172
— Не бiрақ? — Ақсақал бұған алара қарады.
— Ел-жұрт бар дегендей. Ертең мұныңа олар қалай қарайды? Әуелi ағайынның
талқысына салған жөн емес пе?
— Оның маған түкке де керегi жоқ. Кәзiр дау қуып жататын уақыт емес. Барам да,
бәрiн шауып алам.
— Е, онда дұрыс екен. Ата кегiн қуатын ұл табылса, оның iж сөкеттiгi жоқ, — деп,
Шатай ендi аз-кем үнсiз қалды.
Бұл келгенде Табындар қайтыс болған Байқадамды ақ жуып, арулап қойып, жетiсiн
берiп үлгерген де екен. Олар мерт болған Әлiм жiгiттерiн бөлек қойыпты. Мынадай
шайқастан кейiн өлiктерiн алып қайтуға Әлiм жағынан батып ешкiм де келе қоймапты.
Табындардың үлкен кiсiлерi: “Ау, мұсылман емеспiз бе? Бұлар қанша жау дегенмен
адамның баласы ғой. Мына мүрделердi қорламайық, ақ жуып қояйық”, — деп, бәрiн де
жерлептi. Сосын үлкендерi тұрып: “Әлiм, Шөмен деген қатар жатқан ел едi. Ойламаған
жерде мынадай бiр қолайсыз жағдай боп қалды. Бiрден қол жиғанша, әуелi құныкерiмiздi
тауып бер деп биге жүгiнсек кәйтедi?” — десе, Ақсақал мен Төлеу көнбей қойыпты. Сосын
шалдар iштерiнен тынып, өзiң бiл дегендей сыңай көрсетiптi. Сол үстiне келген Шатай ендi
мына жiгiттiң алған бетiнен қайтпасын бiлiп:
— Сенiкi де дұрыс. Бiрақ соның арт жағы қалай болады, а? Жарайды, олардың бiр
ауылын шаптың дейiк. Ау, оның артында ана Тоғанақ тұрған жоқ па? Ол деген сен түгел,
кеше ақ патшаңнан да қорықпай соғыс ашқан батыр емес пе? Сен сояғын ойлап көрдiң бе?
— дедi.
Ақсақал кiжiнiп:
— Ерегiссем, сол Тоғанақтың тап өзiн өлтiрем, — дедi.
— Иә, сен сүйтесiң, — дедi Шатай қоштағаны да, кекеткенi де белгiсiз.
— Не, не?
— Сол қолыңнан келедi дейiм.
— Ә, — дедi де, ол үнсiз қалды.
Шатай ендi орнынан түрегеп, сыртқа шықпақшы бола берiп едi, үйге бiр жiгiт аптыға
кiрiп кеп:
— Аға, Бұхарбай келiп түсiп жатыр, — дедi.
— А-а? — дедi де, Ақсақалдың түсi бұзылып кеттi. Әкесi мен осы батырдың
арасындағы өкпе барын бiлетiн болса керек, оны ұнатпай қалғаны бiрден байқалды.
Шатай ендi неде болса осының аяғын көрiп кетейiн деген оймен, қайтадан орнында
отыра бердi.
Iшке сәлем берiп iрi денелi, иықты, Бұхарбай батыр келiп кiрдi. Ол керегенiң басына
қамшысын iле сап, төрге озды. Отырып боп, Ақсақалға қарап, қарлыққан дауыспен:
— Ал, iнiм, қаза қайырлы болсын. Қалған жасын сендерге берсiн, — деп кеуiлқос
айтты.
Ақсақал ернiн жыбырлатты да қойды. Төлеу сазарған қалпын бұзбады. Оң жақта
отырған бәйбiше сол арада аңырап жылап, маңдайын төбелеп, жоқтай жөнелдi. Оны үнсiз
тыңдап отырып, Бұхарбайдың ақ сұр жүзi аздап сұрғылт тартқандай болды.
Бәйбiше жоқтап кеп, байы мен мұның арасына от салған әлдеқандай сайқал туралы
айтып өттi. Мынаның бәрi соның кесiрiнен болды деп бiр ауық қақылдады.
Соны естiп, түрi бұзылып кеткен Бұхарбайдың оң жақ шықшыты бүлк-бүлк ете қалды.
Бәйбiше ендi өршеленiп, тату-тәттi отырған екi ауылдың арасына әзәзiл боп кiрген
Шынар сайқал, байымды жұтқан қырғыздан келген ұрғашы деп ашық айтып, соны
Бұхарбайдың бетiне салық қып, ойбайын сала аңырап, бiраз отырды.
Бұхарбай сол арада шыдамай, бәйбiшеге сұрлана қарап едi, оның сұсты түрiн көре сап,
тырнағымен екi бетiн айғыздап тастаған бәйбiше кiлт басылды.
Батыр оған қарап бiрдеңе дегiсi келгендей, аузын аша бердi де, артынша үндемедi.
Содан соң ақырын дауыспен:
— Ау, жеңiше, бәрiн ашу үстiнде айтып отқан шығарсың. Пәндәнiң кiнәсiн пәндәға
артам, бiр-бiрiнен көргiзем деп Аллатағалам айтыпты дейдi ғой. Араға от түсiрген ұрғашы
болмас. Адамның өз пиғылы шығар. Жаманшылық ойласа, кiм-кiм де өз пиғылынан
тартады. Қаза үстiнде оның несiн айтып отсың? Одан да қалған жерде мына балаңның
азамат болып кету жағын ойламайсың ба? — дедi.
Сол екен, ашуға тығылып отырған бәйбiше бiр-ақ жарылды:
— Ойбай, қу шұнақ құдай! Байымды жұтқанымен тұрмай, ендi маған ақыл айтады кеп!
Ендi не дейiн? Ондай ақылыңды басыңа майлап жақ! Еркек болсаң, ана к... қышыған
ұрғашыңа еге болып ал! О несi маған түге!
— Өй, сен де бiр..., — деп Бұхарбай түңiле сөйледi. Сосын Ақсақалға қарады: — Iнiм,
ел шаппас бұрын алдымен кiмнiң кiнәлi екенiн текшерiп ал. Сосын барып атқа қон!
Үйтпесең ертең ұятқа қаласың.