Стр. 153 - Ulisel4tom

Упрощенная HTML-версия

152
— Апырмай, мыналарың бiр оңды нәсте екен. Мұндайда екi ағайынның арасына делдал
жүрмейтiн бе едi? Тiлi майда, сөзге ұста кiсi болмаса, мұндай мәмiле бiте қоймайды. Соған
нағыз қолайлы мен емеспiн бе? Онан да менi ала кетiңдер. Қызметiме бiр ат мiнгiзсеңдер,
сол жарайды. Бұ жерде менен басқа қайым адам жоқ, — деп ол ендi өздерiне жатты да
жабысты. Олардың анау-мынау деген сылтауына Тиышбек көнбей қойды.
Сол арада Байбосын жол тауып кеттi:
— Тәке, бұл айтқаныңыз өте орынды. Шынында да, сiзден басқа лайқат кiсi жоқ. Сiз де
бiр атаның баласы едiңiз, құдай өзi ұшырастырған шығар. Ендеше былай қылайық. Бiз ана
орыс ұлығында бiрнеше күн кiдiремiз. Сіз о жердiң сасығын иiскеп нағыласыз? Онан да сiз
бiз болғанша ана Дүзбайдан бұйырғанын алып қайтыңыз. Бiз сіздi Арандықырда күтемiз.
Сосын бiрге тартайық.
— Осы айтқаның рас қой? — дедi Тиышбек құлшына түсiп.
— Мiне, жаным, мiне иманым.
— Жарайды, оған да көнейiк. Ендеше мен кiдiрмейiн. Екi-үш күннен соң, кеудемде
жаным болса, жетем, — дедi Тиышбек атына қамшы салды.
Бұлар Тиышбектiң қарасы ұзап кеткесiн, тездете жүрiп отырып, Қазалының терiскей
жағына шықты. Жолшыбай екеуi сықылықтап бiттi. Мына сөздiң ертең-ақ бүкiл табандағы
елге тарайтынын анық бiлдi. Сол сөздiң орыс ұлығының құлағына шалынбауы мүмкiн емес.
Екеуi ендi жау қиратып қайтқандай боп, Қырға қарай тарта бердi.
19
Күз өтiп, желтоқсан болғанда, күн суыта бастады. Азанда айналаны ақ қырау басып,
шөптердiң дiңдерiне қырау тұрып қалды. Содан тұла бойы түршiгiп сала берген Тоғанақ
сыртқа сирек шығады. Көбiне тонын жамылып үйде жата бередi. Өткен-кеткендi ойлайды.
Неге екенiң белгiсiз, соңғы кездерi Тоғанақтың есiне туып-өскен Сыр бойы түсе беретiн
болып алды. Әсiресе, азанда тұра сап, малын жайлап, далаға шықса болды, — құйттайынан
топырағын жалаңаяқ басып, ыстық-суығын көрген туған жерiн қатты сағынып, кеуiлi бiр
түрлi боп кетедi. Қаншама өлiмдi көрсе де, бiр рет те босап көрмеген ұлы батырдың соңғы
кездерi қажи бастаған сыңайы бар. Ерте тұрып ап, малын жайлап болғасын, кемпiрi екеуi
шәй iшедi. Сосын өзара оны-мұны күңкiлдеп әңгiме қылады. Аздан соң ол әңгiмесi түспегiр
де таусылып, екеуi екi жерде үнсiз қалады. Соған шыдамаған Тоғанақ батыр үстiне тонын
киiп, қолына мылтығын ап, аң аулап қайтайын деп сыртқа шығады. Онда да еш нәрсеге
зауқы жоқ. Атына мiнiп ап, Қарақ тауының түкпiр-түкпiрiн асықпай аралайды. Қақпандарын
қарап, бiрлi-жарым түсiп қалған қоян-поян болса, мауыздап ап, қанжығасына байлайды.
Сүйтiп жүргенiнде күн де батады. Ол атын жайымен қамшылап, қараңғылық үйiрiле
бастаған кезде үйiне келедi. Атынан дүрс етiп түсе қап, оны жабулап жiбередi де, қараүйiне
кiредi. Кемпiрiне әкелген қояндарын бередi. Сосын шәй iшiп, кеуiлi жайланғасын, өткен-
кеткендi еске алып, қара домбыраны тыңқылдатып тартып отырады.
Соңғы кездерi батыр қажи бастағандай. Есiнен туып-өскен жерi бiр шықпайды. Бар
дедiгi — ата-бабасының жайлауы мен қыстауын бiр көру. Бiрақ оған баруға дұшпан жолын
қиып тастаған сияқты. Бұл кешегi дүрбелеңнен соң Сәндiбек пен тоқалын баласымен
ағайындарының абызына тастап, кемпiрi екеуi елден шығынып кеткен едi. Содан берi
бiрталай уақыт өттi. Анада қыздырманың тiлiне ерiп, жандаралға арнап хат жазды. Соның
жауабын алып келген Әбдiржан молла қынжыла отырып:
— Жандарал әгәр келем десе, бiр кiсiсiн аманатқа берсiн, сосын қандай жаза
қолданатынымызды айтамыз дейдi, — деген.
Бұл үндеген жоқ. Мына сөзге қарағанда, жандаралдың бұған қатты кек түйгенi анық.
Ендi жасы ұлғайғанда онымен ауыз жаласып не оңады? Бар арманы — туған жерiне барып,
соның бiр пұшпағын көрiп, өлсем деу. Басқа еш ойы жоқ. Соны мына отырған кемпiрi де
түсiнетiн сияқты. Ол еш уақта бетiне жел болып тиген емес. Қайта мұның қасы мен
қабағына қарап, ауырып-сырқап отырса да, бабын жасап бағады. Бұл өмiрiнде осы кемпiрiне
батырдың ешқандай да өкпесi жоқ. Ыстығына көндi, суығына тоңды. Аттың жалы, атанның
қомында жүргенде де бар қиыншылыққа көнiп бақты. Ендi, мiне, қартайған кезiнде елден
шығып, жаңғыз үй боп айдалада отырғаны оның да жанына бататын тәрiздi. Бiрақ сыр
бiлдiрмейдi. Бұ да үндемейдi. Анада бiрге өтiнiш жазғаннан кейiн Байбарақ келiп бұдан
лұқсат сұраған едi. Батыр оған қарап, шын ықыласымен батасын берiп:
— Бұлай болады деп кiм ойлаған? Қайда жүрсеңдер де, аман болыңдар. Аз ба, көп пе,
бiраз тiршiлiк жасадық. Ендi кәрi қойдың жасындай жасым қалғанда, Сырға барып,
дұшпанға пәндә болғаным жараспас. Мен неде болса, құдайдың басқа салғанына белдi бекем
буып алған жанмын. Бетiңнен жарылқасын, бара бер. Тек қана айтарым, дұшпанның