148
— Мынау-у... ет... не өзi? — деп сұрады.
Анау ыржиды:
— Қорықпа, мырза, ет болғасын бәрi бiр.
— Со-о-нда... бұл өзi... немене-е-нiкi?
— Неменесi несi? Бұлардың ең сүйiктi тамағы доңыз болады. Бұл шошқаның етi. —
Ахияр мас болып, ыржия күлдi.
— А-а, доң-ңы-здiкi? — Елмырза оған құбыжықты көргендей бақырая қарады.
Сол арада шала мас Захваткин қарқылдап күлдi:
— Ничего! Әлi-ақ оған үйренiп кетесiңдер! Сендерге шошқа түгiл, италиялықтар
сықылды, ешектiң де етiн жегiземiз! Ха-ха-ха-ха!
— Қой ұят болады. — Мария Ивановна оның жеңiнен тартты.
Захваткин қыңбады:
— Оның несi ұят? Керек десе, бұған деликатес... француздарша ана құрбақаның екi
санын жегiземiз! Ха-ха-ха-ха! — Ол ендi бұған бұрылды. — Сонымен... Тоғанақ қайда
жасырынып жүр?
Елмырза жақында өзiне Шатай мен бiр кiсiнiң келiп, батырды Қарақ тауының етегiнде
жүр дегенiн есiне алды. Соны айтсам ба, айтпасам ба деп екi ойлы боп отырып, ақыры
батылданып:
— Ол Қарақ дейтiн тауда жүр, — дедi.
— О қайдағы тау?
— Ана... Бұхара жақта. — Елмырза қолын алысқа қарай сiлтедi.
— Ничего, оны... әлi-ақ табамыз. Кәне, құй пуншты!
Тағы да бокалдар сыңғырлай соғылысты. Ахияр да, бұ да мас болды. Сол күнi ол
Захваткиннiң үйiне қонып, ертесiне түстен кейiн басы мәңгiрiп, атына мiнiп, ауылына
қайтты. Жолда келе жатып: “Е, сырыңды бiлдiк. Қатыныңды құшақтап, iштен пышақтап
жүре берсең... жарайды”, — деп, кенет ол қасындағы Шатайды шошытып, ай даланы
жаңғырықтыра күлдi:
— Ха-ха-ха-ха!
18
Байбосын мен Тәбекен Ережептiң ауылынан ұзап шыға бере, аттарының бастарын
iрiктi. Сосын ашу үстiнде жаңағы iстегендерiн әңгiме ғып, шиқылдай күлiстi. Тәбекен
көзiнен жасы аққанша күлiп:
— Бiздi алдайтын неме ғой, әбден көкесiн көзiне көрсеттiк. Сен өзiң мықты екенсiң ғой,
— деп еңкейiп барып, Байбосынның санын қолымен басып-басып қойды.
— Е, сен менi кiм деп жүрсiң? Құдайға шүкiр, әлi бiр кiсiден таяқ жеп көрген жоқпыз,
— дедi Байбосын танауы шелектей боп.
— Иә, сен сондайсың.
— Не, не? — дедi Байбосын оны кекетiп тұр ма деп ойлап.
— Сондайсың дейiм. — Тәбекен ендi байсалды тартты. — Жарайды, оны қойшы. Оны
бiздiң қай тауымызды қиратады дейсiң. Онан да қалған жағдайды ойластырайық.
— Оның да дұрыс екен. — Байбосын жiгiттерiн сол араға қалдырып, атын қамшылап,
бөлектенiп шыға бердi. Аулақ шыққасын барып, ол: — Жаңағы сұм осы Елмырзаға қарай
сiлтедi ғой, ә? — дедi.
— Өй, онысы жәй шығарып салма сөз емес пе?
— Мен де солай деп ойладым. Дегенмен... осы арада бiр қисын бар сияқты.
— Сонда қандай?
— Оның не қандайы бар? Елмырза кәзiр орыс ұлығының сенiмдi кiсiсi боп жүрген жоқ
па? Ол Ақмешiтке бiрге барып, соғысып, пәлкеуiнек атанды. Демек, орыс ұлығының оған
мына шаруаны сенiп тапсыруы мүмкiн.
— Шынында да, сөзiңнiң жаны бар, — деп Тәбекен қозғалақтап қойды. — Онда
нағылдық? Аламесек деген де бiр талай жер.
— Алысы алыс. Бiрақ мынадай тұста, бас керек болса, Аламесек түгел Шымбайға
барып қайтарсың, — дедi Байбосын бiлгiшсiнiп. — Осы бар ғой... солай қарай тартсақ
кәйтедi? Iрә ретi келмей бара атса, ауылымызға қайтатынымыз тұр ғой.
— Жарайды онда, кеттiк!
Олар аттарының бастарын бұрып ап, Аламесек қайдасың деп тартып бердi. Күз айы
болғанымен, түскей жаққа жақындаған сайын күн ыси түстi. Қосқорғанның тұсына келгенде
бұлар қабыздап, үстерiндегi түйе жүнiнен тоқылған шекпендерiн шешiп, жеңiлденiп жүрiп
отырды. Араға бiр қонып, екiншi күнi дегенде зауал ауа олар Аламесекке келдi.
Алмырзаның ордасы Сырдың бiр сабат жерiне тiгiлген екен. Отыз шақты үйдiң ең