16
Оның сенбей отырғанын байқап, Ережеп сабырын шашпай:
— Е, дұрыс екен. Қалғаны айтпаса да түсiнектi, — дедi. Сосын Шәкиге бұрылды: —
Сен ана аттарға қарап келшi.
Шәки кеткесiн, Жаманқұл өздерiнiң батырмен қалай сөйлескендерi жайлы айтып
шықты. Ережеп тыңдап боп, райланып:
— Өте дұрыс жасаған екенсiңдер. Уәденiң аты — уәде. Бүгiн... менi кiсi жiберiп
шақырған екен, ана Қазалыдағы әйдiк ұлыққа барам. Шамасы, бiр әңгiме бар сияқты. Соған
сендер жайлы айтам, — дедi.
— Өй, өркенiң өссiн, — дедi Жаманқұл райланып.
Ережеп қайтадан жолға шықты. Ол ендi Қазалының батыс жағындағы кең нұралықпен
атының сары аяңымен жүрiп келе жатты. Бұл ара әлi де ажарын алдыра қоймапты. Қызыл от
деген тұнып тұр. Анадай жерде тұтаса, қалың боп өскен ши керегедей боп жалдана қалған.
Тұп-тұтас. Арасынан атты кiсi әзер көрiнедi. Мына жақта баялыш пен дүзген деген жетерлiк.
Оларды қыста бiр-бiрлеп жұлып әкеп, отқа тастай салсаң, бытыр-бытыр жанып, таңға дейiн
бiр сөнбейдi, Ережеп көзi қызығып, қасындағы Шәкиге қарап:
— Өй, жер болғаныңа, паһ-паһ! — дедi.
— Шынында да, от жер екен, — дедi Шәки оны қоштап.
— Бiзге осындай бiр жөнi түзу от жер де бұйырмай қойды. Биыл осы... Қарақұмның
ажары қалай екен?
— Жаман емес.
Ол сол арада өздерiнiң оң қапталын алып, жосылып жүрiп келе жатқан он шақты атты
кiсiнi көрдi, Олар бұларды байқап, аттарының бастарын бұрып ап, бәрi қарай салды. Ережеп
ерiксiз атының тiзгiнiн тартып, тұра қалды. Олар жақындап келгенде барып, бозқасқа атқа
мiнген Төлеу батырды бiрден таныды. Дереу сәлем берiп, қолын алды. Жөн сұрасқасын
Төлеу қамшысымен күншығыс жақты сiлтеп тұрып, бұдан:
— Байқадамның ауылы осы яқта ма? — деп сұрады.
— Осы бағытыңыз дұрыс, — дедi Ережеп биязы үнмен. — Сырды оң қол жағыңызға
ұстай отырып, тарта берсеңiз, екi-үш күннен кейiн Қараөзекке жетесiз. Сол арадан оның
ауылының қай жерде екенiн кездескен бiреуден сұрап аласыз ғой.
— Е, дұрыс екен, — дедi Төлеу батыр кеңк етiп күле түсiп. — Сен баланы атқа мiнiп,
әкiм болып жүр дейдi ғой. Қалай өзi, ақ патшаң елге жайлы ма?
— Әзiрге жаман емес.
— Жақсы онда. Жол ақысы жүрсе өнедi деген. Бiз тарттық, — дедi де, Төлеу жiгiттерiн
бастап, шығыс жақты бетке алып, жүрiп кеттi.
Ережеп оның мына жүрiсiнен iштей күдiк алып қалды. Бұл мына әңгүдiктеу Төлеудiң
Жетiрудағы Табындармен бiр ет жақындығы барын бұрыннан бiлетiн едi. Күзеу кезiнде
оның бұлайша суыт жүрiп келе жатқанына қарап, Бұхарбай мен Байқадамның араларындағы
бiр қыжылдың әбден асқына түскендiгiн iштей пәмледi. Сосын өз-өзiнен әлденеге
кеуiлденiп, ыңылдап қойып, Захваткинге бармақ боп, атының басын Қазалы жаққа қарай
бұрып алды.
6
Төлеу батыр Сырдың қыр жағымен жүрiп отырып, үшiншi күнi дегенде барып
Байқадамның ауылына кеп құлады. Табындардың көбi Сыр жағасында отырықшы боп,
қауын-қарбыз егiп, диханшылықты кәсiп ететiн. Биылғы қыстан Байқадамның малы жұтап
ырсимаса да, бiраз қоңторғай тартқан екен. Бұны келедi деп ойламаса керек, әуелгiде союға
мал таба алмай, әңгүдiктеу Байқадам қысылып қалды. Сосын көршi ауылға баласы
Ақсақалды жұмсап, мал алдырды. Малды тездетiп сойып, оның жарты етiн қазанға
салдырып, кеуiлденгеннен кейiн, Байқадам бұған жүзiн бұрып:
— Қалай, ауыл-елiң аман ба? — дедi.
— Шүкiршiлiк, баяғы бiр қалып, — деп Төлеу қоңқиған танауын көтерiп, бiр қарап
қойды. Мына батырдың райланғанына қарап, iшiнен жолым болады екен түйдi.
— Биыл бiздiң йақта қыстың аяғы созылыңқы боп кеттi де, аздап мал-тегендi жұтатып
алдық. Кейде өзiңдей алыстан құрметтi мимандар келгенде, қысылып қалатынымыз бар, —
дедi Байқадам бiрден мал соймағанын жуып-шайғысы келгендей. Ол қапсағай денелi, сопақ
басты, зерең жүздi кiсi едi. Баласы Ақсақал түрi жағынан шешесiне тартқан. Ол да әкесiндей
палуан тұлғалы боп өсiп келедi екен.
Төлеу оның жүзiне күле қарады.
— Бiз мына Қырда мал бағып атқасын, оны-пұныны бiле бермеймiз. Сiздер ғой осы
қауын-қарбыз саласыңдар. Ол бiзге бiр түрлi таңсық көрiнедi. Сонда... соны тамақ
қыласыңдар ма?