15
де айдалада қой бағып жүрген жоқпыз. Әйтеуiр, қалайда әдәләты болсын деп ойлаймыз.
Мынадай қиянат деген өзi ... қиын ғой.
— Қарағым, мынау бiр есте болатын жәйт екен.
Ережеп iшiнен мырс-мырс күлдi. Бұл болашақта жасайтын шаруасын осылайша
мысықтабандап отырып, айнала тор кұрып барып iстейтiн. Бiр есеппен ол райлана күлiп,
Табын шалының добалдай қолын қысып-қысып қойды.
Олар жолшыбай бiр Қабақ кiсiсiнiң ауылына кеп түнедi. Үй егесi шығымсыздау кiсi
екен, тары көже асып бердi. Бұлар ас жағынан киналмай келе жатқан-ды. Әлгiге өкпелеген
бұлар шанаш қапқа салынған, аздап сүрлене бастаған еттi алып асып, сорпа iшiп, әл жинаған
болды.
Олар ертеңiне тағы да таң азаннан жолға шықты. Күздiң дендеп енгенi соншалық, Қыр
жақ бiрден салқын тартып сала берген едi, Терiскейден ызғырығы жетерлiк жел соғып,
дiңдерi сидиып қалған курайларды ызыңдата ән салдырады. Аспанда түсi суық қара бұлттар
тулақтағы сабау тиген жүнше көпiрiп, әлдеқайда асыға көшiп барады. Дала жүдеу. Ережеп
күйменiң терезесiнен сыртқа көз салып отырып, өз ауылының қай жерде орналасқанын ойша
шолып еттi. Биыл бұл Қарақұмды қыстамақ боп, Қазалы төңiрегiнен онша алысқа ұзамаған.
Бiр ойы дайралыққа жақын жердiң бiр шетiне табан iлiктiрсем дейдi. Бұл осылайша бiр
амалын тауып, Арықбалықтағы оты көп нұраға тырнағын бiр iлiктiрiп алса, бұл ол арадан
өлдi кетпейдi. Бiрақ соның есебiн таба алатын емес.
Олар емпiлдете жүрiп келе жатып, бiр арада ұбақ-шұбақ боп созылған көшке жолықты.
Бұл түйелерiн тырнаша тiзiп, үлкен кiсiлерi бiр бөлек боп, қыз-келiншектерi мен
бозбалалары бiр бөлек боп атқа мiнiп көшетiн қазақы көш емес. Өгiз жеккен арбаларының
дөңгелектерi сықырлап, жан-жағында қоршаған атты казактардың мылтықтарының ұшы
қылтылдап келе жатқан мүлдем түрi-түсi бөтен, басқа көш екен. Ережеп басын көтерiп ап,
тағы қарады. Бұ жолы ол атты казактардың бала-шағасымен мұғайым көшiп келе жатқанын
бiлiп, iшi бiр түрлi боп мұздап сала бердi. “Бұлар ендi өмiрi кетпейдi», — деп, әлденеге
қызық көрiп, жандарынан қалып бара жатқан оларға қарады. Арбаға азын-аулақ жүгiн
тиеген олар әбден ыңыршағы айналған, шеттерiнен қағып салар көрпесi жоқ қу тақыр кедей
екен. Орамалдарын жағын бастыра тартып алған көк көз бiрнеше қатын бұларға таңырқай
қарап тұр. Күйме қастарынан заулап етiп бара жатқанда, бiр қатын оң қолын маңдайы мен
екi иығына кезек-кезек апарып, тез-тез шоқынып алды. Соны көрiп, Ережеп тiксiнiп қалды.
“Ертең бiздердi де осылай шоқындырып жүрсе нағылдық?” — деген кәуiп басына шауып,
иманы қара таяқтай болды. Сүйтер болса, бұл не үшiн шыбын жанын отқа да, суға да аямай
салып, ақ патшаға қызмет етiп жүр? Бүгiн тәттi тiлiмен алдағанымен, ертең оның жалт
бермесiне кiм кепiл? Ережеп қашан ауылға келгенше осы ойдан арыла алмай қойды.
Ауылға келгесiн, бұл Захваткинге соқпай, бiрер күн жатып демалды. Үшiншi күнi ғана
қасына Шәкидi ертiп, Казалының кезiнде отырған Жаманқұлдың ауылына барды.
Кенжеғұлдар Құттықтың басқа балаларына қосылмай, өз алдарына ауыл-ауыл боп, Қыр мен
Сырдың арасында көшiп-қонып жүретiн. Олар бойжеткен қыздарын басқалардан қызғыштай
қорып, ауылдарына кiсi-қара жоламасын деп, бiр-бiрiмен жарысып, дорба ауыз, дәу-дәу
иттердi көптеп асырайтын. Ережеп ауылға жете берген кезде, алдарынан бiр маң төбет
әупiлдеп үрiп шықты. Оның артынан он шақты ит iлестi. Олар келе бұлардың шалғайларына
жармасатын ыңғай көрсетiп едi, қаршығадай қатқан, ат үстiндегi талай шайқаста не бiр
әпербақан жiгiттерге әл бермейтiн Шәки дойыр қамшысын қысқалап бiр сiлтеп, өзiне
жақындай берген маң төбеттiң маңдайынан бiр тартып еттi. Анау қаңк ете қап, жерге жалп
ете түстi. Соны көрген басқалары керi серпiлiп, тиiсуге бата алмай, анадай жерде тұрып
әупiлдеп, бұлардың iздерiнен қалмай келедi.
Ережеп атынан түсiп, сәлем берiп iшке кiрдi. Жаманқұл киiмшең қалпы жастыққа
қисайып жатыр екен, мұны көрiп, басын көтерiп ала қойды. Қысқаша аман-саулықтан соң,
ол сойдақ тiсiн көрсете күлiп:
— Ау, сенi ана Петремборға барып, Мекалай патшамен шиша соғыстырып, боза iшiп
жүр ме десем... өзiң ауылда екенсiң ғой. Немене жайшылық па өзi? — дедi.
— Жайшылық қой. Ақ патшаға келесi жылы баратын болдық, — дедi Ережеп селқос
қана.
— Е, түсiнектi. — Ол жымың ете түстi. — Осыншама жердi сұрап отқан патшаның
қашан кел десе де хақы бар ғой. Оны көрiнгенге жайылып жастық бола қалатын сенi мен
мен дейсiң бе?
— Әрине.
— Бiз де аманшылық, күл күзетiп отқан жайымыз бар, — дедi Жаманқұл сөз сенен
болсын дегендей рай көрсетiп.
Соны түсiнген Ережеп қозғалақтап қойып:
— Баяғы шаруа не болды? — деп сұрады.
— Ол ма, ол тастай ғой, — дедi Жаманқұл Шәкиге жалтақтап қарап қойып.