Стр. 176 - Ulisel4tom

Упрощенная HTML-версия

175
Тоқым тыққан Қыстаубай батырға Ақсақалдың қол бастап, кек алам деп суыт жүрiп
кеткен хабары сол күнi жеттi. Сол екен, батыр қасына елу шақты жiгiт ертiп, Кекiрелiнiң
кезiнде отырған Тоғанаққа бармақшы боп, кiдiрмей жолға шықты да, астындағы сүйектi,
салалы атын шоқырақтатып отырып, Қызылдың iшiмен түскейге қарай суыт тартып кеттi.
Ол ертеңiне қас қарая, Жаңадарияны жайпақтау жерiнен кешiпөтiп, Кекiрелiге iргелес
жатқан Жаманшығанақта отырған Жәнiбектiң ауылына кеп құлады.
Оны Қыстаубайдың анадағыдан кейiн көрiп отырғаны осы. Жәнiбек қызмет қып,
батырды сыйлап, бiр малын сойдырды да тастады. Аздан соң ет пiсiп, шәй iшiлiп, қонақтар
кеуiлдене әңгiмелесiп отырды. Ақсақалдың бұдан бұрын жете алмасын iштей есептеп,бiлген
Қыстаубай жайбарақат отыр. Ол бiрде Жәнiбекке қарап:
— Сенi, iнiм, қажыға барып қайтты дейдi. Мұсылманның бес парызының бiрiн
орындаған екенсiң, — деп қойды.
— Құдаға шүкiршiлiк. — Жәнiбек бұған ойланап қарап отырып: — Қақа, жөн сұрамақ
қазақтың әзәлдан келе атқан бiр әдетi емес пе? Көктем шықпай жатып, қасыңызға жiгiт
ертiп, тартып бара жатқан жайыңызға таңғалып отырмын. Алыстан келер жаудың ретi жоқ.
Өз арамыздан табылар дұшпанның және жөнi жоқ, — дедi.
— Оның рас, қарағым. Жақында Сәндiбектiң Табындардың ауылын шапқанын естiген
шығарсың. Иә, сол. Мiне, соның арты асқынғалы отыр. Ана Ақсақал кек алам деп, қол
жинап аттаныпты. Бағыты — Тоғанақтың ауылы сияқты. Мен соған араша түсейiн деп
асығып келем, — деп ол расын айтты.
— Не дейдi? — деп Жәнiбек шошып кеттi. — Тәкеннiң бұ йерге қатынасы не?
— Әлiмдер “Дөйт!” — деп ұран салып шауыпты. — Қыстаубай қабағын шытып, бiраз
отырды. — Ел арасына iрiткi кiрейiн десе, осындай болады. Өзiңнiң қисығыңды көрудiң
орнына, бiреудiң түзуiн қисық дейтiн замана туып келе ме қалай? Бұрын бiр сөзге тоқтаушы
едiк. Кәзiр о қайда? — Ол күрсiнiп қойды.
— Адамзат азғындар кезде бiр-бiрi сырттан аңдушы көп болады делiнген ғой ескi
кiтаптарда. Сол заман қашық та емес-ау. Қанаттас отырған ел едiк, бiр әйелге бола
қырылысқаны жарамады, — дедi Жәнiбек батырға кесенi алып берiп жатып.
Аздан кейiн ет келдi. Ұзақ жолдан келген жiгiттер үнсiз отырып, еттi сиырып жедi.
Сорпа iшiп болғасын, Қыстаубай бата қып, бетiн сипап жатып:
— Жәнiбек қарағым, жас болғаныңмен, бiлгенiң көп. Бiз деген қара күшке сенiп,
қолымызға найза ұстағаннан басқа дәнеменi көрген жоқпыз. Батырдың ажалы дүзде деп
бұрынғылар айтушы едi. Мен әлi де тиыш табар емеспiн. Ана Ақсақал жас емес пе, ашу
үстiнде кәтелiк жасап тастар деп қорқып отырмын. Ұлықсат болса, жүрсем дейiм, — дедi.
— Қақа-ау, мына жетi қараңғы түнде ме?
— Батырға күндiзден түн жақсы. Асықпасам болмас.
— Мұндай жағдайда не деуге болады? Алладан ұлықсат, — дедi Жәнiбек оған қарап.
Қыстаубай орнынан тұрып, сыртқа шықты. Бiр жiгiт алдына көлденеңдеп тарта берген
атына мiндi. Сосын Жәнiбекпен қош айтысып, Қызылдың кезiне қарай тартып бердi.
Мамыр айы болса да, түн салқын едi. Аспанда бiр-екi жұлдыз ғана түу алыстан
болмашы жылтырайды. Өлараның кезi болғасын ба, айнала тастай қараңғы. Сонда да батыр
адасып кетемiн демей, Темiрқазықты оң жағына ұстай отырып, сылқытып тарта бердi.
Соңынан ерген жiгiттерi үнсiз келедi. Талай жорықты атақты батырмен бiрге өткiзген олар
жетi қараңғы түнде де оның еш адастырмай, көздеген жерiнен тура шығатынын бiлетiн. Осы
жолы да батырға ештеңе айта қоймады. Бәрi де оның iзiнен үн-түнсiз ерiп келедi.
Олар түн ортасы ауғанша еш жерге кiдiрместен тартты да отырды. Шолпан жұлдыз туа
бiр араға кеп, көз шырымын алысты. Бiр сағаттай уақыт өтер-өтпестен олар қайтадан
аттарына қонды. Қыстаубай ендi жiтi жүрiп келе жатып, Кекiрелiнi танып, батырдың
ауылының онша қашық емес екенiн бiле қойды. Қатты жүрген олар бiр арада қаптай
жайылған қалың жылқыға кездестi. Жылқышылар бұларды көрiп, мал айдайтын ұрылар десе
керек, үрпиiсiп қалды. Қыстаубай оларға айғайлай сөйлеп, қорықпа деп, қастарына кеп жөн
сұрады. Бұлар Жабағы байдың жылқышылары екен. Iшiндегi ең үлкенi Тоғанақ батырдың
отырған жерiн дәл сiлтеп жiбердi. Олармен қоштасып, Қыстаубай тағы да жүрiп бердi. Ет
пiсiрiмдей уақыттан соң таң себезден атып келе жатты. Бұлар алда тұрған бiр аласалау
төбенiң басына шыға келгенде, ойда отырған қараүй көрiндi. Маңайында шашырап
жайылып жүрген азын-аулақ мал бар. Иттер бұларды көрiп, әупiлдеп үре бастады.
Қыстаубай жiгiттерiн қара төбенiң ойына тастап, өзi қасына бiр жiгiттi ертiп, ойдағы
қараүйге бармақшы болды:
— Сендер осы йерде тұрыңдар. Мен барып келейiн.
— Сонда... қалай? — дедi атқосшысы.
— Оның iж қалайы жоқ. Бәрiмiз сау етiп барсақ, бы-ылай...ыңғайсыз болар. Әуелi өзiм
барып, мән-жайды айтайын. Сосын... ретiне қарай көре жатамыз да...
— Бұ да дұрыс екен...