153
кешiрiмiне көп сенбе. Ертең бiздiң iсiмiздi алға қарай алып баратын сендерсiңдер. Соны
есiңде берiк ұста, — деген.
Сол жолы Байбарақ батыр мұны қия алмай, көзiмен жер шұқылап көп отырды.
Шамасы, iшiнен өзiнiң атақты батырды айдалада қорғансыз тастап бара жатқанына
қынжылатын сияқты. Содан ол кешке таман аттанып кеттi. Ертеңiне оның үш жүзге жуық
үйдi бастап, Сыр бойына қарай көшкенiн ұзынқұлақтан естiген. Қарт батыр iшiнен соған да
қуанған. Мейлi, не десең де, кешегi аласат кезiнде қуғынға ұшыраған өз елi ата қонысқа
барып, тиыш өмiр сүредi. Қызыл қарын жас бала ауа көшкен кездегiдей қиыншылық
көрмейдi. Кейiннен санасы, есi болса, аталарының iстеген iстерiн өздерi таразыға сап,
анықтап алады. Әйтеуiр, бұл осы халықтың арын арлап, жоғын жоқтады. Ел етегiне сүрiнiп
сасқан кездерi ат құйрығын шорт түйiп, қарағай сапты найзасын қолына алып, не бiр
қанқұйлы жауға қаймықпай қарсы шапты. Талай рет жарадар да болды. Талай рет
белуарынан қан да кештi. Бiрақ бәрi де осы ел үшiн едi. Мұның бар сүйенiшi де, жұбанышы
да осы болатын.
Бүгiн батыр төсегiнен ерте тұрып, атына қарайын деп сыртқа шыға бере, табалдырық
алдында тоқтай қалды. Қараса, дала деген ақ қырауға малынып тұр екен. Оң жақтағы
күркенiң үстiн үлпiлдеген ақ ұлпа басып салыпты. Көз көрiм жерде тұрған Қарақ тауының
сiлемi тегiс ақ мақтаға оранып қалғандай. Дала тып-тиыш. Ол сыртқа шығып, етiгiмен ақша
қарды басып, атына барды. Басына дорбасын iлiп қойған аты жемiн жеп таусыпты. Жануар
мұны көрiп, басын шұлғып, алдыңғы оң аяғымен жердi теуiп, берi жақындады. Тоғанақ
атының дорбасын алып, былай қойды. Сосын арқасын сипап, жабуын қайтадан жапты.
“Бүгiн нағыз сонар екен”, — деп, атын жетелеп әкеп, шелекке жылы су құйып, алдына
қойды. Аты суды мейiрi қана iштi. Содан кейiн оны тар ғып тұсап жiбердi де, өмiрi iстемеген
кәсiбiн iстеп, бiр құшақ сексеуiлдi iшке алып кiрдi. Ортаға бұтарлап салып, шақпақ шағып,
от жақты. Әуелгiде көңiрсiген түтiн лып ете түсiп, аздан соң лапылдап жана бастады. Сонда
ғана ұйықтап қалғанын көрген кемпiрi орнынан тұрып, басына жаулығын дұрыстап тартып:
— Шал-ау, өзiм-ақ, — дедi.
— Жарайды, — дедi батыр отты көсеумен көсеп отырып.
Аздан кейiн от лаулап жанып, қараүйдiң iшi жылыды. Кемпiрi мосыны әкеп, құманды
iлiп, шәй қойды. Сақырлап қайнаған судың дыбысы, құманның имиiп барып бiтетiн аузынан
будақтап шығып жатқан ақшыл бу үй iшiн бiр түрлi жылы лепке толтырып жiбердi.
Батыр иығына тонын жамылып отырып шәй iштi. Шәйден соң атына ер салып, түлкi
қағып көрмек боп, тауға қарай кеттi. Қарақ тауының етегiне жете бергенiнде бiр арлан
қасқырдың тарбиған үлкен iзiне ұшырасты. Өзi мұның үйiн түнде торуылдағанға ұқсайды.
Қасына ерткен құмай тазысы қыңсылап, iздi иiскеп, қайқиған жiңiшке құйрығын
бұлғаңдатып, алға түсiп ап, жортып барады. Сол арада батырдың жас кезi есiне түсiп кетiп,
атын тебiнiп қалды. Қолына сойылын оңтайлап ұстаған қалпы жаңағы iзбен тарта бердi. Iз
бiресе тауға қарай, бiресе ойға қарай салыпты. Бiр аралықта ол шыр айналып, әлдеқандай
өлексенi жептi. Содан кейiн ол асықпастан тауға қарай тартып отырыпты. Тоғанақ батыр
мынаның тегiн қасқыр емес екенiн сездi. Әдетте қасқырлар қаншығын ертiп жүредi.
Мынаның жаңғыз жүрiсiне қарағанда, қаншығын аңшылар қақпанға түсiрiп, немесе атып
алғанға ұқсайды. Өзi тайыншадай болса керек, iз өте iрi. Жаңғыз жарым аңшыға алдыра
қоймайды. Тоғанақ аңшылық құсыры ұстап, неде болса тәуекел деп, iлгерi жүре бердi. Бiр
жерлерге келгенде қасқыр етпетiнен түсiп жатыпты. Бұл ара ажырығы көп, бiр тегiс алқап
едi. Үрлеп соққан желi азынап, жазда шаңдақ боп жататын. Ендi қасқыр орнынан түрегеп,
етекпен қиястай жүрiп отырып, тар шатқалдың iшiне кiрiптi. Тоғанақ оның осы арада ұясы
барын аңғарды. Шатқалдың тасы болмаса да, жолы қиын. Астындағы аты әлденеден
сескенгендей құлағын тiктеп, кенет дiр-дiр етiп тоқтай қалды. Батыр қасқырдың осы арада
жатқанын мына жануардың сезгенiн бiлдi. Ат үстiнен аяғын үзеңгiге шiреп, созылып, жан-
жағына қарады. Анадай жерде тұрған қурайлардың тасасында ештеңе көзге шалынбайды.
Мына жақтағы қызыл шыңның арасы жап-жалаңаш. Сол арада аты үркiп, керi қарай жалт
бердi. Қарт батыр жалт қараса, анадай жерден тайыншадай көкжал қасқыр құйрығын артқы
еуi бұтының арасына тығып ап, әрi қарай зытып барады екен. Қарт батыр атының басын
бұрып ап, қатты-қатты тебiнiп жiберiп, қасқырдың iзiнен салды. Бұрын жауға мiнбеген аты
қорқасоқтап, аяғын кең тастамай, бүгежектей шауып келедi. Қасқыр болса артына қарап-
қарап қойып, зытып барады. Тоғанақ ызасы келiп, атын екi өкпелiкке тепкiлеп, қуа бердi.
Егесiнiң шын ашуланғанын сезгендей, ат ендi еркiн сiлтедi. Жазықпен қашып бара жатқан
қасқырды тап бастырмай, сәлден соң қуып жеттi. Батыр айқайды салып кеп, оны ұратын оң
жағына ала бердi. Қасқыр да әбден тақыс боп қалған екен, зып етiп, мұның сол жағына
шығып кеттi. Өзi ызаға толы қанды көзiмен бұған кектене қарап қояды. Батыр атының
оралымсыздығына ызаланып, қайтадан қасқырды қуып жетiп, оң жағына ала бердi. Қасқыр
со кезде жалт бұрылып, мұның өзiне қарай атылды. Оның арс еткенi құлағында қалып
қойған батыр сойылын қарсы сермеп үлгердi. Қайың сойыл қасқырдың қақ маңдайынан