155
— Қайдағы кәртеймеген. Менiң кеуiлiме бола айта бересiңдер ғой. Болмаса бүгiндерi
мен күлге аунаған кәрi түйедей емеспiн бе? Сыртқа шыққаннан гөрi, кемпiрiмнiң қол-
аяғымды уқалағанын жақсы көре берем, — деп Тоғанақ қаттырақ күлдi. Сол екен, оның
қабағы жадырап, ақсұр жүзiне қызыл қан шапты.
— Сiз қайда, әлi мықтысыз. Сiздiң жасыңызға бiздер жетсек не болар екенбiз? — деп
Жәнiбек те райлана күлдi.
Шәй үстiнде олар елдiң жайын әңгiме қылысты. Жәнiбек сабырын шашпай, ұзақ толғап
сөйлеп:
— Жаңадан келген жандаралдың жүзi жылы дейдi. Өздерiнiң де кәтелескенiн
мойындайтын тәрiздi. Ретiне қарай, шайқасқа қатынасқандармен татуласқысы бар дейдi.
Оны ана ағайындарымыз оны бұзып жүрмесе, әзiрге бет алысы жаман емес көрiнедi, — дедi.
— Әй, қайдам, — дедi Тоғанақ қабағын шытып. — Олар осы жерге аяқ салғанға дейiн
менен сый-сияпатын аямаған едi. Ендi аяғы... мынадай болды. Бұдан соң олардың қай сөзiне
сенерсiң?
— Мен де солай деп ойлайым. — Жәнiбек күрсiндi. — Бiз бiр таланы тастай заманға
тап боп отырмыз ғой. Оның бетiнiң берi қарайтын түрi көрiнбейдi.
— Иә, Алла, айтпа оны! Менi қойшы, жасым жеттi. Мына сендердi айтсайшы.
Келешектерiң не болар екен? Ақ патшамен айқасуға әлiмiз жете қоймайды. Қару-жарағымыз
және жоқ. Оларға мойынсұнып барсақ, кәлләмызды қағып алады. Сонда не iстедiк, а? —
Тоғанақ бұған бiр түрлi боп қарады.
— Шынын айтсам, Төке, соны өзiм де бiлмейiм. Сiзге ақылдасуға келдiм, — дедi
Жәнiбек шешiле сөйлеп. — Мынаяқтағы ел ата қонысына қайтып жатыр екен. Соны естiп,
бұ қалай деп келiп отырым.
— Оның не қалайы бар? Ана Байбарақтарға лұқсат етiптi. Маған болса, әлi райынан
қайтпапты. — Ол қабағын шытты. — Менiң тiпте солардың кешiрген-кешiрмегенiне
қардарым да жоқ. Мен шайқассам, елiмнiң ар-намысы үшiн шайқастым. Ол үшiн не деп
кешiрiм сұраймын? Олар алдымен айуандық көрсетiп, елiмдi тонап, жас балдарды отқа
өртегенi үшiн менен кешiрiм сұрасын. Содан кейiн барып, мен де ойланам. — Батыр еңсесiн
тiктеп сөйледi.
— Төке, жақсы айттыңыз-ау! Сондай қорлық көрсетпегенде, олармен шайқасып немiз
бар едi? Бүйткенше өлгеннiң өзi артық деп шыбын жанды шүберекке түйген жоқпыз ба? —
дедi Жәнiбек ырза боп.
— Бiрақ оныңды бiлiп жатқан кiм бар? Өз ағайының өзiңдi екi көзiңдi бақырайтып
қойып сатып кетiп жатса, онан артық не азап, не қасiрет болушы едi?
— Бұл бiр бiздiң сорымыз ғой. Ол жуық арада тиыла қоймас.
— Қайта асқындай түсер. Ана алаяқтар сау болса, бұл елдi әлi ала тайдай бүлдiрер. —
Ол күрсiндi. — Бiрақ битке өкпелеп тоныңды отқа өртеме деген. Оларға бола елден безуге
бола ма? Мен де туған жердi сағынып жүрмiн. Барайын десем, артын ойлап, кiдiре берем.
Бармайын десем, бiр түрлi...
— Мен де сүйтiп жүрмiн. Сiзбен ақылдасайын дегенiм сол едi, келесi жылы көктем туа
Қызылға қарай көшсек кәйтедi? Оларды енапат құмның қай жықпылын бiлiп атыр дейсiң?
— Жәнiбек оған не жауап берер дегендей көз тастады.
— Қайдам. Әлi көктемге дейiн уақыт бар емес пе?
— Бар ғой. Сонда да мәсәләның басын анықтап алсақ дегенiм де.
— Кезiнде көрелiк. Мүмкiн, бiрге қанаттаса көшермiз.
— Төке, менiңше, ең дұрысы осы. Ол жайында iжкiмге тiс жарып айтпайық. Содан
кейiн келген жау шапса, шауып алсын, — дедi Жәнiбек iштей бекiне түскен түрмен.
— Оның да жөн. Құдай өзi берген жанын өзi алады. Ал кәне, қол жуайық. Қоянның етi
де пiсiп қалды, — дедi батыр кеуiлденiп.
— Мен кәзiр, — деп Қалдыбай орнынан тұрып, леген мен құман алып, батырдың
қолына су құйды.
Жәнiбек те қолын жуды.
Қоянның етi ылжырап пiскен екен. Олар әңгiмелесiп, тамақты ұзақ отырып жедi.
Тағамнан соң шұбат iшiп, түннiң бiр жарымына дейiн әр жайдан сыр шертiсiп, әңгiмеге
қанғасын барып, олар төсектерiне қисайды.
Ертеңiне Жәнiбек ауылына қайтатын болды. Ол атына мiнiп жатып:
— Төке, бiздiң ауыл онша алыста емес. Жаңғыз өзiңiздiң iшiңiз пысады ғой. Қолыңыз
қалт етсе, келiп, қонағасыңызды жеп кетiңiз, — дедi.
— Алдыразы болсын, қарағым. Бiзде қонағасы жейтiндей қанша сау тiс қалды дейсiң?
Кеуiлiңе ырзамын. Қайда жүрсең де аман бол. Есен-саушылықта қауышайық, — дедi
Тоғанақ онымен қолдасып, қоштасып жатып.
— Пақуат болыңыз. Тұз-дәм жазса, әлi талай жүздесемiз ғой, — деп, Жәнiбек атының
басын бұра бердi.