17
— Е, тамақ қылғанда қандай, — деп Байқадам кеңкiлдеп күлдi. — Қауынның не бiр
түрi бар. Мезгiлiнде жесең, ол деген қазы-қартаңнан iж кем емес.
— Апырмай, ә?
— Сенбесең, кәзiр көрсетейiн. — Байқадам сыртқа қарап айқайлады. — Әй, қайсың
барсыңдар! Қонаққа қауын әкелiңдер!
Аздан кейiн екi бозбала iшке кiрiп, әбден пiскен қауындарды әкеле бастады. Анау-
мынау баланың құшағы жете бермейтiн әйдiк күләбiнi ортаға қойып, пышақты салып
қалғанда, оның пiскендiгi соншалық, өзiнен-өзi дар етiп айрылды. Үйдiң iшiн әдемi бiр иiс
алып кеттi. Бозбала қауынды жарып, тiздеп боп, ортаға қарай ысырды. Байқадам оларға
қарап:
— Кәнеки, алыңдар, — дедi.
Төлеу қауынды қалай жеудiң ретiн бiлмей, Байқадамға жалтақтап қойып:
— Иә, бiссiмiллә, — деп күректей қолын созып, қауынның бiр кесегiн алып, аузына
салды. Тәттi қауын бiрден тамағында ерiп жүре бердi. Ол сақалына тамған шiренi аңғармай:
— Өй, мынауың... өзi тәп-тәттi ғой! Өзi пейiштiң дәмi сияқты ғой, — деп қайтадан бiреуiн
алып жедi. Сосын үшiншiсiне қол созды.
Соны көрген басқа жiгiттер ды қауқылдасып жатыр:
— Шынында да шырын екен!
— Өзi былбырап тұр!
— Бұл өзi... қайда өседi?
— Әлi көрмегенiмiз көп екен !
Өмiрi қауын-қарбыз көрмеген Қыр Шектiлерi жабыла мақтап, дем арасында қауынды
ап-сап қылды. Мақтанып кеткен Байқадам тағы да бес-алты қауын алдырды. Оларды жарып
жеп, тойғаннан кейiн, Төлеу бiр кекiрiп:
— Уһ, жаным-ай, мынадан кейiн шынында да қазы-қартаңның керегi де жоқ-ау дейiм,
— дедi.
— Жаңа мен айтпадым ба, шынында да, солай, — дедi Байқадам көтерiле түсiп. - Ал
мұнан басқа асқабақ дегенiмiз жәнә бар. Оны суға қайнатып ап жесең, дүнияның шырыны.
Ол тұрғанда, ана жал-жаяға қарамайсың да.
— Апырмай, ә?!
— Ойбай, оның iж айтары жоқ, — деп, Байқадам ендi қауын-қарбызды аяғын жер-көкке
тигiзбей тасырта мақтай жөнелдi.
Төлеу үнсiз отырып, өзiнiң осы келген сапарының жағдаятын бiр ойлап қойды. Биыл
Сыр бойындағы қайын жұртына келем деген ойы жоқ едi. Бұл аяқ астында жолға шығып
кеттi. Оған себеп болған Ырғыз жағындағы Шобдар Алматтың ақ патшаның жағына
шыққаны едi. Бұл онымен баяғыдан қырбай. Әсiресе, ана жылы Алмат сардардың
Жәнiбекпен бiрге кеп, мұның белiн сындырғанына iштей кек түйген болатын. Төлеу содан
берi одан қалай өш алудың ретiн таппай жүрген едi. Ендi оның орыс жағына шыққанын
айыптап, өзiне қараған Шектiлердiң бiраз кiсiсiне шабармандарын жiберiп, Алматтың аулын
шапсақ кәйтедi деген-дi. Бiрақ олар мұның ұсынысына бiрден құлап кете қоймай: “Аңыс
аңдайық. Ертең ақ патшаның әскерi кеп... пәле болар”, — деген-дi. Соған ызаланған Төлеу
Сыр бойына асып, қайын жұртына сәлем берiп келгендi сылтаулатып, мына Байқадамның
iшкi пиғылын бiлiп қайтпақшы болған едi. Ендi сол ойына түсiп, Төлеу қозғалақтап қойды:
— Бәке, осы сiздердiң бiр бүйiрлерiңiзе жандарал кеп жатыр деген не сөз?
Байқадам қабағын шытып:
— Ол рас. Кәзiр сол жандаралмен ана iнiмiз жақсы боп, ауыз жаласып жүр, — деп
жақтырмай қалды.
— Е, неге?
— Оны кiм бiлiптi? — Байқадам бұған бiр қарап қойды. — Бiр ұрғашының шылауынан
шыға алмай жүрген еркектi еркек деуге бола ма? Ат пен қатынға кiм мiнiп, кiм түспеген?
Қазекем астыңдағы атыңа сенбе, қойныңдағы қатыныңа сенбе деп бекер айтпаған шығар?
— Тұп-туры, — дедi Төлеу өз қатыны ойнас жасап жүргендей әлденеге елiге түсiп.
— Сол... iнiмiз ана қырғыз қатынның айтқанынан шыға алмай жүр. Өзi бiзден iргесiн
аулақ салып, мына жақтағы бiр көлдiң жағасында жеке ауыл боп отыр. Өзiнiң баяғы сәлемi
түзу кезiнде, анда-санда болса да, жасы үлкен ағасына кеп сәлем беретiнi де бар едi, кәзiр
одан да тыйылды. Бұ да бiр құданың әлемәты болар.
— Ойбай, Бәке, сiздiң басыңыздағы жағдай бiздiң басымызда да да бар. Баяғыда, өзiңіз
бiлесiз, намысыма тигесiн, ана Көнек Малдыбайдың ауылын шауып, қызын жайдақ нарға
мiнгiзiп, алып кетiп едiм ғой...
— Иә, ол жайында естiгем.
— Сонда ана Алмат ара түсiп, абырайымды айрандай төктi. Ол аздай-ақ ол менiң
сыртымнан неше терлi сөз айтатын көрiнедi, — деп Төлеу сол арада бетi шімiрiкпестен бiр
өтiрiктi қосып кеп жiбердi.