Стр. 169 - Ulisel4tom

Упрощенная HTML-версия

168
— Бiр қырғын басталғалы тұр! Бұдан соң не бас кетедi, не ас кетедi.
— Айтпа, сол болады да қояды.
— Қой, тарттық!
Олар Қырға қарай кете барды.
* * *
Биын мамыр айында жер көктеп, Сырдың бойы құлпырып сала берген болатын. Оның
үстiне көктемге қарай қыс бойы сiресiп жатқан қалың мұздың көбесi сөгiлiп, құбыладан
қызыл жел соғысымен пырым-пырымы шығып ғыла бастаған кезде, дария қатты тасыған
едi. Содан Аламесекке жетер-жетпес жердегi кең алқапты арнасынан шiрей тасып шыққан
қызыл су басып салған-ды. Сырдың сеңi Аралға қарай ағып кеткенде барып, әлгi қызыл су
керi қайтқан. Ойдым-ойдым боп бөлiнiп қалған сулардағы балықты осы жердiң тұрғылықты
дихандары шанышқыларын, сүзекiлерiн алып, қырып сап, бiр қарық боп қалған-ды. Су керi
қайтқасын, ығалға әбден белшесiнен келген көлтабанда ертеңiне қалың қамыс қаулап өсiп
берсiн. Одан басқа да неше түрлi шөптен көз тұнады.
Жазғасалым Бұхарбайдың ауылдары осы көктi мәп көрiп, бiраз отырып қалған едi.
Ақыры олар маса-сонасы көп Сыр бойынан салқындау Қырға аударыла көшiп барғанды хош
көрген. Сол оймен Табындар көшемiз деп бiр-бiрлерiне хабар берiп, көшi-қонның ретiн
белгiлескен-дi. Бұрынғы салт бойынша, алдымен жасы үлкендердiң ауылдары тырнадай
тiзiле көшiп отырады. Соңынан рет-ретiмен жасы кiшiлер көшедi. Бұхарбайдың ауылы
Байқадамның ауылымен өкшелесе көшiп отыратын боп белгiлендi.
Мамыр айының бас кезiнде олар бiр күнi сыпырыла көштi. Қызыл-жасыл киiнген қыз-
келiншектер аттарына мiнiп, сыңқ-сыңқ күлiсiп, бiр бөлек келе жатыр. Тай мiнген жас
балалардың қуанышында шек жоқ. Олар бiр-бiрiмен жарысып, мүше алып қашысып, Қырға
қарай беттеген көштiң сән-салтанатын келтiрдi де жiбердi.
Бұхарбай бастаған топ көштiң алдыңғы жағында бiр бөлек жүрiп отырды. Олар iлгерi
қарай шолғыншы жiберiп, кiмнiң көшi қай жерде бара жатқанын, қай жерде ерулеп қонып
отырғанын алдын ала бiлiп келедi. Оның үстiне бұл өзi Қырғыз Алатауынан келгелi бермен
Байқадам ағасының өзiне кек түйiп жүргенiн сезетiн. Шынар сұлудың қабағына қарап, оның
iшiнде болып жатқан әлдеқандай бiр дүдәмәлдың барлығын аңдайтын. Осы жолы Шынар
шыдамады. Оңаша қалған бiр кезiнде көзiнiң жасын сығып:
— Мына қайнағам маған азар берiп жүр. Iзiмнен қалмайды. Менi елiме апарып таста,
— деген.
— Ау, неге? — дей берiп, батыр ойланып қалған. Сосын iшiнен мына бiр шиеленiсе
берген түйiннiң тарқатылар тұсы жақындап қалғанын аңғарып, Шынарға ештеңе демей,
орнынан тұрып жүре берген едi.
Содан берi Бұхарбай әлдеқандай бiр күдiктен арыла алмай қойды. Мына көші-қонның
кезiнде сақ болмаса қиын. Сол себептi ол өзiне қараған жiгiттердi қаруландырып, оларды
Шынардың жанында қалдырып, өзi ұбақ-шұбақ боп тiркесiп келе жатқан көштiң алдына
түсiп ап, оң-солды байқап келе жатқан едi.
Бұлар Қырға қарай аяқ салғасын, көп ұзамай-ақ боз бұйратты дала басталды. Мына оң
жақта Ұлытау сiлемi жатыр. Iлгерi жақтағы Торғай өңiрiне дендеп енген сайын, даланың
ажары өзгерiп сала бередi. Ол аралар әбден малға жай. Құда қаласа, бұлар көшiп-қонып
отырып, қоңыр күзге таман со жақтан бәрi қарай көшедi. Оған дейiн алты ай жазда қымыз
iшiп, ет жеп, бiр тынығады. Бұхарбай осындай ой үстiнде келе жатып, алдыңғы жақтағы
шолғыншының керi қарай салғанын аңғармай да қалған едi. Ол жiгiт жеткен бойда, демiн
ала алмай, ентiгiп тұрып:
— Ана сәйкеде, Бәкеннiң ауылы ерулеп жатыр, — дедi.
— Е, неге? — дедi Бұхарбай таңғалып.
— Бiлмедiм.
— Мұнысы несi екен? Олар бүгiн бұл араға тоқтамаушы едi ғой... — Бұхарбай
добалдай қолымен шекесiн қасыды. — Бұл ағамыздың да шығармайтын пәлесi жоқ. Сонда...
бұ қалай болды өзi?
— Көш жүре берсiн бе, әлде тоқтатайын ба? — дедi батырдың қасында тұрған бiр жiгiт.
— Тоқтата тұр, — дедi Бұхарбай сол арада әр тарапқа ойы шауып тұрып.
Көш iркiлдi. Аздан кейiн жорғасын тайпалтып, басына киген кимешегiнiң етегi
желбiреп, өзiн аса сұлуландырып жiберген, екi көзi танадай жарқыраған, бетi аршыған
жұмыртқадай әппақ Шынар сұлу келдi. Бұхарбай әйелiне көз салмай, iлгерi қарап тұра бердi.
Шынар бұған жақындағасын, жiгiттермен сыпайы амандасты да:
— Батырекесi, менiң бiр кеңесiмдi тыңдашы, — дедi.
— О қандай кеңес? — дедi Бұхарбай жақтырмай.
— Оны... былай шығайық, — деп Шынар ендi атының басын бұрып, бөлек шыға бердi.