Стр. 158 - Ulisel4tom

Упрощенная HTML-версия

157
— Ояғын, шынымды айтсам, өзiм де бiлмейiм. Бiр ойым айтады, ендi Сыр бойына
бiздiң қайтып баруымыз қиын, сондықтан iшкi жұртқа қарай аусақ деп. Бiрақ ояққа барып
қалай көндiгемiз, — бұ да бiр қиын шаруа. Ал ақ патшаға барып, кешiрiм сұрасақ...
— Шынында да, сүйтсе кәйтедi? Ана Байбарақ батырға лұқсат берiптi ғой? — дедi
Әлжан дәудiрлей сөйлеп.
— Әй, оны қойшы, — деп Жәнiбек қолын түңiле сiлтедi. — Кәпiрдiң аты кәпiр. Олар
мұсылманды аяй ма? Ана Арқа жақтағы Орта жүздiң қазақтарын орыстың шiркеулерiне
апарып, шоқындырып атқан көрiнедi. Ендi бiр жүз жылдан соң олардың бәрi де шоқынып
кетедi.
— Неге?
— Үйткенi... ояққа ислам дiнi аз тараған. О жақтың қазақтары арабтардың жәһилийя
заманында өмiр сүрген елдерiндей ғой. Алладан гөрi отқа, пұтқа табынады. Ондай жұртты
басқа дiнге кiргiзiп, шоқындыру оп-оңай. Әр-берiден соң олар жаназа шығаруды да ұмытып
кетер, — дедi Жәнiбек қабағын шытып. Сосын тымағының маңдайлығын қамшысының
ұшымен көтерiп қойды.
— Сүйтсе... мұнысы жаман екен.
Жәнiбек оған қарап күлдi:
— Бала, сен қалай деп ойлап ең? Жаманы әлi алда. Ертең сендер орыстан қатын алып,
бала сүйiп, шүлдiрлеп шыға келсеңдер...
— Құдай сақтасын! — дедi Әлжан шошынып.
— ...Сонда көремiз, — деп Жәнiбек сылқ-сылқ күлдi. — Үйтпейiн десең, ендеше
мұсылманша бiлiм ал. Немене кәпiрлердiң iлiмi бiздiкiнен артық па? Әлде олардың бастары
қатты iстей ме? Құдай әу баста адам мен адамды тең қылып жаратқан. Оны теңдестiрмей
жүрген өзiмiз. Демек, талап қылғанның iж айыбы жоқ.
— Онда, аға, оқысам оқиын. Бiрақ өткендегiнiң бәрiн ұмытып қалдым ғой.
— Оны есiңе түсiр, қайталап шық. Сосын көктем туа Бұхараға бар да, ана Әлiбекке
серiк бол, — дедi Жәнiбек ендi күлкiсiн тыйып.
— Сүйтсем сүйтейiн, — деп Әлжан келiстi.
Олар Ерлер тауының етегiнен ұзап шығып, Жалпақтаудың сол жағын ала бiраз жерге
дейiн барып қайтты. Бұ жақта Қызылқұмның нышаны анық сезiлiп, өркеш-өркеш құм
кездесе бастады. Құм iшiне кiргесiн, жаңа ғана ызғырып тұрған күннiң зәрi сынып сала
бергендей болды. Шырпыларына қатқан қары ерiп кеткен сексеуiлдер сидиып тұр. Қар жұқа
түскен жерлерде ұсақ малдың теуiп жеуiне жарайтын тырбиып өскен шөп жалаңаш жатыр.
Ендi бiр араларда ықпанасы жетерлiк, қалың өскен жыңғыл ұшырасты. Жәнiбек сол тұсты
аралап келе жатып, оң қол жағында, осыдан бiр көштей жерде кiлең Балқылардың
қыстайтынын есiне алды. Олар бұл маңайды ертеден қоныс етедi. Жәнiбек iшiнен саралай
кеп, күн жылысымен ауылын осы жайлы жерге көшiрiп әкелсем деп ойлап қойды.
Олар күн еңкейе керi қайтты. Бұлардың астарындағы тоқ аттар аяқтарын ерiне басып,
құмалақ тастап, сары аяңмен жүрiп келедi. Талай заман бойы тиыштығын ешкiм де бұзып
көрмеген ұлы дала тып-тиыш жатыр. Ара арасында аттардың тұяқтары басқанда,
қатқылданған құмның ойылып, бырт ете түскенi естiледi. Құм арасындағы жыңғылдар,
сексеуiлдер, баялыштар, қурайлар атам заманынан бермен қарай өсiп тұрғанын аңғартып,
адамзаттың қысқа тiрлiгiнде болмасқа өкпелесiп, бiр бiрiмен таласып-тармасып жүргенiнiң
жалғандығын сездiрiп, бұларды құдды бағы кезеңге енгiзiп жiбергендей әсер қалдырады.
Екеуi де үн-түнсiз.
Жәнiбек ауылына келгесiн, өзiне қарастылардың бәрiн жинап ап, шешiмiн айтты:
— Қызылдың басталар жерiнде ықпанасы көп, жылы жер бар екен. Соған аударылып
көшейiк. Мына арада балдар тоңа бастады.
Балқия сол жерде сөзге араласып:
— Әкеңнiң жылын бермей жатып, аударыла көшкенiмiз қалай болады? — деп қалды.
— Iждеңе ете қоймас. Шариғатта ондай жоба жоқ. Өлгеннiң артынан өлмек жоқ деген.
Ендiгi жерде мына қызыл қарын бала-шағаның жағдайына да қарайық. Қызылдың арасында
өсiп қалған немелер мына жердiң салқынына шыдар емес, — деп Жәнiбек аз-кем кiдiрдi. —
Менiңше, әуелi жарымыз көшiп барып, сол жерге орналасайық. Сосын қалғанымыз көшемiз.
— Неге? — деп Айжамал бұған қарады.
— Үйткенi, бiрден көшсек, баллар тоңып қалар. Кереге жайып, орналасам дегенше,
бiраз уақыт өтедi. Ал бiз көшiп барып, дайын отсақ, балларды сонда кiргiзе саламыз.
— Е, дұрыс екен, — дедi Айжамал мұның ойын жаңа түсiнiп.
Шешiм сол болды. Ертеңiне сыртқа шығып қараса, ауа тып-тымық екен. Күн
шақырайып көтерiлiп келе жатыр. Жәнiбек iшiнен құдайға шүкiршiлiк етiп, азанғы шәйден
соң, үйлердi тез жықтырды. Балаларды Балқияның отауына апарғызып тастатты. Сосын өзi
ауылдың жартысын кешегi Жалпақтаудың әр жағындағы жынысқа қарай бастап жүрдi.
Бұлар келгенде, күн сәскелiктен ауып қалған да едi. Әлжан бастаған қарулы жiгiттер