Стр. 150 - Ulisel4tom

Упрощенная HTML-версия

149
ортасындағы көрiктiсi де, ажарлысы да соның ордасы болар деп, бұлар ауыл шетiне кеп,
хабарлас қып тоқтады. Осы кезде iштен шыға келген қызметшi жiгiт төренiң ауылда жоқ
екенiн айтты. Бұларға түсiңдер, қонақ болыңдар деп омырау аша қойған ол болмады. Сол
екен, төре ауылдарының қонақасыға сараң екенiн бiлетiн Байбосынның да, Тәбекеннiң де
қабақтары түсiп кетiп, әлгi жiгiтке ештеңе демей, аттарының бастарын бұрып алды да, кейiн
қарай жүре бердi.
Тәтыран Тәбекен күңкiлдеп келедi:
— Осы да бiр үйiнен су шыққандай орнында тұрмайды екен.
Байбосын да наразы үнмен тiл қатты:
— Iшiп-жемi халықтың үстiнде болғасын, көтi бiр қоныс таппайды. Тағы да қайда
пайда бар екен деп, сандалып кеткен ғой.
— Әбден өзi шаршысына келiп бiттi.
— Биттей тырсиып ап... өзiн бiр... — Байбосын ыржиды.
— Шiркiн бiр қолға түссе, — дедi Тәбекен армандап. Сол арада оның басына бiр қиял
сап ете қалды. Атының тiзгiнiн тарта түсiп: — Әй, осы арада Байқадамның ауылы жақын
емес пе едi, а? — дедi.
— Жақын болуға тиiс.
— Ендеше соған тарттық. Тамырын басып көрейiк. Сонда боп... әлденiп алайық. Бiз
қайтам дегенше төрең де келiп қалар.
— Мұның да дұрыс екен. Кеттiк.
Олар кебiр жердiң шаңын ат тұяқтарымен ұшыра отырып, жiтi жүрiп, сол күнi кешке
таман Сырдың жағасынан онша қашық емес жерде, қыз кеудешесiнiң өңiрiне қадалған
алқадай әдемi бiр ойдым көлдiң маңында отырған Байқадамның ауылына кеп құлады. Бұл
араның жиделi тоғайы қалың екен. Көлдiң бетi ыңы-шыңы шығып жатқан құсқа толы. Мына
жақта қарасирақ жас балалар қармақпен балық аулап жүр. Бұлар олардан Байқадамның
отауын сұрап алды да, жайымен жүрiп отырып, бiр шетке кеп тоқтады. Хабарлас қылғасын,
бұларға бiр жiгiт келдi. Батырдың ауылда екенiн естiп, Байбосын да, Тәбекең де кеуiлденiп,
аттарынан түсiп, шылбырды әлгi жiгiтке ұстата салды да, Байқадамның үйi алты қанат үйiне
беттедi. Бұлардың дыбысын естiген батыр сыртқа шығып, амандасып, iшке кiргiздi. Екеуiн
қатыны салып қойған төсекке қолтықтап барып отырғызды. Сосын өзi оң жақтағы дағдылы
орнына жайғасып, малдасын құрды да, сақалын тарамдап қойып:
— Ал жол болсын? Бұрын бұяққа келе бермейтiн едiңдер. Сендердi қандай шаруа
айдады деп таңғалып отырмын? — деп сұрады.
— Бәке, iжқандай да шаруамыз жоқ. Мына Елмырзаға сәлем бере келiп ек. Өзi
ауылында жоқ екен. Сосын қайтып бара жатып, сiздi аттап өткенiмiз жараспас деп, әдейi
бұрылдық, — дедi Байбосын жорғалық көрсетiп.
— Е, жөн, жөн, — дедi Байқадам райланып.
— Сосын... бiздiң жайды естiп жатқан шығарсыз. Елiмiз болса, босып кеттi. Ендi соның
басын қайта құрап, мына орыс ұлығына жағып жүрген төреге кеп, арза айтсақ па деп едiк.
— Оларыңыз оңды екен. Қалайда халықтың күйзелмегенi жөн ғой.
— Ал өздерiңiзде не жаңалық бар? — дедi Байбосын әңгiменiң бетiн басқа жаққа
бұрғысы кеп.
— Өй, не жаңалық болсын? Бiздiкi қатын, бала-шағаның қасында отқан ғой.
Татыран Тәбекен сол арада сөзге қыстырылып:
— Осы сiздi баяғыда ана ханға ерiп, қырғыз асып қайтты дей ме? — деп, оның ең бiр
жаралы жерiне ши жүгiрттiп өттi.
Байқадам қабағын шытты:
— Иә, ана iнiмiз екеумiздiң сүйткенiмiз бар.
— Хан қасында жүрiп, олжалы болған шығарсыз?
— Қайдағы? — Ол қолын бiр сiлтедi. — Олжа түгел, төмен етек бiр ұрғашы да ала
алмадық. Содан кейiн онан не үмiт, не қайыр?!
— Апырмай, мұнысы қызық екен, — дедi Байбосын жорта қынжылып. — Ау, олжа,
сауға деген қазақтың бұрыннан келе атқан ырымы емес пе едi? Оның үстiне ағаның жолы
деген бар. Мынаусы... жарамады.
Байқадамның түрi демде өзгерiп, танауының желбезегi дiр ете түстi. Тәбекен оның
жанды жерiне тигендерiн бiлiп, iштей алақанына түкiрiп, жылмия күлiп:
— Сонда iнiге ағадан гөрi... ұрғашының жақын болғаны-ау, — дедi.
— Солай боп тұр. — Байқадам мүлдем түнерiп кеттi.
— Мынау естiген құлаққа ұят екен. Оны сiз неге дауласып, билерге жүгiнбедiңiз? —
деп Байбосын от үстiне май құя түстi.
— Үйтетiндей... кәзiр билiгiн бұрмай тура айтатын төбедей билер өзi... бар ма? — деп
Байқадам оған тура қарады.
Байбосын қынжылып: