Стр. 162 - Ulisel4tom

Упрощенная HTML-версия

161
— Жарайды, қоя ғой! Сендерген бiрдеме десең болды, басың пәлеге қалады,— деп
Нармен кесесiн келiнiне ұсына бердi.
Бұл кезде ақпан айының соңы болып қалған да едi. Айдың жантая туғанына қарап,
Нарман iшiнен көкек айы малға жайлы болады-ау деп топшылаған-ды. Бүгiн сәл ызғырық
тұрғанымен, ертең күннiң тоңы сынатыны белгiлi боп қалған. Құбыладан әлдеқандай соққан
лептi сезiп, ауа райын жастайынан бақылап өскен шал биыл дария ерте бұзылып, ұлы сел
мына жақта жатқан қолтықты алып кетедi деп жорамал жасаған едi. Тағы да сол ойын iштей
безбенге салып отырғанында, сырттан иттердiң әупiлдеп үргенi естiлдi. Ол iшiнен: “Бұ кiм
екен?” — деп ойлағанынша болмады, иттер онан сайын өршелене үрiп, әр тұштан әупiлдеп,
жаңа ғана тиыш тұрған аз ауылды басына көтердi де жiбердi. Қалмырза да мұның тегiн емес
екенiн бiлгендей, орнынан түрегеле бердi. Нарман оған қарап:
— Биуақта жүрген бұ кiмдер? Келетiн кiсiнiң ретi жоқ едi ғой, — деп, кеуiлi әлденеге
қобалжып, түрi әлден өзгере бастады..
Қалмырза тонын, тымағын тез киiп, сыртқа шығып кеттi. Нарман сәл-пәл үрейленiп,
тысқа құлақ салды. Аздан соң әлдекiмдердiң самбырлай сөйлескенi естiлдi. Нарман кiсi
даусын бiрден танитын. Мыналардың дауыстары бөлек. “Бұ кiм?” — дегенiнше болмады,
iшке сәлем берiп бiр жас жiгiт кiрiп келдi. Қасында екi-үш қосшысы бар.
— Кеш жарық! — дедi ол төрге өтiп бара жатып.
— Ешкiң арық! — дедi Нарман оларға таңдана қарап. — Кәнеки, төрге шығыңдар! —
Сосын мыналардың тегiн кiсi еместiгiн бiлiп, кемпiрiне қарады. — Ау, бәйбiше, қонақ келiп
қалды ғой!
Кемпiрi түсiнiп, жаулығын түзеп тартып, орнынан тұра бердi.
Нарман ендi бұларға қарады:
— Қарақтарым, бiз деген қартайған кiсiмiз. Бүгiндерi қураған қара жусанның түбiн
қажай-қажай аузында санаулы ғана тiсi қалған кәрi қойдаймыз. Кейiнгiлердi жыға тани
бермеймiз. Қай бала боласыңдар?
Әлгi iшке бұрын кiрген қағылездеу жiгiт бiрден жауап бердi:
— Нареке, мен ана Мамырайдың Әлжан деген кенже баласымын ғой.
— Е, сол сенсiң бе? Ал әкеңнiң қазасы қайырлы болсын. Қалған жасын өздерiңе берсiн.
Жер аяғы алыс боп, бата оқып бара алмай атырмыз. Жарықтық, жақсы кiсi едi, — деп
Нарман оған кеуiл айтты. — Дүния деген алдамшы ит қой. Бәрiмiз де тыртыңдап жүрiп, бiр
күнi ақирет сапарына кеткенiмiздi бiлмей де қаламыз. Е, соның баласымын де.
— Иә, Нареке. — Әлжан бұған күле қарады. Тас шам жарығында оның қыздiкiндей
қаймыжықтай ерiнi анық көрiндi.
— Қалай ауыл-елдерiң тегiс аман ба?
— Аманшылық.
— Ана Жәнiбек қажы Тоғанақ батырдың қолымен бiрге боп, кәпiрлермен шайқасты деп
естiп ем. Қалай, оның денi-қарны сау ма?
— Әйдәй!
— Е, дұрыс, дұрыс. Бiз де мынау... отқан. Қолымыздағы аздаған малдың тiлеуiн тiлеп,
жүрiп атырмыз, — дедi Нарман бiр момақан қалыпқа түсiп.
— Қазақта малдан қымбат не нәсте бар? — дедi Әлжан дыбдырдлай сөйлеп. — Бiздiң
де тiлеп отқанымыз со малдың келешегi. Қызылдың iшi мына жақтан гөрi жылырақ, соны
дәтке қуат қыламыз.
— Оятқа не жетсiн, — дедi Нарман сәл күрсiнiп қойып. — Баяғыда Бұқарға барғанымда
бiр рет көргенiм бар. Аты шөл демесең, о деген жердiң жұмағы ғой!
— Жұмақ болмаса да, үйренгесiн...
— Үйренген жердiң бәрi ұжмақ, — дедi Нарман оның сөзiн бөлiп. Сосын оған шәй
құйылған кесенi алып берiп жатып: — Түрiңе қарасам, әлi өрiмдей жассың. Сүйте тұра
қыстың көзi қырауда салқа жортып жүрсiң. Сенiң мына жүрiсiң қай жүрiс деп iшiмнен
таңғалып отырмын, — дедi.
— Нареке, айтқаныңыз тұп-тура. Бұлай жүрмеске әлтiмiз болмады, — деп Әлжан
кесенi алып, алдына қойды да, бұған тура қарады. — Ақсақал, әуелi шүйiншiмдi сұрағалы
отырмын.
— О қандай шүйiншi? — дедi Нарман кесесiн жерге қоя сап. Дем арасында оның түрi
өзгерiп сала бердi.
Немересiн алдына алып отырған кемпiр де шыдамай:
— Қарағым, о қандай шүйiншi? Бiз деген, — деп аузы аңқая қарады.
— Ойбай, шүйiншi болғанда, үлкен той бар, — дедi Әлжан қаттырақ сөйлеп. — Ағлес
табылды!
— Не дейдi? Өлгенде көрген жарығым, тiрi екен ғой! Бар екен ғой! — деп кемпiр кенет
ойбайын салып, жылап қоя бердi. Оның жылаған даусынан қорқып, алдындағы немересi де
бақыра жөнелдi.