14
қаздаңдап басатын жирен шашты орыс екен. Ол бұдан елдiң жайын ұзақ сұрады. Бұл өтiрiктi
араластырып, бiраз гөйiттi. Әсiресе Тоғанақ жөнiнде бiраз әңгiменiң басын шалды. Ұлықтың
да көбiрек сұрағаны сол туралы болды. Ол қай жерлерде жүредi, тұрақты әскерi бар ма,
халыққа беделi қандай, ертең ақ патшаға қарсы шығып жүрмей ме, деп, мұның басын әбден
қатырды. Сосын Елмырза жөнiнде де сыр тартты. Өзi күйiп жүрген бұл Елмырзаның Хиуа
ханына қалай көмектескенiн, оған сардар болғанын майпаздап айтып шықты. Ұлық мұның
сөзiн бар ықыласымен тыңдады. Қасында отырған бiр жас жiгiт алдындағы қағазқа әлдененi
жазып отыр. Ережеп оның өз сөзiн хатқа түсiрiп жатқанын байқап, ендi асықпай, әр сөзiн
салмақтап, ойланып айта бастады. Ара-арасында жөткiрiнiп қойып, өзiне қарсы деген
кiсiлердiң бәрiн қаралап бақты. Сондағы көп айтқаны Жәнiбек едi. Сол арада ұлық қабағын
шытып: “ Ол өзi... осында емес пе?” — деп сұрады. “ Иә, тақсыр, осында”, — деген бұл
басын иiп.“ Сонда... оны... тiзiмге кiм қосып жүр?” — “Ана Елмырза төре.” — “Ым”, — дедi
де, ұлық үнсiз қалды. Ол ұлықтан шыққаннан кейiн бiр қызықтың боларын сезген-дi. Ақыры
сонысы расқа шықты. Жәнiбектiң басына шынымен-ақ бұлт үйірiле бастағанда, ол қашып
кеттi. Оның қалай қашқаны, оны кiмдердiң қашырып жiбергенi белгiсiз. Сол күннен бастап
орыс ұлығының қабағы бiр ашылмай қойды. Бұлардың бармақ басқан хатын ақ патшаға
өзiмiз жеткiземiз деп, арқаларына бiр-бiрден бұлғын iшiк жауып, елдерiне қайтарып жiбердi.
Мiне, ендi бәрi ауылдарына салақтап қайтып келедi.
Ережеп анада Орынборға қарай шығарда баяғы Мiрәлi ағасының өлiмiнен кейiн
қатынаспай кеткен Жаманқұл мен Байбосынға барып, бiраз өкпе айтқан. Олар да мұның
келiсiне зар екен, бiрден тұлыпқа қарап мөңiреген сиырдай мұңын шағып қоя бердi. Соңғы
жылдары Тоғанақ батырдың ел арасында абыройы асып, беделi арта түскен болатын. Мына
ағайындары батырдың сол дәрежесiн көре алмай, талай жерде күндеп жүретiн. Бұл осы
екеуiнiң бiр рет Орынборға астыртын кiсi жiберiп, ақ патшаға қызмет етемiз деп уәде берген
бiр жайын да естiген. Мұны көрген бойда екеуi қолдарын сiлкiлеп: “Өй, о шалды қой, өзi
жұртты әбден басынып болды!”— “Батыр, батыр дегенге асқындап кеттi”, — деп әбден
жамандап баққан. Ережеп Тоғанақтың баяғыда Төлеу батыр қатын қылам деп алып кеткен
Ақкербездiң соңынан Жәнiбекпен бiрге қуып барғанына iштей кек түйген едi. Ендi мына
екеуiн батырдың соңына шырақ алдырып түсiрсем бе деп түйiп: “Шынында да, өзi әбден
астамсып кеттi. Сонда оның бұнысы несi, а?” — деген. Жаманқұл қолағаштай мұрнын
қолымен бiр бұрап қойып: “Өй, оның айтары жоқ. Өзi батыр-батыр дегенге... бiздi басынып”
— деген. “Сенiң айтқаның тұп-тура”, — деген Байбосын оны қоштап. “Осы... бiз боп, бiз
боп, соны...бар ғой... неге... былай... ыңғайға келтiрмеймiз?”— деген Ережеп оларды қайрай
түсейiн деп. “Сонда... қалай” — “Оның iж қалайы жоқ. Бiз бүйтiп ала ауыз боп жүргенде,
орыстың ұлығы бiзге басқа бiреудi әкiм қылып қоя салады. Сосын, айтпады деме, көресiнi
содан көремiз”. — “Мұнауың дұрыс”. — “Дұрыс болса... Сонда өзiмiз немене әкiм бола
алмаймыз ба?” — “Болғандай қандай! Сонда не iстеу керек?” — “Не iстегенi сол, ана
шалмен ауызбiршiлiк жайлы айтып, сыр тартып байқаңдар. Не дер екен. Қалғанын көре
жатармыз. — Ережеп ендi жандарында бөтен ешкiм болмаса да, жан-жағына алақтап қойып,
сыбырлай сөйлеген. — Мен сендер жайлы ана орыстың шелтiрейген ұлығына дұрыстап
айтып қойдым. Мына сапардан аман-есен келсем, екеуiң де әлi ұлықтың оң жағында жүретiн
боласыңдар”. “Шын ба?”— деген екеуi қосарланып. — “Өлләһи, билләһи!” — “Онда
сөйлесiп көрейiк”, — деп екеуi тек келiсе кеткен-дi. Бұл сонда күлiп: “Алдымен аңысын
аңдап көрiңдер. Қалғанын кейiн айтам”, — деген-дi.
Ережеп қақырынып қойды. Өз есебi бойынша, жұрт көзiне ашық түспей, ертеден
ерегiсiп келе жатқан екi жақты әдемiлеп тоғыстырса, онда олардың бiрiн-бiрi ат үстiнен
жұлып алып кетерi анық. Сол қамшы боп, ол Табын байына жақындай түсiп:
— Осы Бұхарбай мен Байқадамның арасы нашар дей ме? — дедi.
— Ойбай, айтпа. Ер азайын десе, ұрғашымен әуре болады ғой. Екеуi бiр қатынға
таласып, кәзiр ит пен мысықтай. Бiрiн бiрiнiң атарға оқы жоқ, — дедi Табын байы дыбырлай
сөйлеп.
— Сонда... олар...
— Кұрсын, құрсын. Ана қырғыздың қызына бола, ағайынды екеуi быт-шыт боп отыр.
Бұхарбай кеше Қоқанға арқа сүйеп, Байқадамға теңдiк бермедi. Ендi ол... мына жаңадан
келген орыс күбiрнәтiрiнiң ығын ала қойыпты. Соған күйген Байқадамның қаны әбден
қатқан.
— Апырмай, ә? Өздерiнiң даулары тереңдеп кетiптi ғой.
— Айтары жоқ.
— Үйтiп қор болғанша, Байқадам басқа ағайындарынан көмек сұрамай ма екен?
— Сонда кiмнен?
— Өй, кiм дерiң бар ма? Кәзiр ағайынға қол ұшын беретiн ел көп емес пе? Аспанға
лақтырған таяғың солардың үстiне кеп түспей ме? — деп Ережеп сөзiнiң аяғын тағы да
жұтып тоқтады. Iшiнен осы сөздiң ертең-ақ Байқадамға жететiнiн бiлдi. — Мына бiз деген