151
Олар ендi асықпай, жолшыбай Қожагелдi, Сарғасқалардың ауылдарына қона, түстене
отырып, Елмырзаның ауылына жеттi. Төре әлi келмептi. Бұлар ендi тақат қылмай,
ауылдарына қарай тартып кеттi. Iштерiнен Байқадамды қармаққа түсiргендерiне ырза болды.
Сүйтiп келе жатқандарында, Байқожаның кезiнде қасына ерткен екi жiгiтi бар Әбдiржан
молла ұшырасты. Бұлар онымен сәлемдесiп тұрып, онан-мұнан сыр тартып көрдi. Жақында
Тоғанақтың жандаралға хат жазғаны жөнiнде ұзынқұлақтан естiген Тәбекен соны сұрасам
ба, сұрамасам ба деп, екi ойлы боп тұрды да, ақыры бел шештi.
Молла әдемiлеп қойған мұртын бiр сипап қойып:
— Оның... ретi болмады. Ана Байбараққа ғана Сырға көшiп келуге лұқсат еттi, — дедi.
— Тоғанаққа ше? — дедi Байбосын жұлып алғандай.
— Оған берген жауабы анық емес. Бiресе бiр кiсiсiн аманатқа берсiн дейдi. Бiресе
Сырға келгесiн, қандай жаза көретiнiмiздi айтамыз дейдi. Бұл ұлықтың қулығына найза
бойлап көрген бе? — деп Әбдiржан молла басын шайқап қойды.
— Оны батырдың өзi бiле ме?
— Бүгiндерi естiген де шығар. Өткенде бiр кiсiнi жiберген едiк.
— Ау, ол деген өте бiр... алыс жер ғой, — дедi Байбосын.
— Алысы алыс. Бiрақ мая мiнген кiсiге о деген не, үш қонып жетiп барады, — дедi
Әбдiржан мыналардың қулығын аңғармай.
— Үш қонып дейсiң бе? Жоға, мүмкiн емес. Бiз баяғыда ояққа төрт қонып барушы едiк,
— дедi Байбосын басын шайқап.
— Неге? Жарамды мая үш күнде жеткiзедi. Қарақ тауы деген... — дей берiп, Әбдiржан
тiлiн тiстей қойды.
— Ал, молдеке, сапарыңыз оң болсын. Жүрейiк. Бiз де шаруа бабымен шапқылап
жүрмiз дегендей, — деп Байбосын қулана күлiп, атын тебiне бердi.
Былай шыға бере екеуi бiр-бiрiнiң сандарын шымшыласып, шиқылдай бiттi:
— Әй, өзiн бiр қатырдық!
— Өзi қақпанға қалай түскенiн бiлмей де қалды!
— Ал ендi нағылдық? — дедi Тәбекен оған қарап.
— Нағылғанда... — Байбосын сәл-пәл тыржиып, үнсiз қалды. — Ана Қазалыдағы ұлық
Тоғанақты iздетiп жатқан жоқ па? Соған барып айтсақ, өзi...
— Солай ма? Осы... соны басқа бiреу арқылы айтқызсақ кәйтедi?
— Бұ да жөн. Сонда оған қолайлы кiм бар?
— Ойлансақ, ондай кiсi табылады.
Олар Қазалыға қарай жай аяңмен келе жатты. Көбектiң тұсына жете бергенде бұларға
Тиышбек қарсы ұшырасты. Ол бұларды танадайдан анып, жалпылдап амандасты. Келе:
— Ойбо-о-й, мынау кiм десем, кiлең батырлар екен ғой. Кiшкененiң алты баласынан
асқан батыр да, баһадүр де бар ма, сiрә? Ойпырмой, сендердi де көретiн күн бар екен? — деп
бұлардың қолдарын зорлап алып, кеуiлi босап, мұрнын қорқ еткiзiп бiр тартты.
Байбосын Тәбекенге қарап, бұған бiлдiртпей көзiн қысып қойып:
— Ал, Тәке, барыс қалай? — дедi.
— Ойбой-ау, өздерiңе мәлiм емес пе? Мен деген ел арқасында жүрген адаммын ғой.
Сендердей бiр елдi сұраған бек болмасақ та, халық алдында сөз ұстар азаматпыз. Қайда ет
пiсiп жатса, мен сондамын. Мынаяқтан бiр түтiн шығып жатыр дегендi естiп, асығып келем,
— дедi Тиышбек сақ-сақ күлiп.
— Түтiнi несi? — дедi Тәбекен түсiнбей.
— Ана Дүзбайдың тоқалы тағы да тұлғасы арыстай, тас...ғы талыстай бiр ұл тауыпты.
Соған той жасайды деген сыбысты естiп, үлестен қалып қоймайын деп асығып бара
атқаным. Иә, жолым болады екен, қара әруақтың орнында қалған сендер кездестiңдер, —
деп Тиышбек сұңқ-сұңқ еттi.
— Ау, бiз деген... солаймыз ғой, — деп сәл аңқаулау Тәбекен аңқ ете қалды.
Байбосын оны бiлдiрмей бүйiрiнен түртiп қойып:
— Бұл айтқаныңның iж қалетi жоқ,— дедi, — Бiз де бiр тығыз шаруамен келе жатыр ек.
Мына Қазалының ұлығының кәзiр бiзсiз күнi жоқ боп тұр ғой. Сол шақырғасын бара
атқанымыз. Содан кейiн Қызылға тартамыз.
— Е, ояқта не бар? — деп Тиышбектiң тышқан көзi жылтың ете қалды.
— Не болсын? Ана ағамызбен татуласайық дедiк. Шайқас үстiнде не болмайды?
Қырғын кезiнде кiм кiмге қарайды? Осының бәрi... бәрi ана оның туын ұстаған иттен болды.
Ту құлағасын, қанша мықты болса да, ләшкер қашпай тұра ма?
— Қашқанда қандай? Өзiмiз болсақ зытып беремiз, — дедi Тиышбек оны қоштап.
— Сүйтiп ойда-жоқта ағамызбен өкпелесiп қалыстық. Ендi соны кешiр деп, аяғына
жығылуға бара атырмыз. Қарақ тауы деген де бiр талай жер. Оған барам дегенше де бiраз
күн өтедi-ау, — деп қойды.
Тиышбек елп ете қалды: