174
— Иә, құлағым сенде. Айта бер, — дедi.
Ол ыржың етiп, көзiн жұма түсiп:
— Сұлтан, тапсырмаңызды орындадық. Тоғанақтың кәзiр қайда отырғанын бiлдiк, —
дедi.
— Е, қайда екен? — дедi бұл кеуiлденiп.
— Мына Кекiрелiнiң бергi жағына жақындап кеп отыр. — Ол тағы да ыржаң ете түсiп.
“Мынаның есi сау ма?” — деген Елмырза оған сынай қарап аз-кем тұрды да, кенет:
— Осы сенiң атың кiм, а? — деп сұрады.
— Атым ба? Атым — Қожболат.
— Ана түрiкмендер шапқан Шынболаттың бiрдемесi емессiң бе?
— Жоға. Оған iж қатынасым жоқ.
— Е, дегендей. Мына хабарың жақсы екен. Бiздiкi батырды орыстың ұлығымен
татуластыру ғой. Сол үшiн сұрастырып жүрмiн. Жақын арада оған елшiлiкке кiсi жiберемiз,
— дедi Ермыза жорта өтiрiк сөйлеп. Iшiнен: “Кiм бiледi? Мына шiрiк ертең бүткiл елге
жайып жүрер”, — деп кәуiп айлап қойды.
Қожболаттың жүзi солғын тартты. Ол азырақ мұрнынан сөйлеп:
— Ау, оны... былай... нағылады деп едi ғой? — дедi.
— Нағылғаны қалай?
— Былай... көзiн жоқ қылады деп... — Ол ыржаң еттi.
— Ояғын бiлмейiм. — Елмырза тiксiнiп қалды. Түсiн суытып: — Уәде Алланың аты
деген. Сый-сыяпатың дайын. Жол көрсетiп, батырды тауып бергеннен кейiн аласың. Жарай
ма?
— Жарайды — деп ол тағы да ыржаң ете қалды.
Елмырза оған тұрып, iшiнен: “Ақымақ!” — дедi.
Ертеңiне ол жүзге жуық қолмен Қызылды араламақшы боп атқа қонды. Жансыз
Қожболатты жолбасшы еттi. Өзi Ақсақал мен Төлеуге: “Бар жiгiтiмен Қорсқорғанның
тұсында кездесетiн болсын. Тоғанақтың отырған орнын бiлетiн кiсi бар. Соны алдына салып
отырып барсын”, — деп хабар айтып, Шатайды жiбердi. Шатай кеткесiн өзi асықпай, жүз
жiгiтiн бастап Қосқорғанға беттедi. Арада екi қонып, Қосқорғанның батыс жағындағы
атақты Қорқыт бабаның бейтiнiң қасында шатыр тiккiзiп, екi күн жатты. Үшiншi күнi
дегенде күншығыс жақтан шұбалған шаң шықты. Елмырза оның Ақсақалдың қолы екенiн
бiле қойды. Содан соң түс әлетiнде ол Ақсақалмен өз шатырында жайбарақат сөйлесiп
отырды. Төре Ақсақалдың әбден қату екенiн бiрден көрдi. Ендi оны қайраудың түкке де
қажетi жоқтығын бiлiп, әңгiменiң бетiн басқаға аударып, мына әңгүдiк жiгiттi Бұхарбайға
қарсы айдап салмақ боп, онан-мұнан сөз қозғады:
— Бала, осы... — Елмырза күлдi. — Ана Шынар дейтiн жеңгеңдi асқан сұлу дейдi, ә?
— Әй, сұлулығын с...! Сұлуынан жылуы деп тегiн айтпаған. Бәрi сол сайқалдың кесiрi
ғой. Болмаса осыншама бүлiнетiн бе едiк? — деп, Ақсақал кiжiне сөйледi.
— Апырмай, ә?
— Дәл солай. Ұрғашы деген бүгiнде елдi бүлдiрушi ғана болды ғой!
— Шынында да, сондай. Олар да бiр — әзәзiл де бiр. Iбiлiс қой шетiнен, — деп
Елмырза отқа май құя түстi. — Оны... өзi... олжа боп келген дей ме?
— Ол рас. Ана ағамыз қараулық жасап, сол олжасын бермей қойғасын, әкемiз өкпелеп
жүрдi. Мұның бұлайша асқынып кететiнiн кiм бiлген?
— Иә, бәрi де құдайдың iсi ғой. — Елмырза Ақсақалға тура қарады. — Ал, ендiгi гәп
былай. Мына Қожболат Тоғанақтың қайда отырғанын бiледi екен. Соны алдыңа сал да, тарта
бер. Әзiрге қасыңа менiң жiгiттерiмдi ерт. Мен соңыңнан жетем.
— Мақұл, — дедi Ақсақал құлшынып.
— Ендеше бөгелме! Мен Қазалыға барып, ана орыстың ұлығымен сөйлесiп қайтам. Ол
көптен берi шақырып жүр едi, қолым тимей, бара алмадым. Сояғынан Қызылға тартам.
Сойерде сенi тауып алам ғой.
— Онда келiстiк, — деп Ақсақал орнынан тұра бердi.
Ақсақал мен Төлеу Қожболатты алдына салып, Қызылға тартып кеткесiн, Елмырза он
шақты нөкерiмен Қазалыға беттедi. Ондағы ойы — ұлықтың қасында боп, мына жағдайды
алыстан байқап көру едi. Әрi бұл ертеңгi күнi өзiн жаманаттан қорғайын деп ойлап тапқан
бiр қулығы болатын. Оның үстiне өткендегi Мария Ивановнаның сүйрiктей ақ саусағы,
былқ-былқ еткен денесi, албыраған жұмсақ ернi есiнен бiр кетпей қойған-ды. “Бәлкiм,
кездесудiң тағы бiр ретi түсiп қалар”, — деген есек дәмемен, ол жол үстiнде өз-өзiнен
күлiмсiреп, асығыс жүрiп келе жатты.
25