158
қараүйлердi тез-тез тiктi. Сосын қол созым жерде ұйлығыса өсiп тұрған еркек сексеуiлдi
шарт-шарт сындырып, сүйретiп әкеп, суып сала берген қараүйлердiң iшiне кiргiзiп,
лаулатып от жақты. Сол екен, жаңа ғана азынап тұрған үй iшi қызу кiрiп, жылынып,
ажарланып сала бергендей болды. Айжамал екi бетi қып-қызыл боп, ортадағы мосыға
қазанды қойып, бiр мүше еттi солайкем салып та жiбердi. Басқа қараүйлерде де осындай
қуанышты тiршiлiк нышаны бiлiнiп жатты.
Бұлар орналасып болғасын, сол күнi қонып, ертеңiне таң азаннан Жәнiбек қасына
Әлжанды ертiп, қайтадан жолға шықты. Келсе, Балқиялар тас-тұйнақтай боп отыр екен. Тек
қана Нияздың ауылы дайын емес боп шықты. Анада Қарақалпақ жағына барып, Ағлестi
көрiп келгелi осы оттың басына ұрыс кiре бастаған едi. Мамық әкесiнен гөрi шешесiне
тартып, айбықа мiнезiн жаңа шығара бастаған болатын. Ол болбыраған бетi бүлк етпей,
бұған ерiне сәлем еттi де, шаңқылын жалғастыра бердi:
— Қайдағы бiр күйлеген қаншыққа барып, менi басынып, шалжиып жатқанын қараш
өзiнiң! Көрiнгеннен қалмаған жәлептiң итаяқтай... — Ол барлық мүшенiң атын атап, түсiн
түстеп, түгендеп шықты.
Жәнiбек қолайсызданып:
— Келiн шырақ, қой, үйдеме! Ұят екенiн бiлмейсiң бе? — деп едi, Мамық:
— Мына менiң ашылмаған қу маңдайым! Болмаса он екi де бiр гүлiм ашылмай жатып,
үйiстiп сорлап қалатын ба едiм? Бәрi де төркiнiмнiң алыс жатқандығынан. Олар қасымда
болса, бүйтер ме едi? — деп, ендi маңдайын төбелеп, барқырап, жылай жөнелдi.
Жәнiбек мына көкбетпен сөйлесiп болмайтынын түсiнiп, орнынан тұра бергенiнде,
арқасына iшiгiн жамылып, қолына сегiз өрме қамшы ұстаған Нияз iшке кiрiп келдi. Ол
ағасымен амандасуды ұмытып, қатынына шақырая қарап:
— Қоясың ба, әй, ендi, қоймайсың ба? — дедi ақырып.
Мамық тайынбады. Оның бетiне тура қарап:
— Қоймағанда кәйтесiң? Ана түркiмен мен қарақалпақтан қалмаған жәлептiң құдығына
түсiп кетiп, қайтып шыға алмай жатып, сенiкi не қодыраңдағандық, а? Мә, ұр! — деп, ендi
ол орнынан түрегеле сала арқасын тосты.
— Мә, ұр!
Жәнiбек ызадан жарылардай боп отырса да, шатақ шықпасын деп:
— Әй, келiн, қой! — деп қалды.
Осы кезде терiсiне шаққа сыйып тұрған Нияз өмiрi iстемеген әдетiн iстеп, ызаланып:
— Мә, саған ендеше! — деп, Мамықты қамшысымен қар арқадан тартып өттi.
Қатын баж ете қалды. Ендi қаһарланған Нияз оны қамшысымен басқа-көзге қарамай,
бортылдатып сабай бастады. Соны көрiп, Жәнiбек ұшып түрегеп, оның қолына жармасты.
Азар дегенде оның қолынан қамшысын жұлып ап, ентiгiп тұрып:
— Қой, мұның ұят болады. Жаман қатынды сабап, жөнге салған еркектi әлi iжкiм
көрген жоқ. Нағыласың биуазды, — дедi.
Нияз жылармандай боп:
— Үндемей-ақ қояйын дейiм, болмайды. Мұның сөзi көрдегi кiсiнiң сай-сүйегiн
сырқыратады ғой. Ендi не iстейiм? — дедi қалш-қалш етiп.
— Сабыр ет! Әуелi көшiп барайық. Iрә болмай бара атса, төркiнiне апарып таста! —
дедi Жәнiбек келiнiн қорқытайын деп.
— Пiшту саған! Қорқытқаның сол ма? Осы домбырасын құшақтаған жындыдан
айрылсам, маған көсiк табылмай қалар дейдi ме? Көрермiн далада қалғанды. — Ол
жұдырығымен кеудесiн салып-салып қалды. — Нақа ерегiссем, ана жандаралдың өзiне
барып тиiп алам!
Жәнiбек келiнiнiң сөзiне күлiп жiбере жаздады да, өзiн өзi шаққа тиып, iнiсiне қарап:
— Сенiкi не осы түске дейiн жатып? Ендi бiр ауылдың үлкенi болғаныңды бiлмейсiң
бе? Мал-жанға қарау керек емес пе? Екiншiгәрi мұныңды көрмейтiн болайын! — дедi. —
Кәне, үйлерiңдi жық та, көшiр!
Нияз ештеңе дей алмады. Мамық қана кесiрлiк көрсеттi:
— Көшсе, өзi көше берсiн. Мен атаекемнiң құтты қонысында жаз шыққанша тырп
етпей отыра берем.
— Онда қала берсiн! Қалғандарың көшiңдер! — деп Жәнiбек бұйрық бердi.
Мамық бұған ажырая қарады. Бiрақ мұның қолына сығымдай ұстаған қамшысын көрiп,
аузын аша алмады да, ернiн сылп еткiзiп, қолымен бетiн шымшыды.
Жәнiбек бәрiн жанықтырып жүрiп, үйлердi жықтырып, түйелерге тездетiп тиеттi. Бұлар
абыр-сабыр болып жатқанда, Мамық кеп, ернiн сылп еткiзiп:
— Молла қайнаға, жаңа бiр ашу үстiнде айта салып ем. Айдалада жаңғыз үй қалып не
береке табам? Құрсын бәрi, со қаншықты көрмек түгел, ашамайынан тәуетiп кетсiн. Мен де
көшем, — дедi.
— Ендеше үйiңдi жық! — дедi Жәнiбек оның жүзiне тура қарамай.