160
шүкiршiлiк етедi. Тек мұның жанына батып жүргенi — ана қызы Ағлестiң жау қолында
хабар-ошарсыз кеткенi ғана. Ана бiр жылы қарақалпақ жағынан бiр сыбыс шығып едi, iздеп
баруға әлемет жағдай боп, қол тигiзбедi. Содан берi iж дерек жоқ. Әйелi кейде ашуланғанда,
бұрқылдап: “Сен-ақ мал-мал деп, балаңды қор қылдың. Болмаса бүгiндерi қатарының алды
боп жүретiн емес пе едi?” — дейдi. Бұл ондайда ақиып: “Әй, тарт тiлiңдi! Немене мен мал
жинасам, ана дүнияға алып кетейiн деп жүрмiн бе? Бәрi де мына сендер үшiн емес пе?” —
дейдi. Кемпiрi жым болады. Сонан кейiн шал ашуланып, атына мiнiп ап, уақ жандықты
жайып келейiн деп, далаға кетедi.
Биыл ол Айтқожалармен қатарласып, Қорғаншға кеп қыстаған-ды. Әуелгiде орыс
қамалы жақын, атты казактар ойран салып жүрер деп қауiп илегендi. Келе-келе оған да
үйрендi. Атты казактар бұрынғыдай еркiнсiнбей, ендi аяқтарын тартып басатын болды.
Бiреулер: “Ойбай, жаңадан келген жандарал олардың апшысын әбден қуырыпты. Қазақтарға
ендiгәрi тисеңдер, менен жақсылық таппайсыңдар дептi. Сонан кейiн ғой олардың молла
бола қалғаны”, — деп дүңкiлдедi. Басқа бiреулер: “Жоқ, олай емес екен. Олар Тоғанақ
батырдың қаһарынан қорқып, ендi тисек, бұлар бәрiмiздi қырып салар деп, айылын жия
бастапты. Болмаса кәпiр мұсылманды аяй ма?” — дестi. Осындай алыпқашты әңгiмеге құлақ
түре отырып, Нарман неде болса деп осы қонысқа келiп қыстады. Жазға қарай Қызылға
көшiп, Мойшақ маңын жайламаққа бекiндi.
Бұл араның оты басқа жерге қарағанда бөлек. Сырдан сәл ұзай берсең, жалпақ нұралық
басталады. Ол жердiң қара оты деген тұнып тұр. Малдың бабын бес саусағындай бiлетiн
Нарман бұ жердiң түйе мен қойға таптырмайтынын сезiп, iштей қуанып жүр. Биыл үш жүзге
жетiп қалған қойы түгел қоздап, малдың басын бес жүзден бiр асырып алса, әр жағында өсiм
деген екi есе, үш есе боп кетедi. Түйесi мен жылқысы да сондай. Содан кейiн он шақты
жылдың көлемiнде бұл баяғы мыңғырған малының санын түгелдеп алады. Соны дәтке қуат
етiп, малшы жалдамай, iрi сүйектi шал малын өзi бағып жүр.
Ол бүгiн қойды кештеу қайырып, ауылына қараңғылық түсе келдi. Ақпанның аяғы боп
қалса да, бұлар қойды талқораның iшiнде ұстайтын. Әйдiк төбеттердi айнала қойып,
қасқырдан қорғап, өзi түнiмен көз iлмейтiн. Нарман қойды қораға қамағасын, сырт киiмiн
шешiп, керегенiң басына iлiп, оң жаққа барып отырды. Келiнi Зағипа зыр жүгiрiп жүр. Бұл
мал қайырып жүргенде, Ережептiң ауылынан Қалмырза келiптi. Ол мырзаның оң қолына
айналғалы тыным табар емес. Қашанда шаруасы басынан асып жататын Ережеп оны бiресе
онда, бiресе мұнда жұмсап, әбден зықысын шығарған. Бүгiн ол ауылға барып қайтайын деп
лұқсат сұрап шығыпты. Нарман сүт құйылған қою шәйды ысылдап тарта отырып, бiр рет
баласына қарап:
— Шаруаң қалай? — деп қойды.
Қалмырзаның түрiнде қажыған белгi бар екен. Ол қабағын шытып:
— Оның несiн сұрайсың? Барып кел, алып келдiң кiсiсiнде не хал болушы едi?
Жүргенде баяғы, — дедi. Оның даусынан шаршағаны аңғарылды.
— Ау, сенiң кәзiр нағыз онда-мұнда шабатын, пайданы барынша тауып қалатын кезiң
емес пе? Осы кезде ерiнсең, ертең не боласың? — дедi Нарман баласының қабағын ұнатпай.
— Кезi болғанда... өзi тым жиiлеп кеттi. — Қалмырза кесенi қолына алып, сыртындағы
өрнегiне көз салды. Дәл осы кезде ең кенжесi еңбектеп кеп, былдырлай сөйлеп, оның
тiзесiне асылды. Қалмырза әке-шешесiнiң көзiнше оны алуға ұялып: — Әй, тентек! Өзiң
барып тұрған бұзықсың ғой! Бар ана әжеңе! — деп, баланы қолымен жайымен итердi.
Зағипаның екi бетi ду ете қалды. Ол дереу бөпесiн қолына алып, жеңiмен оның мұрнын
сүртiп:
— Өй, өзiң нассың ғой! Аузы-басың саталақ-саталақ. Әне, әжең, — деп әжесi жақты
көрсеттi.
Нарманның бәйбiшесi аңқылдап, қолын созып:
— Өй, түрiңнен ғана айналайын. Менiң осы өлгенде көрген жарығым ғой! Ақұдайым
ғой! Кәне, келе қойшы, — деп, немересiн алдына алып, айналып-толғана бастады.
Қалмырза күлдi:
— Ақұдайың осы болса, мұрнын неге сүртiп қоймадың?
— Кет әрi тазайын бола қалмай! Сен де талай боғыңа былғанып жатқансың. — Ол
баланы әуп деп көтере бастады. — Менiң жаным ертең ес бiлгесiн, аузы-мұрнын өзi-ақ
тазалап алады. Сонда сендер көресiңдер мұның кiм болғанын!
— Ана батыр атасына ұқсап жүрер?
— Е, ұқсамай несi бар? Ау, ол деген менiң нағашы жұртым. Мынаң қараш тұмсығы
қандай дөңес, нағыз батыр! Әсiресе, мұрны аумайды-ау, аумайды!
— Өй, сен де! Баяғыда өткен кiсiнi көзiңмен көрiп келгендей соға бересiң,— деп онша
ашылып, күле бермейтiн, қалың қабақты Нарман шал жадырай күлдi.
— Е, соққанда тұрған не бар? — деп кемпiрi қарсы дау айтты.