Стр. 165 - Ulisel4tom

Упрощенная HTML-версия

164
Сол күннен бастап Нарман малдың билiгiн Қалмырзаға берiп, тақуа боп, басына сәлде
салып, сақал-мұртын түзеп, күнделiктi тiршiлiктiң әңгiмесiнен қалып, о дүниесiн көп
ойлайтын кiсiнiң қалпына кiрiп те алды.
22
Көкек айы туысымен Тоғанақ батырдың тиышы кеттi. Кемпiрiнiң сөзiне құлақ аспай,
үйiн жығып, екi түйеге тиеп, шолақ көшпен Сыр бойына қарай тартып бердi. Араға үш
қонып, Шiрiк Рабатта отырған ағайындарына жақындап, Кекiрелiнiң арқа тұсына кеп
тоқтады. Сол араға қараүйiн тiгiп, жайламаққа бел буды. Мұның келгенiн естiген бес
Бозғұлдың балалары түгелiмен дүрiлдеп, бiр-бiрлеп шақырып, қонақ қылмақшы болды.
Мынадай қиын-қыстау кезеңде ел аралап жүрсем, орыс әскерiнiң көзiне түсiп қалармын деп,
батыр ешкiмнiң шақырғанына бармай қойды. Өкпелеген ағайындарына ол:
— Асықпаңдар, әлi-ақ от бастарыңда болып, дәм татам. Әзiрге мен бiр белгiсiз халде
қала тұрайын. Кейiннен бәрi бола жатады ғой, — дедi.
Оған өкпелеген кейбiреулер:
— Батырдың сескенбейтiнi де жоқ екен. Қайдағы бiреулерден үркiп, қонақ болмады
деген не сөз? Үйтетiнi бар неге орыспенен соғысқан? Онан да жайына қарап жүрмедi ме? —
деп өсектедi.
Ақылдылары:
— Батырдың айтқаны дұрыс. Жасы келiп қалған шағында сырт жерде жүру оңай ма?
Оның туып-өскен жерiн сағынып жеткен бойы осы емес пе? Азырақ мауқын бассын. Бiз де
сыртқа құлақ түрiп, аңыс аңдайық. Кiм бiледi, жаман айтпай, жақсы жоқ деген. Жау деген
жар астында. Байқайық, — деп сабыр айлап, дуылдап бара жатқан өсек-аяңды басып
тастады.
Батырдың келгенiне бiр ай толмай жатып, ауыл-үйдiң алып-қашты әңгiмесi сап
тыйылды. Аздан соң мал қоздап, абыр-сабыры шығып кеткен қазақ ауылдары оны ұмытып
та кеткендей болды. Биылғы көктем ерте туды. Қар көкек айының соңына таман түгел кетiп,
сәуiрдiң алғашқы күндерiнде күн жылып, көк шыға бастады. Жауқазындар ақшыл
сабақтарын тiктеп, бүршiк жарып, тiкейiп келе жатты. Құртқашаштар көкпеңбек тартқалы
бiраз болған. Ит жуа дегеннен аяқ алып жүргiсiз. Кекiрелiнiң терiскей жағындағы жалпақ
жазықта ши деген қаптай өсiптi. Анда-санда аспаннан тырулап тырналардың тобы өтедi.
Тоғанақ сыртқа шығып, есiк алдында отырып, өзiнiң кеудесiн бiраз жыл бойы жегiдей жеп
келген дерттiң туған жерiне деген сағынышы екенiн осы жолы анық бiлдi. Жасы жер
ортасынан ауып кекенде бала кезiнен аунап-қунап өскен мына бозаң даласынан аулақ кету
оған оңайға соқпады. Күнi-түнi осы бiр жердi түсiнде көрiп жүрдi. Iшiнен мына даланың
сусыған шеге топырағын табанымен бiр бассам, еш арманым жоқ деушi едi. Мiне, сол
мұддағасына да жеттi. Кекiрелiнiң арқа тұсында отырып, ол мына дүниядан баз кешкендей
қалып көрсеттi. Бұл келгеннен көп өтпей жатып ағайын-тумалары ел арасының әңгiмесiн
гөйiтiп:
— Ана бiреулерге есемiз кеттi. Соны iзiнен қуатын еркек те жоқ. Сiздiң айтқаныңызды
би де, хан да тыңдайды. Осы арада бiр қайрат көрсету керек-ау, — деп мұны жағалап келе
жатыр едi, батыр қабағын шытып:
— Ағайын, мен болсам, кәртейдiм. Мына дүнияның барлық iсiнен жерiнiп, иман ойлай
бастадым. Ендi маған мұндай шаруаларыңды айтпаңдар. Ел арасында әтеберлi азамат көп
емес пе? Соларға барыңдар, — деп, оларды тыйып тастаған едi.
Содан берi жақын жердегi ағайындарына шейiн бұған қатынауды қойды. Оған Тоғанақ
түк те өкiнген жоқ. Қайта құлағының тиыш болғанына қуанды. Кемпiрi бiр ретте:
— Ағайынның бетiн бiрден қайтарып тастадың ғой. Шаруасы болғасын саған айтпай,
кiмге айтады? Iстемесең де, тыңдасаң едi, — деп едi, Тоғанақ кейiп тастады:
— Тәйт, әй! Сен бұл араға қыстырылма. Жасым ұлғайғанда сақалым сапсиып мен ендi
кiмнiң дауының арасында жүрем? Керек болса өздерi қуып алсын. Немене ертең мен
өлгенде де өйiсте ме?
Әйелi жым болды. Содан қайтып ол бұл жайында әңгiме қозғаған жоқ.
Мамыр айы басталысымен-ақ дала мүлдем құлпырып кеттi. Биыл жауын-шашын көп
болып, қар қалың түсiп, далада қақ деген өте көбейiп кеттi. Қырға шыға қалсаң, айнадай
жарқырап жатқан қаққа кездесесiң. Олардың маңында қаз-үйрек бықып жүр. Түске таман
шөлдеген киiктер сол қақтарға құлайды. Тоғанақ ендi аңшылықты ермек қып, киiкке қақпан
құра бастады.
Бүгiн ол ерте тұрып, қақпанын көрiп қайтуға қырға шықты. Iргедегi Сарыбұлаққа
жақын бұл жерлерде бөтен ел жоққа тән. Ол сондықтан да көлденең келген көк аттыдан
именбей, қақпан құрып, аң атып, еркiн жүре бередi. Ол бүгiн де ештеңеден күдiк алмай,