Стр. 157 - Ulisel4tom

Упрощенная HTML-версия

156
Олар кеткесiн батырдың кеуiлi бiр түрлi қоңылтақсып қалды. Кемпiрi мен екеуi екi
бұрышта шошайып, құсы кеткен көлдей құлазып, отыра бердi. Сол кезде тағы да мұның
кеудесiн жегiдей жеп жатқан бiр сағыныш улы тырнағымен осып-осып қалды. Батыр сол
сәтте: “Құда қаласа көктемде елге көшем!” — деп iшiнен нық түйдi.
Сол күннен бастап оның тақаты кеттi...
20
Биыл қыс ерте түстi. Бұлар ат басын тiреген Құл тауының етегi кiшкене жел тұрса
болды, борап, ызғырып, кiсiнiң апшысын қуыратын жер екен. Қызылдың ен жықпылына
үйренiп қалған Жәнiбек ауылы мынадай ызғырыққа көндiге алмай қойды. Бұлар құм
арасында отырғанда, қараүйдiң сыртынан киiздi екiқабаттап орап жiберiп, оның сыртынан
сексеуiлдi кереге бойынан асыра үйiп тастағанда, одан өмiрi терiскейден соғатын суық
өтпейтiн. Қандай аязда да қараүйдiң ортасында күнi-түнi маздап жататын сексеуiлдiң
шоғына бетiңдi төсеп, терлеп-тепшiп шәй iшкенiңде, арқаң сәл-пәл мұздап отырса да, тоңа
қоймайтынсың. Мына жақта ондай емес. Ызғырық соққан кезде қараүйдiң iшi азынап кетедi.
Ақыры Құл тауының маңайында қыстап отырған ауылы үп еткен жел болса, қар суырып,
айналаны алай-түлей ғып кете беретiн тау бөктерiне көндiге алмай қойғасын, бiр күнi
Жәнiбек қасына Әлжанды ертiп, басқа жақты шолып қайтпақ болды.
Бұлар ауылдан шыққанда күн әжептәуiр көтерiлiп қалған да едi. Бұ жақтың күнi түске
таман сай-салада жатқан қарды жiпсiтiп, қызуын төгiп тұрады да, кешке таман әлдеқандай
буалдыр бiрдеменiң құшағына кiрiп, салқын тарта қояды. Жәнiбек қасындағы Әлжанмен аз-
кем сөйлесiп келедi. Соңғы кездерi Бұхарада не көрiп, не қойғанын жыр ғып айтуды әдетiне
айналдырып алған аңқылдақ Әлжан бұ жолы да сонысына баса берiп едi, Жәнiбек оған
ойлана қарап келе жатып:
— Әй, осы сен неге оқымайсың, а? — деп сұрады.
Әңгiмесi үзiлiп кеткен Әлжан аңтарылып қалды:
— Оқығанда, қалай?
— Қалайы нес? Кәдiмгiдей оқисың.
— Сонда... өзi...
— Не өзi? Сен ғой осы иманшартты тауыстың. Ендi мәдрәсәға барып, оқып қайт. Әзiр
саған қарап тұрған тiрлiк жоқ. Әкемiз болса, бар жүктi маған тастады да кеттi. Асылы, сен
оқып ал. Кейiннен оған мұршаң да келмей кетедi.
— Сонда... ана қалыңдығымды кәйтем? Көкем биыл жаз шыға алып берем деп жүрушi
едi, — дедi Әлжан қыбыжықтап.
— Өй, басы байлаулы ұрғашы қайда қашар дейсiң? Сәтi түскен күнi әкелерсiң. Оған
дейiн бiлiм алғаның жақсы емес пе? — Ол оған көзiнiң бiр қиығымен қарады. — Iрә
қатынсырап бара атсаң, сол келiндi ал да, оқи бер.
— Оның... өзi... қайдам? — деп Әлжан толқи бастады.
— Мен сенiң келешегiңдi ойлап айтып отырмын да. Өзiң көрiп жүрсiң, заманның түрi-
түсi өзгерiп барады. Бұрынғыдай мал бағып, жайыңа жата беретiн дәуiр өтiп бара атқан
сияқты. Бiздiң жаққа аяқ салған ақ патшаның тәртiбiнiң ертең қалай өзгеретiнiн қайдан
бiлесiң? Со кезде адаспас үшiн көзiңнiң ашық болғаны мақұл. Онда әйтеуiр оң-солыңды
танисың ғой, — деп Жәнiбек оған қамқорси сөйледi.
— Аға, осы сен де бiраз оқыдың ғой. Сонда бiздiң оң-терiсiмiз қайсы? Соны неге ашық
айтпайсың? — деп Әлжан бұған ойламаған жерден сұрақ қойды.
Бұл Жәнiбектiң жанын қинап жүрген нәрсе едi. Ақмешiт қамалын ақ патша басып
алғаннан кейiн, iшiнен ешкiм де дiн ислам қауымының iргесiн қозғалта алмайтындай
көретiн мұның кеулiне аздап күдiк кiре бастаған едi. Соңғы кездерi ол жайында қатты
толғанып жүрген де болатын. Ендi мына iнiсi сол жараны қайтадан қасыған соң, Жәнiбек
бiрден жауап бере қоймай, ақырын күрсiнiп, сәл-пәл iркiлiп қалды:
— Ол деген... өзi қиын ғой. Қара ақылға салып қарасаң, қандай нәсiл де, милләт та өз
бетiнше, өз еркiнше, бiреуге тәуелсiз боп өмiр сүруге тиiс. Бiрақ оныңды күштi жұрттар
тыңдай ма? Олар әлiмжеттiк жасап, аз ұлттарды басып ап, тонап, өз хүкiмiн жүргiзе
бастайды. Мына ақ патшаның iстеп отырғаны да сол. Бiрақ мұның айласы өте терең. Ол
қызыл тiлмен арбап, халықты алдап, ақымақ қып отыр. Кешегi құба қалмақ заманында одан
бiздi қорғаймын деп, ол хандарды алдап-сулап, бодан етiп ала қойды. Соның ақыры не
болды? Қызығын көрiп отырмыз ғой. Асылы елiңнiң өз алдында хандық құрып, ешкiмге
бағынбай өмiр сүргенiне iждеңе де жетпейдi. Басқа бiр мемлекетке күнiң қарағасын, шаруаң
қараң.
— Сонда не iстеу керек?