Стр. 174 - Ulisel4tom

Упрощенная HTML-версия

173
Ақсақал үндемей, қырын қарап, жүзiн төмен салып отыра бердi. Бұхарбай оның көнбес
түрiн бiлгендей, кенет орнынан тұрды да жүре бердi. Ол шығып кеткесiн үй iшi тып-тиыш
бола қалды. Ақсақалдың жиi-жиi дем алғаны естiлiп тұрды.
Сол тиыштықты Шатай бұзды:
— Ал, бәйбiше, ендi қуанышқа жиналайық. Болар iске бекем бол деген. Артының
қайырын берсiн. — Ол буын-буыны күтiрлеп, орнынан тұра бердi.
Шатаймен бiрге сыртқа Ақсақал iлесе шықты. Бұл атына мiнiп жатқанда, ол:
— Елекең, қалай? Бұ жайынан хабардар ма? — дедi.
— Естiген.
— Сонда ол не дейдi?
— Ояғын ашып айта қойған жоқ, — дедi Шатай ер үстiнде дұрысталып отырып жатып.
— Ол деген... iшiн жұртқа көп аша бермейтiн кiсi ғой.
— Сонда да...
— Қайдан бiлейiн. Байқауымша, сенiң бұл талабыңды қолдайтын сияқты. — Ол сәл
күлiмсiредi. — Аттанам дегенге... әлi бiраз бар емес пе? Хабарлас боп тұрармыз.
— Мақұл.
Шатай онымен қоштаспай, атының басын бұрып жүре бердi. Қаралы ауылдан ұзап
шыққаннан кейiн, ол арғы-бергi жағдайды iштей ойластырып көрдi. Мұның байқауынша,
Ақсақал осы пәтiмен ел iшiн тағы да бүлдiредi. Содан кейiн екi жақ та атқа қонып, бiр-
бiрлерiнiң айтқандарына көнбей, бiраз уақыт бойы ел шауып, әуреге түседi. Соны ойлап
келе жатып, Шатай: “Нағылса, о қылсын. Менiң онда шаруам қанша?” — деп қолын бiр
сiлтедi.
Ертеңiне ол төре ауылына кеп, көрген-бiлгенiн бiрiн де қалдырмай айтып шықты.
Елмырза мұны тыңдап отырып, басын шайқады:
— Бетi қатты дейсiң бе? Сонда бұлар Бұхарбаймен әбден кетiскен бе?
— Кетiскенде тiптен жаман. Менiң көзiмше бәйбiшенiң айтпағаны жоқ. Сайқал дедi,
сiптiр дедi, — деп Шатай құлпырта түстi.
— Апырмай, ә, — деп Елмырза сылқылдап күлдi.
Оның күлгенiне қарап, Шатай қашаннан өсiрте, жанына қосып айтатын дағдысына
басып:
— Құрсын, құрсын! Көрiнгеннен қалмаған жәлептi алып, сен де еркекпiн деп
қодырайып отсың дедi. Ойбай, адам төзгiсiз сөздердi ағытты кеп! — дедi.
— Онысы қызық екен!
— Ойбай, қатырды!
— Сонымен, — деп Елмырза даусын созып, азырақ iркiлiп отырып қалды. — Ақсақал
ел шабатын болды. Оның арты сонда неге апарып соғар екен а?
— Оның бiзге не керегi бар? Шапса, Табындар шабады.
— Иә, — дедi де, Елмырза сөзден тыйылды.
Оны көрiп Шатай үндеген жоқ.
* * *
Сол күнi Елмырза оңаша қап, арғы-бергiге көз жүгiртiп көрдi. Байқауынша, Ақсақал,
сөз жоқ, кегiн Тоғанақтың өзiнен алам дейдi. Бiрақ ол соны ала ала ма? Әй, қайдам? Оның
үстiне Ақсақал Тоғанақ батырдың қазiр қайда отырғанын да бiлмейдi. Бұл жақында ғана
мына Шатайды Қазалыға жiберген-дi. Шатай олардың әлi де ештеңе өндiрмегенiн айтып
келдi. Соған ашуланған Елмырза мұны қайтадан жiберiп, қатты-қатты сөздер айтқан-ды.
Содан қорыққан Жиенилер бұған: “Төре асықпасын, жақын арада бәрiн де бiлiп беремiз.
Хабар өзiмiзден болады”, — деген. Мұның ендi соны күтiп отырған жайы бар. Оның үстiне
жаңадан келген жандарал анада мұны шақырып ап, оңашалап, Тоғанақ батыр жайлы көп
сұраған. Оның халық iшiнде беделдi екенiн бiлетiн бұл со жолы батырды жамандап-ақ
бақты. Iшiнен батырдың ата-абырайын қызғанатын төре әккiлiгiне басып, қарсы сұрақ қоя
отырып, жандаралдың өз бетiмен батырды өлтiруге әрекет жасамайтынын сонда-ақ
аңғарған. Оның есебi — өзiңдi өзiңе қарсы айдап салып қойып, бiр-бiрiңдi құрту. Соған
мұны қолшоқпар қылмақшы. Ол iске аса қалса, мұның алдында даңғыл жол ашылады.
Мұның аты ақ патшаға дейiн белгiлi болады.
Осыны ойлап отырғанда, iшке Шатай кiрдi:
— Елеке, Қазалыдан кiсi кеп тұр.
— А-а? Онда... кiрсiн де.
Iшке екi жағына қарай аудаңдап жүретiн, сопақ бас, қысық көз, тапал бiреу кеп кiрдi.
Түрi қаралау сықылды. Өзi орынды-орынсыз ыржақтай бередi. Әсiресе, көзiн қыса түсiп,
күле сөйлегенде мынаның барып тұрған сатқын, арам, айлакер екенiн бұл аңдай қойды.
Соны оның бетiне тура қарап: