Стр. 151 - Ulisel4tom

Упрощенная HTML-версия

150
— Расында да, ондай билер жоқ. Бәрi жемқор, парақор боп кеткен. Сосын ел азбай
кәйтедi? — дедi.
— Жарайды, бидi солай дейiк. Ау, ондайда қазақтың ескi салты бойынша батырлар
батырларға сөз айтып, кеткен есемдi алып бер демеушi ме едi? — дедi Тәбекен ендi
жорғалай түсiп. — Сонда... әдәләт орнайтын емес пе едi?
— Апырмай, ақыл жастан деген рас. Мынау бiр кiсiнiң басына келе бермейтiн ой екен,
— деп Байқадам басын шайқап қойды.
— Шынында да, сүйткеннен дұрысы жоқ.
— Гәп бұ жерде ұрысуда емес, iстiң анық-қанығына жетуде ғой, — дедi Байбосын
қолын сiлтей сөйлеп. — Мынадай жаман үлгi кейiнге мирас болса, айтпады деме, ел
болмаймыз.
— Оның рас, — деп Тәбекен оны дереу қоштады. — Кәзiр бiзде не көп, батыр көп. Ана
Тоғанақ, тоқым тыққан Қыстаубай, Қарасақал Шағырай... қайсы бiрiн айтайын, толып
жатыр емес пе?
— Сонда оларға хабар берейiн бе? — дедi Байқадам бұлардан кеңес сұрағандай.
Мұны естiген екеуi табан астында жалт бердi:
— Бәке, ояғын өзiңiз бiлесiз.
— Сiздiң iсiңiзге қол сұға алмаймыз. Оны... былай... он екi қабырғаңызбен кеңесiп
көрiңiз.
Байқадам азырақ ойланып қалды. Сосын барып:
— Шынында да, мыналарың ақыл екен. Маған жел-өкпе, сойыл ұстағандардың керегi
жоқ. Өшiмдi бiр алып берсе, Тоғанақ алып бередi. Соған хат жазсам, ел-жұрт терiс дей
қоймас, ә? — дедi.
— Мұныңыз ендi... былай... — Тәбекен аз-кем кiдiрдi.
— Сол өзi... қалай болар екен? — дедi Байбосын батырға еңсерiле қарап.
— Қалайы нес?
— Қалай дейтiн себебiм, ол өзi кәзiр жандаралдан қашып-пысып жүр. Мұндайда ол
кiмге қол ұшын бере қояды? Сiз одан да Тоғанақтың iнiсi Сәндiбекке арнайы хат жазыңыз.
Әне, ол өшiңдi қайтарып бередi.
— Мынау өзi дұрыс екен. — Байқадам таңғалды. — Апырмай, осындай ақыл бастарыңа
қайдан келе бередi, а?
— Ау, үйтпесек ел билеймiз бе? — деп Байбосын қулана күлдi. Сосын байсалды
тартып: — Сәндiбек қол жинай бастаса, бiз оған барып қосыламыз, — дедi.
— Рас па?
— Мiне, нан! Мiне, қолым, — дедi Байбосын дастарханда жатқан нанды ұстап.
Әңгүдiк Байқадам оның сөзiне иланды. Ол шәй үстiнде оларға iш-же деп болды. Сосын
бiр малын сойып, мүшесiн қазанға солайкем салдырып, оларды зорлағандай етiп қондырды.
Еттiң былқылдап пiсiп жатқанын көрiп, Байбосын мен Тәбекен кеуiлдене түсiп, ендi
әңгiменi тереңдете бастады. Кешегi көтерiлiс туралы адам сенгiсiз бiрдеңелердi гөйiтiп кеттi.
Байқадам басын шайқап, бұлардың шайқас кезiнде көрсеткен жанқиярлық “әрекеттерiне”
таңғалды. Сүйтiп отырып олар жағалап Елмырзаға келдi.
Байқадам түсi жылып:
— Кәзiр оның абырайы жақсы, — деп қойды.
— Өй, оның абырайын қойшы. Немене абырай деген iшiп қоятын айран дейсiң бе? —
дедi Байбосын қолын сiлтеп. — Онан да оның орыс ұлығына сөзi жүре ме, жүрмей ме, соны
айтшы. — Ол тез арада сенге көшiп ала қойды.
— Ояғын бiлмедiм.
— Пәлкеуiнек бола жүрiп, нелiктен оның сөзi өтпейдi, а? — дедi Тәбекен ыржиып.
— Мүмкiн өтер. Ояғын сұрап көрген емеспiн, — дедi Байқадам шынын айтып.
— Қап, — деп Байбосын өкiнiш бiлдiрдi.
Ет келдi. Еттен соң олар мұздай айран iшiп, жатуға кiрiстi. Ертеңiне олар ерте тұрып,
таңғы шәйдi iше сап, жүретiн болды. Кетерiнде екеуiн Байқадам шығарып сап, қолдасып
тұрып:
— Осыдан құда қаласа, көп кешiктiрмей Сәндiбекке хабар жiберем. Со кезде өздерiң
көмек берерсiңдер, — дедi.
— Оған не сөз бар? Сосын... көмекке ана Төлеу батырды да шақырған дұрыс.
— Бәке, саспа! Өшiңдi дұрыстап тұрып алып беремiз, — деп екеуi оның танауын
шелектей ғып кеттi.
Былай шыға бере екеуi:
— Жаңағы әңгүдiктi қатырдық!
— Ендi бiр сойқан басталды дей бер!
— Ойбай, айтпа!
— Ойбай, iшегiм! — деп, шиқылдап күлiстi.