162
— Ондай қуанышың болса, шүйiншiң дайын! Иә, құдай, бұған да жеткергенiңе
шүкiршiлiк! Жанымды бүгiн алсаң да ырзамын, — деп, екi иығы ықылық тигендей селк-селк
етiп, iрi сүйектi, дiнi қатты шал босап, көзiне жас алды.
Әлжан бұл қуанышты әрi қарай созғысы келгендей, қайтадан самбырлай сөйлеп:
— Табылғанда, ол мына қарақалпақ жағында боп шықты, — дедi.
— Сонда қайда екен? О қарағымның жүзiн бiр көрсем, iж арманым жоқ — дедi кемпiр
сабырсызданып, көзiнiң жасын жаулығының ұшымен сүртiп жатып.
— Көресiз әлi! Көргенде, былай... — Әлжан тоқталды.
— Не былай? — деп Нарман ендi бұған жаманшылық бiрдеме айта ма дегендей үрке
қарады.
— Көргенде, ана Нияз ағам бар емес пе? Иә, соны қарақалпақтар бiр тойға арнап
шақырған едi. Сонда барып жырлап отырса, сол ауылда Ағлес бар боп шығыпты. Оны
түрiкмендер алып бара атқанда, қарақалпақтың бiр байы мал берiп, сатып ап қапты. Ол
ауылға Нияз ағам дәл барыпты.
— Иә, содан? — дедi Нарман тықыршып. Баяғыда ауылына Нияздың қайта-қайта
келгенiн, әкесi Сағынайдың оған қарсы болғанын iштей дық тұтып жүретiн ол бұ жолы бәрiн
де ұмытып кеттi.
— Соданы сол, Нияз әлгi ауылға барып жырлаған. Қайтарда Ағлеспен жолығып, хабар-
ошарын бiле келiптi. Балларыңыз сiздерге сәлем айтыпты...
— Сәләмәт болсын, — дедi Нарман кеуiлi босай бастап. — Мынадай хабар айтқаныңа
рахмет, — деп ол ендi шыдамай, көзiнен аққан ыстық жасы сақалына сорғалап, өксiп жылап
жiбердi. Оны көрiп кемпiрi де, Зағипа да жылап қоя бердi. Тек Қалмырза ғана босамай,
iштей түйiлiп, отыра бердi. Аздан соң қатты шал жасын тыйып, бетiн жеңiмен сүртiп жатып:
— Қарағым, құдай сенi де қуантсын! Бұлай болады деп кiм ойлаған? О баламды жау алып
кеткесiн, бiткен шығар деп едiм. Ендiгi күнi бұ дүнияда iж арманым жоқ. Шүйiншiң дайын,
— деп Нарман ендi көшелi мiнез танытты. Сосын баласына қарап: — Әй, балам, бiздiң от
басында күнде-күнде мұндай қуаныш бола бермес. Өлгенiм тiрiлiп, өшкенiм жанып отыр.
Бар ана қойды сой! Мына балларға қонақасы берейiк, — дедi.
Қалмырза орнынан тез тұрып, қолына ұзын пышағын алып, тасқа жанып қайрай
бастады. Оның жүзiн бармағына басып көргесiн барып, сыртқа шығып кеттi.
Биыл Нарман ауылына Қарасақалдың Сарбасына қарасты бiрнеше үй кеп қосылған-ды.
Туысқан үйлер бiр жұрт боп, бiрiгiп отырған едi. Олардың басты-басты кiсiлерi кеп, мына
хабарға қуанысып, абыр-сабыр болды да қалды. Келе бiр бетiнiң оты бар жастау келiншек
Әлжанды бас салды. Ол сампылдай сөйлеп:
— Әй, мына баланың кiмдi басынғаны, а? Айдай қызымызды көрiп келiп, пәленбай ай
бойы бiр хабарын берместен жатып ап, ендi тымпиып, төрiмiзге кеп отырғанын қарай гөр?
Кәне, соның айыбын төле, — деп келе оның шаужайына жармасты. Өзi өте қарулы екен,
Әлжанды еңсерiп барады.
Әлжан өтiрiк жалынып жатыр:
— Ау, жеңiше өлтiресiң бе? Жазығым хабар әкелгенiм бе? Жiбер. Ханның құнын алсаң
да, сол айыбыңа көндiк!
— Ендеше соны... әкел!
— Ау, тоқтасайшы! Әуелi дұрыстап отырып алайық та, — деп Әлжан оның уысынан
босап, орнына отырды да, қалтасынан күмiс бiлезiк алып, келiншекке ұсынды.
Ол бiлезiктi алып, қолына салып көрдi де:
— Өзiме дәп-дәл екен. Мына қу бала ауылдан шыққанда менiң бар екенiмдi бiлген ғой,
— дедi.
Қалмырза күлiп:
— Сенi бiлмейтiн бұл уәләйатта кiсi бар ма? Етегiң елпi, жеңiң желпi, — дей берiп едi,
әлгi келiншек мұның арқасынан жұдырығымен төмпештедi:
— Өш, бұ не дегенi әбiрейiмдi төгiп! Мұны естiсе ана жаман ағаң кергiге салып қояр!
— Кергiден қорқатын сен бе? Өзiңнiң... керiлмеген нең қалды дейсiң?
— Құры, оңбаған! Мына қайнымнан да ұят болды, — деп ол екi бетi қып-қызыл боп,
сыртқа қарай ата жөнелдi.
Үй iшiндегi кiсiлер ду күлдi.
Ендi қонақтар мал сойылып жатқанын, Нарманның өздерiн құшақ жая қарсы
алғандарын бiлiп, мамыражай отырды. Нарманның кемпiрi өзi келiнiне көмектесiп, жаңа
сойылған қойдың өкпе-бауырын турап, қуырып жiберiп, қуырдақ әкелдi. Майлы қуырдақты
суықта тоңып келген Әлжандар сүйсiне жедi. Тамақ үстiнде Нарман кеуiлденiп, оларға iш-
же деп қояды.
Оның iзiнше қайтадан шәй келдi. Әлжандар шәйдi асықпай iшiп, онан-мұнан әңгiме
қозғап, ұзақ отырды. Әңгiме бiр кезде Тоғанаққа қарай ойысты. Нарман бұған қарап:
— Батырды Қарақ жағында жүр дей ме? — деп қойды.