163
— Иә, сояқта, — дедi де, Әлжан тiлiн тiстеп қойды. Жәнiбектiң батырдың жайлап,
қыстап отырған жерiн айтпа дегенi оның есiне ендi ғана сап етiп түсе қалды.
— Ау, о деген өте бiр алыс жер ғой, — дедi iшiнен қонағының сәл-пәл абыржып
қалғанын бұ несi деп ойлап қойған Нарман дымды да аңғармай.
— Алысы алыс, — дедi Әлжан жүзi алабұртып отырып.
Нарман оның аяқ тарта бастаған жайын түсiндi де, оған тура қарап:
— Бала, әңгiмеңдi қорықпай айта бер. Бұл үйде айтылған сөз басқа жаққа өмiрi
шықпайды. Ондай өсек таситын кiсiң мен емеспiн, — дедi.
Әлжан жадырап:
— Рахмет, Нареке. Кәзiр батырдың соңына шырақ алып түсушiлер көбейiп кеткесiн,
сақтық ойлап отқаным ғой, — дедi.
— Оның дұрыс. Ана жандаралдың құлағына тисе, атты казактарын жiберуге жүзi
жанбайды. Тоғанақ деген бүткiл елдiң әруағы емес пе? Оны қолдан ұстап берiп, немене бiздi
құдай атқан бiреулер дейсiң бе? — деп Нарман көтерiле сөйледi.
— Нареке, жұрттың бәрi сiздей бола берсе ғой, — деп Әлжан оған ырза бола қарады.
Дәл осы кезде ассалаумағалейкүмiн созып, iшке Тиышбек кiрiп келдi. Ол келе
Нарманның қолын алып:
— Ал, қарақалпақпен құдалықтарың құтты болсын. Әй, өзiм де бiлiп жүр ем. Бағана
мына Сыр жаққа қарай өтiп бара атыр ем, бiрден жас сорпаның исiн сезе қойдым. Сосын
Нарекеңнiң ауылының үстiнен қалай аттап өтем деп әдейi бұрылдым. Келсем, қуаныштың
үстiнен шықтым. Әй, өзiм де бiлем ғой. Бүгiн күнi бойы тiсiм қышып болып едi. Осы етке
көрiнiп отыр екен ғой, — деп ол сампылдай сөйлеп, Нарманның сол жағына барып
қонжиды. Сосын Әлжанға қарап: — Сен, бала, өзiн баяғы Ақмешiтке жорық жасағаннан
кейiн көрiнбеп едiң. Қалай, дәу жiгiт болдың ба? — дедi.
— Шүкiршiлiк, — деп Әлжан тартына қалды.
Тиышбек жымырая күлiп, мұның тiзесiн қолымен басып қойып:
— Бала, баяғыда Ақмешiтке жете бергенде қашып кетiп, сен жақсы қылдың. Мен ана
төренiң алдағанына ерiп... Жарайды, болар iс болды, бояуы сiңдi дегендей, — деп ол қолын
бiр сiлтедi. Сосын ағаш қасықты ала сап: — Жарықтық, жас қуырдаққа не жетсiн? Мына
баллар майын көрiп, жей алмай отқан шығар. Қуырдақ дегеннiң апшысын қуырып жемесең,
бойға сiңбейдi, — деп қасықты көсiп-көсiп алып асай бастады. Қуырдақты шайнап жатып,
малжаңдап: — Өзi... ыссы ғой, — дедi.
Әлжан шыдамай күлiп жiбердi. Тиышбек қуырдақты шаққа дегенде жұтып, көзiнен
ыршып шыға келген жасты сүртпестен:
— Сен бала, үйтпе, — дедi. Содан кейiн қуырдақты тағы да асап жатып: — Әруағыңнан
айналайын, төбесiнде бұлты бар Тоғанақ батыр қайда? Соны да кейбiр иттер көре алмайды.
Жақында бiр Жиени кiсiсi Қарақ тауына барып қайтып едi, оның орнын таба алмапты. Әй,
ақылыңа болайын, батырым-ай! Бәрiн алыстан көрiп-бiлiп отырады ғой, — деп тағы бiр
әңгiменi көңiрсiте бастады.
Нарман оның сөзiн жақтырмай:
— Әй, Тиышбек, жер болсаң, тамағыңды дұрыстап же. Ондай-пұндай сөзiңнiң маған
керегi жоқ. Атыңды Тиышбек деп қойғанда, әкең тиыш отырсын, артық сөйлемесiн деп
қойған шығар. Сол әкеңнiң тiлегiн қайт етпе, — дедi.
Мұны ести сала Тиышбек шиқылдай күлдi:
— Нареке, осы сенiң бiлмейтiнiң жоқ. Мұны қайдан естiп қойдың, а? Шынында да,
солай. Бiрақ құдай сөйле деп тiл мен жақ бергесiн, амал бар ма, осындай той-думанның гүлi
боп, шалқып кетем ғой, — деп ол тағы да еше жөнелдi. Содан ет келгенше жағы бiр
тынбады. Еше сөйлеп отырған ол Нарманның жақтырмай, қабағын шытқанын елеген де жоқ,
тек ортаға табақ толы ет келгенде барып, әңгiмесiн кiлт үзе сап, кездiгiне жармасты.
Ет жеп болғасын қонақтар ұйықтауға кiрiстi. Тиышбек те бiр жерге қисая кеттi. Таң
атқасын ол шәйдi апыл-ғұпыл iше сап:
— Қой, бұл ауылдан iшерiмiздi iштiк, жерiмiздi жедiк. Ендi қозғалмасақ болмас.
Қыдырауық Тиышбек атанғанда бiр үйге екi қонып көрген емеспiн. Басқа жерде де нәсiп бар
шығар, — деп атына мiнiп, жөнiне кеттi.
Әлжан ол кеткен бойда, әлденеге мазасызданып, ауылына қайтпақшы болды. Оған
қарсы болмай, шүйiншiге деп оның арқасына шапан жауып, жылы қоштасып, Әлжанды
аттандырып салып тұрып, Нарман:
— Қажыға дұғай-дұғай сәлемде. Қызылға жақындап қонар болса, мүмкiн, дидарласып
қалармыз. Оған дейiн қарақалпақ жағына Қалмырза барып қайтар. Сонда ауылдарыңа соғар.
Әзiрге сау-саламат болыңдар, — дедi.
Олар кеткесiн, Нарман алғаш рет намазын қаза қылмай, басын сәждаға қойды. Намаз
соңында дұға қып, бiр Аллаға ырзашылығын бiлдiрiп, бетiн сипады.