165
ашық далаға шығып, атын сипай қамшылап, қақпан құрған жерлерiне келдi. Бұ жолы
киiктер мұның қақпан құрғанын сезгендей, қақтың басқа бiр жағынан құлапты. Оған
Тоғанақ батыр ренжiген жоқ. “Бұйырмаса, не iстейсiң?” — деп, қақпанының жарымын алып,
киiктердiң жаңадан құлаған, шұбырып тастаған жолына құрды. Сосын белiн жазып, бiрауық
тұрды. Осы кезде көгiлдiр аспанның бiр шетiнен тырулаған әлсiз дауыс естiлгендей болды.
Ол көзiн күннен көлегейлеп қараса, түскей жақтан, сонау ең биiкте садақ оғындай
үшкiлденiп, тырналар ұшып келедi екен. Өздерi туып-өскен жерiн сағынса да, қанаттарын
ақырын қағады. Құдды олар да мына даланың бiр бұрышында өздерiн күтiп тұрған қауiп-
қатер барын сезетiндей. Мұның өмiрi де сонымен ұқсас. Ана тырналардай боп бұ да өз
жерiне асығып жеттi. Алғашқыда мына бозаң топырақты аяғымен басқанына ырза боп едi,
ендi сағыныш басылғасын, соның бәрiн азырқана бастағандай қалпы бар. Қанша дегенмен
бiраз жыл жаңғыз үй боп көшiп-қонып жүрген батырдың кiсiлермен сөйлескiсi, ауыл
арасында болып жататын айт, құдажолыға барғысы келедi. Бiрақ үйтейiн десе, бiреу-
мiреудiң көзiне түсiп қалам ба деп қауiп айлайды. Не бiр жасанған жаудан қорықпаған басы
қартайған кезiнде сырт көзден жасырынғанын өзiне азар санайды. Бiрақ қолдан келер қайран
жоқ, iшiнен тынып жүр.
Ол қақпандарын құрып болғасын, үйiне қайтты. Бiр белден аса бергенiнде, өзiне қарай
төтелеп келе жатқан екi аттыны көрдi де, iшiнен: “Бұлар кiмдер екен?” — деп тоқтады. Екi
атты да мұны көрiп, асықпастан қасына келдi. Тоғанақ оларды танымады. Бiр қағылездеу
жiгiт сәлем берiп, бұған қос қолын ұсынды. Оның қасындағысы да сүйттi. Сол кезде барып
батыр мыналардың Жәнiбек ауылының адамдары екенiн, мына сарының Әлжан екенiн
аңғарды.
Әлжан бұған қарап тұрып:
— Бiз де көшiп келдiк. Басқа жақта тұра алатын жайымыз жоқ, — дедi.
— Қажы да келдi ме? — дедi Тоғанақ онан жөн сұрап.
— Келгенде қандай. Сол ғой бiздiң бәрiмiздi көшiрiп әкелген.
— Түгел келдiңдер ме?
— Жоға. Жарымыз сояқта қалды. Бiз жеңiлдеп көшiп келдiк. Мына жақтың сыбысын
жақын кеп тыңдайық дестiк, — дедi Әлжан үлкен кiсiше сөйлеп.
— Е, дұрыс екен. Бiздiң үй де осы арадан қашық емес. Жүрiңдер.
— Алдыраз болсын. Ауылға жетiп алсақ деп келемiз. Жәнiбек ағам сiздi көрiп
қайтыңдар деп жiберiп едi. Мiне, көрдiк. Ендi қайтамыз.
— Немене менi көрiп, көрiмдiк бересiңдер ме? — деп Тоғанақ райлана күлдi.
— Неге? Жәй әшейiн, — дедi Әлжан құлағына дейiн қызарып. — Жәнiбек ағам
жұмсағасын, жүре бердiк. Үйге барып, сiздiң мазаңызды алып, не iстеймiз? Осы көргенiмiз
де жетпей ме?
— Жарайды онда. Жолдарың болсын, — деп Тоғанақ атының басын бұра бердi.
Ауылына келгесiн ол малын жайғап, төлдеген қойларын бiр жаққа қамап, сыртта бiраз
жүрдi. Сосын барып үйге кiрдi. Әйелi құйып берген қою шәйдi асықпай iшiп отырып, анда
санда-сақалын сипап қойып, арғы-бергi жағдайлар жөнiнде ойлады. Сөз жоқ, мұның
келгенiн орыс ұлығы бiлмейдi. Батырдың Сыр-Қуаңға жақындағанын оған кiм айта қояр
дейсiң? Үйтетiндей бөтен адам осы арадан өте қойған жоқ. Арнайы келiп-кетiп жатқан кiсi
және жоқ. Сонда мұның осы арада екенi жөнiнде ұлыққа кiм хабар бередi? Байқауынша,
ешкiм де. Соны кеуiлiне медеу тұтқан Тоғанақ соңғы кездерi мүлдем жайбарақат жүр. Мiне,
тағы да жайбарақат отыр.
Сиыр сәскеге таман мұның үйiне Сәндiбек келдi. Бұл iнiсi өзiне тартқан iрi, иықты едi.
Қайраты да бар. Бiрақ алдында батырлық құрып бұл жүргесiн, қашаннан аға алдына
түспейтiн жорамен, ол жаугершiлiкте онша көзге түсе бермейтiн. Тек соңғы кездерi бұл
оның қайрат көрсететiн уақытым болып қалды-ау деген ниетi барлығын байқап қалып
жүрген едi. Өзi анада Қарақ тауына қарай ауғанда, ол ел жақта қалып қойған-ды. Оның
мұның хабарын естiп, келiп отырған бетi осы. Тоғанақ iнiсiмен жылы ұшырай амандасты.
Бiр малын сойып, қонақасы бердi. Тамақ үстiнде Сәндiбек бұған қарап, бiрдеңе дегiсi
келгенiн байқатты. Бiрақ бата алмады. Соны сезе қойған Тоғанақ оның бетiне күле қарап:
— Сен немене он сегiздегi қыздай боп сызыла қалдың? Қысылмай, шаруаңды айта бер,
— дедi.
Сәндiбек iркiле түстi:
— Аға... шаруа болғанда... өзi...
— О не сонда?
— Аға, ана... Қостаңбалы Табын Байқадамды бiлесiң ғой, сол ана iнiсi Бұхарбаймен
қырбай екен. Ол ана жылы... қырғызға барған сапарларында олжаға түскен қызды сұраса,
Бұхарбай бермей қойыпды. Соны бұл кек тұтыпты. Оның үстiне оған iнiсiнiң тiлi тиген бе
қалай, ол арасын онша бiлмейiм. Сөздiң қысқасы, соның бәрiн айтып, iнiмнен кеткен есемдi