170
Олар түйелердi шөгерiп, жүктердi түсiрiп, бiр-екi қанат шатпа тiгем дегенше бiраз
уақыт өттi. Қатындар кетпендерiн алып, жерошақ қазып, тамақ пiсiрiп, мәре-сәре боп жатыр.
Олар түннiң бiр уағында тамақ iшiп, отырған жерлерiнде қисая-қисая кетiстi. Байқадам
шешiнбестен ерiн басына жастанып, жата кеткен едi. Көзi бiрден iлiнiп кеткен екен. Шым-
шытырық түс көрдi. Бiр уақытта ұран салған әлдеқандай дүбiрден шошып оянып кеттi.
Басын көтерiп қараса, айнала тастай қараңғы. Қырдан берi қарай жүз қаралы жiгiт “Дөйт!”
— деп ұран тастап құйғып келедi! Байқадамның иманы ұшып кеттi. Орнынан атып түрегеле
сала, бар даусымен барқырап:
— Жау шапты! Жау шапты! — деп айқайлады.
Өзi қолына сойылын ұстап алып, ұзын бойы ерең-серең етiп, атына қарай жүгiрдi. Сол
арада байлаулы тұрған аттарға қарай Төлеу батыр мен Ақсақал ентiге жүгiрiп бара жатыр
едi. Олар аттарына жетiп, пышағымен шiдерлерiн қиып-қиып жiбердi де, үстерiне қарғып-
қарғып мiндi. Сосын олар мұның атын жетектеп, берi қарай беттей берiп едi, сол арада
айғай-сүрен салып, селдей қаптап келiп қалған дұшпан екi араға сынаша кiрiп үлгердi.
Сәлден соң ұрыс басталды да кеттi. Дем арасында сартылдаған сойылдар, боқтасқан
дауыстар айналаны у-шуға толтырып жiбердi. Осы кезде Байқадам не iстерiн бiлмей, қара
жаяу қалпы ақырып, iлгерi қарай жүгiрдi. Ол тез арада екi-үш жiгiттi ат үстiнен ұрып
құлатты. Сосын бiреуiнiң атына мiне сап, ызы-қиқу боп жатқан жерге қарай ұмтылды.
Дызығып жүрiп, баласы Ақсақал қыспақта қалып қойды-ау, деп ойлады. Содан келе айқасқа
араласа кеттi. Бұл топты жарып жетсе, қоршауда қалған Ақсақал ұзын қайың сойылын
оңды-солды сiлтеп, қасына ешкiмдi жолатпай қорғанып тұр екен. Бұл жеткен бойда:
— Кейiн! Кейiн! — дедi.
Ақсақал түсiнiп, атын тебiнiп қап, керi қарай атқыды. Байқадам ендi әруақ шақырып,
жау боп шапқан жiгiттермен өзi айқаса кеттi. Олар да аянып жатқан жоқ. Сол арада Төлеу
батыр бастаған Табындардың басқа да жiгiттерi де келiп қалды. Шын қырғын ендi басталды.
Сойылдан талай жiгiт жараланып, ойбайлап, бажылдап, жерге ұшып түсiп жатыр. Бiрде
Байқадам ортадағы бiр денелi, тұлғалы бiр кiсiнi байқап қалды. Оның қимылы басқалардан
бөлек. Бұл iшiнен: “Бұ кiм болды екен?! — деп тез-тез ойлап қойып, соған қарай ұмтылды.
Оған жете берiп, сыртынан қара құстың тұсы деп бiр салып қалып едi, сойылы тайып барып
тидi. Сол кезде қатты бiрдеме тиген өзiнiң көз алды қарауытып кеттi. Лезде айналасын қара
тұман басып, көз ұшында бiр от жылт-жылт етiп тұрды да, ақырын-ақырын сөне бердi.
Байқадам аузынан қан атып, екi қолы ербеңдеп, ат үстiнен құлап бара жатқанын аңдамады.
Бұған көмекке келiп үлгерген екiншi жiгiт жаңағы iрi денелi кiсiнi ұрып құлатты.
Артынша өзi де сойылға жығылды.
Аздан кейiн таң қараңғылығы орнады. Айқасып жатқандар бiр-бiрiн ендi көре алмай,
сойылдарын шамамен сiлтей бердi. Аздан кейiн қырғын шайқас ортасынан бiр кiсi ұран
салып:
— Дөйт! Дөйт! Тарттық! — деп шыға бердi.
Ұрысып жатқан жаудың жiгiттерi ендi асып-сасып, әлгiнiң iзiнен тартты. Соны көрсе
де, бұ кезде қатары селдiреп қалған Табын жiгiттерi қашып бара жатқандарды iндетiп қуа
алмады. Осы кезде таяқ жеген Төлеу батыр оларды iзiнен қуа түстi де, әлденеге iркiлiп,
жiгiттерiне қарап:
— Қумаңдар! Мына iз аман болса, ертең-ақ жердiң жарығына кiрiп кетсе де тауып алып
шабамыз, — дедi.
Табындар шу ете қалды:
— Сол дұрыс!
— Қараңғыда бiр пәлеге ұрынып қалып жүрермiз.
— Босқа арандамайық!
Осы кезде сыз берiп таң да атып келе жатқан едi. Жау кеткесiн, Төлеу мен Ақсақал
майдан болған жердi шола бастады. Бiр арада сұлап жатқан Байқадамды көрiп, демде түсi
қуарып кеткен Ақсақал атынан қарғып түсiп, жүгiрiп барып қарап едi, әкесi әлдеқашан
жүрiп кеткен екен. Сол екен, Ақсақал ызалана жылап жiбердi. Осы кезде бұлардың қасына
әйелдер де жүгiрiп келiп жеттi. Олар әп-сәтте өлген байларын жоқтап, шаштарын жұлып,
айналаны ызы қиқу қылып жiбердi.
Таң атты. Ауылдың кәрi кiсiлерi өлiктердi қарап жүрiп, бұлардың кiмдердiң қолы
екенiн бiлдi. Бiр жерде Сәндiбек сұлап жатыр екен. Бiр шал оның қасына кеп:
— Мынау Сәндiбек қой, — дедi.
— Қойшы? — дедi Ақсақал таңғалып.
— Рас, соның нақ өзi. — Шал тағы да анықтап қарады. — Жоқ, соның нақ өзi!
— Апырмай, мұндай да болады екен-ау, — деп Ақсақал жағасын ұстады. — Сонда
олардың мұнысы несi? Бiздiң Шөмекейде жауымыз жоқ едi ғой?
— Шынында да солай. Осы... өзi арандату боп жүрмесiн? — деп бiр кiсi күдiк келтiрдi.
— Қайдағы? — дедi сол арада Төлеу батыр қыстырылып.