген нақ осы. Ендi
қызметiңдi дұрыстап атқарсаң, өсесiң ғой, — деп Ережеп кеуiлденiп қалды. Сосын басын
көтерiп, әйелдерiне қарап: — Ау бұл үйдiң дастарханы құрып қалған ба? Әкелсеңдершi
барларыңды! Мына балдарың азамат боп келiп отқанда, бұ не сендердiкi жылап-сықтап? —
дедi.
— Бүгiн әкелмегенде, қашан әкелем. Бәрiн iстеймiз ғой, — деп Мәниға сыртқа қарай
тұра жөнелдi.
Аздан кейiн шәй келдi. Кешеден қалған, түнгi салқында тоңазыған еттi табағымен
ортаға әкеп қойды. Ережеп тұла бойының сырқырап отырғанына қарамастан, осы жолы еттi
бiраз жедi. Iшiне ел қондырып алғасын барып, жүзiн Дiнәлiге бұрып:
— Сонымен қызмет iстейiм де, — дедi.
— Иә, солай.
Ережеп оның әскери киiмiне, иығындағы шашағы жалбыраған погонына қарап:
— Мына бiр шудасы жұлынбаған түйенiң төсiндей боп жалбыраған нәстең не? — деп
күле қарады.
Дiнәлi де күлдi:
— Өй, аға, ол әскердiң айырым белгiсi ғой.
— Сонда ненi айырады?
— Ендi... сiзге қалай айтсам екен? — Дiнәлi қиналды. Кадет корпусында оқып жүрген
жылдары қазақша ойлаудан мүлдем көшiп кетiп, әрi-сәрi болып жүргенi байқалып, бiрден
аузына сөз түсе қоймай: — Былайша... жәй әскер мен бастық әскердi... — деп барып
тоқтады.
— Сонда сен әскердiң бастығысың ба?
— Әскердiң болғанда, бәрiнiң емес. Поручик дейтiн шен... былай...
— Е, түсiнiктi. Бiздiңше жүзбасысың ба, мыңбасысың ба?
— Соның екi арасы.
— Е, онда жақсы екен, — дедi Ережеп кеуiлденiп. — Жүз кiсiнi басқарып-текшерiп
үйренсең, мыңы қайда қашар дейсiң? Талабың оң боп, алдыңнан жарылқасын.
— Әумин, — дедi төменгi жақта жасанып отырған Мәниға.
— Ал ендi, бiздiң халымыз осындай боп қалды. Жасырғанды құдай көрмей ме деген.
— Мыналары сұмдық қой! Тағылық қой! Отсталость, — деп Дiнәлi кенет тiстеуiк аттай
кiржiңдеп, өз өзiнен ызаланып, сұп-сұр боп кеттi.
Ережеп оған таңғала көз тастады. Мына iнiсiнiң аяқ астында күйiп-пiскенiне қарап,
сабырсыз ба деп ойлап қойды. Бұндай мiнез әкесiнде жоқ сияқты едi. Мынау қайдағы бiр
пәленi оқимын-шоқимын деп жолдан жұқтырып алған ба қалай? Ережеп онан көзiн
тайдырып әкетiп:
— Оған бола күйiп-пiсiп кәйтесiң? Бiз деген соған үйренгенбiз. Қазақтың өз заңы бар.
Көп кiсi аз кiсiнi ұра ма, соға ма, — өз еркi, — дедi.
— Ау, ондайды жазалайтын заң бар емес пе?
— Ондай пәлең орыстарда бар шығар. Қазақтың заңы бөлек. Әлi жеткен кiсi кiмдi
тыңдайды? Малы бар адам қандай дауды жеңiп алмайды? Мына сахраның жөн-жобасы осы.
— Ол сөлекеттеу ыржиды.
Дiнәлi жұқа бетi ду-ду ете түсiп, арық оң қолын жоғары қарай көтерiп:
— Мұндай тозған әрекеттi орыстың оқыған ойшылдары надандық дейдi, — дедi.
Ережеп ендi оған жүдә таңғалды. Мына жас жiгiттiң отырыс-тұрысы да, сөйлеуi де
мүлдем өзгерiп кетiптi. Ол әлге дейiн бұған беймәлiм жұрттың бар әдетiн бойына тез арада
сiңiрiп ала қойыпты. “Ойпырмай, адам баласы қалай тез өзгередi?” — деп басын сәл-пәл
шайқап қойып, оған тура қарамай:
— Қарағым, сол орыстың оқығандарының сөзiн бiзге айтып нағыласың? Әр елдiң өз
оқығаны, өз тоқығаны болмай ма? Бiздiң жобамыз iсләмнан таралған. Бiз қасқа сол жолмен
ғана жүргендi хош көремiз. Надан болайық, басқа болайық, бiздiң сол тiршiлiгiмiз тiршiлiк.
Оны өзгертiп жатқанның несi жөн? Онан да сол жөн-жобаның ретiмен ата жауыңнан өш
алсаң, одан артығы жоқ. Сенi оқытқанда, орыс болсын деген жоқпыз. Азамат боп, ат жалын
тартып мiнiп, ұзында кеткен өшiмiздi, қысқада кеткен кегiмiздi қайтарады дедiк. Ертең әкiм
болғаныңда, осыны ұмытпа, — дедi.
— Мен... халықтың көзiн ашып, оқытып... — Дiнәлi кiдiрдi.
— Қой, қарағым, үйтiп мектеп ашып молла боламын дегендi ойыңнан шығар. Бала
оқыту үшiн Орынбор асудың не керегi бар едi. Одан да ана атқаратын қызметiңдi бiл, — деп
Ережеп оны тыйып тастап, қабағын шытты.
Дiнәлi үндеген жоқ.
Сол күнi Ережеп кешкiсiн бiр мал сойдырып, құда-жолы жасап, жақын жердегi
ауылдардың ақсақалдарын шақырып, батасын алды. Ертеңiне көп кiдiртпей, қасына бес-